«Аялаған Астана» шығармашылық байқауы дарынды балалардың бір шоғырын қалыптастырып үлгерді. Өйткені жас жеткіншектер байқауда сахна өнерінің нағыз майталмандарынан тәлім алып, қай бағытта ән шырқауға әлеуетті екенін білді. Негізі, республикалық балалар байқауы 2 кезеңнен тұрады. Әуелі балауса әншілер аймақтардан іріктеліп, кейін ақтық кезеңге жолдама алады. Байқауда 8 бен 12 жас аралығындағы балалар эстрадалық-вокалдық жанрда өнер көрсетіп, бақ сынайды.
Байқаудың тұсауы 2013 жылы кесілсе, содан беріге дейін 9 мәрте үздіктерді анықтады. Жобаға қатысып, бақ сынаған талантты жас әншілердің алды бүгінде халықаралық фестивальдерде өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленген. Бір сөзбен айтқанда, «Аялаған Астана» балғындардың халықаралық ән байқауларында өнер көрсетуіне жол ашты. Жеңімпаздар көшін 2013 жылы Болат Батырбаев бастаса, кейін Мұхамедәли Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жанел Сәдуақас, Әмина Жапар, Балнұр Хизирова, Аружан Ардақ, Айғаным Амантай сынды үздіктер жалғады. Байқаудың шығармашылық шеберханасын көрген өзге де қатысушылар балауса шағынан елге танылып үлгерді.
Гала-концерттің қоюшы режиссері Саян Мырза елорда күніне арналған концертке дайындық барысында басқа байқаудың лауреттарын шақыруға ниеттенгенін айтты.
– Биыл музыкалық телевизиялық байқауға – 10 жыл. Біз осы гала-концертте әр жылдардағы қатысушыларды, оның ішінде жеңімпаздарды жинауға тырыстық. Бүгінгі концертте Ержан Мақсұм өнер көрсетті, бірақ ол конкурстың қатысушысы емес. Қатысушылардың арасында әнші Садраддин де бар. Биыл да еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас таланттарды жинап, елордаға шақырдық. Міне, Елорда күнінде талантты жастарымыз қала тұрғындары мен қонақтарына әуелетіп ән шырқады, дейді С.Мырза.
Мерекелік концертте «Аялаған Астана» байқауының жеңімпаз, жүлдегерлері ән шырқағанын айттық. Олардың қай-қайсысы да бірінен-бірі қалыспайтын өрендер. Өйткені байқауға қатысқан балғындар шоу бизнестің танымал мамандарымен жұмыс істеді. Халықаралық байқауларда топ жарды. Айта кетейік, бұл жоба он жылдың ішінде көптеген балдырғанның бағын ашып, үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік сыйлады. Ашық аспан астында ұйымдастырылған гала-концертте жас әншілер «Аялаған Астана» байқауына тегіннен-тегін қатыспағанын тағы бір мәрте делелдеді.