Туризм • 04 Шілде, 2023

Мемлекет басшысы «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынды

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық болып саналатынын айтты, деп хабарлайды  Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынды

Мемлекет басшысы былтырдан бастап Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілгенін еске салып, бұл шара ШЫҰ мемлекеттері арасындағы туризмді дамытуға ықпал еткенін тілге тиек етті. Осы тұста Президент Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынды.

«ШЫҰ-ның кең байтақ кеңістігі – Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі. Ал мәдениеттердің біртұтастығын айшықтайтын бірегей «Шанхай рухы» – оның баға жетпес құндылығы. Ортақ идеалдарымыз бен құндылықтарымызды әлемге дәйекті түрде дәріптеу маңызды. Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.