Мемлекет басшысының бұл тұжырымы – қазіргі кезде ономастика саласында қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеудің нәтижесінде дер кезінде қабылданған әрі көпшілік көкейіндегіні дөп басқан шешім. Себебі аталған салада әркім «өз бетінше түйе айдап» жүргені, кейбір қолында билігі мен байлығы бар ағайындардың айрықша атсалысуымен «қолдан жасалған тарихи қаһармандардың» көпшілік енді ғана естіп жатқан есімдерін көшелер мен елді мекендерге беру «дәстүрі» әлі де жалғасып келе жатқаны белгілі. Осы орайда Президент: «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет», деп нақты да нығарлай айтты. Бұған қоса, қолданыстағы заңнама, әсіресе еліміздің теріскей өңірлерінде ономастиканың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге мүмкіндік бермей тұрғаны анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы ұсынғандай, ономастика саласындағы келеңсіз көріністердің түп-тамырына түпкілікті балта шабу және ұзақ жылдар бойы түйіні тарқатылмай келе жатқан маңызды проблемаларды шешу үшін бұл іс кешенді де дәйекті түрде бір орталықтан атқарылғаны жөн.
Әрине, еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында ономастика саласында сең орнынан қозғалғандай серпіліс жасалып, бірталай іс тындырылғанын бекерге шығаруға болмайды. Елді мекендер мен көшелердің жаңа заман талабына сай келмейтін атауларының бірсыпырасы өзгертіліп, қазақшаланды. Соның ішінде кеңес заманында коммунистік идеология ерекше үстемдік құрған солтүстік және шығыс өңірлер – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар ауданы мен қаласының коммунистік атаулары ауыстырылды. Әйткенмен, бұл іс кейін заңнаманың өзгертілуіне байланысты тығырыққа тіреліп, көптеген елді мекеннің патшалық отарлау және кеңестік тың көтеру кезінде берілген ескі атаулары әлі күнге сақталып қалып отыр. Бұл – бізді ойландыратын да, опындыратын да жағдай. Себебі кейінгі жылдары көршілес Ресейдің кейбір саясаткерсымақтары Қазақстанның теріскей өңірлеріне қатысты «сыйға берілген орыс жерлері» деген сандырақ пікірді қоғамдық санаға сіңіруге тырысып, көпе-көрінеу арандаушылық әрекетке барып жүр. Солтүстік облыстардағы елді мекендердің орысша атаулары – олардың арам пиғылды саяси ойынында «көзір» екені сөзсіз. Мәселен, бірде атышулы Владимир Жириновский пойызбен Ресейдің Оңтүстік-Орал теміржолына қарайтын Петропавл стансасына келгенінде перронға шығып, вокзалдың маңдайшасындағы «Петропавл» деген жазуға қарап: «Міне, бұл дұрыс!» деп сүйсініп, қолын шапалақтапты. Ал Омбы облысындағы Есілкөл стансасына келгенінде «Исилкуль» деген жазуды көріп: «Мынау атау дұрыс емес, дереу өзгерту керек!», деп бұлқан-талқан болыпты.
Омбы қаласында тұратын бір қандасымыз бертінде жеңіл көлігімен Петропавл қаласындағы туыстарына қонаққа келе жатып, жолда кездескен елді мекендердің атауларына назар аударғанында жағасын ұстағанын айтқан еді. Өйткені Омбыдан Қазақстанның мемлекеттік шекарасына жеткенше қазақ-түркі тіліндегі көне атаулар жиі кездескен де, біздің ел аумағында Булаево, Полудино, Николаевка, Явленка, Заречное, Новоникольское болып, жалғаса берген. Бұл патша заманы мен кеңес өкіметі тұсында қазақ жеріне қоныс аударылған адамдар қазығын қаққан елді мекендерге тек орыс тіліндегі атаулар қойылғандығын, ал Ресей аумағындағы қазақ және түркі атаулары сақталып қалғандығын көрсетеді.
Теріскей өңірлердегі елді мекендердің ескі атауларының әлі түгел ауыстырылмауының екі себебі бар. Біріншісі – жергілікті билік пен зиялы қауымның немқұрайдылығы мен табансыздығы. Мысалы, Солтүстік Қазақстанның Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылының тұрғындары осыдан он жылдай бұрын елді мекен атауын Болашақ деп өзгерту үшін жиналыс өткізіп, көпшілік дауыспен келісім берген. Өкінішке қарай, тіпті Чапаевода тұрмайтын бір беделді кәсіпкердің қарсылығына бола, бұрынғы облыс әкімі мен төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары заңды негізде шешіліп тұрған мәселені кейінге шегеріп, ақыры аяқсыз қалдырды. Соның салдарынан ел ішінде неше түрлі анекдоттың кейіпкеріне айналған қызыл командирдің тегі ауыл атауында әлі күнге ардақталып тұрғаны әрлі-берлі ағылған жолаушылардың езулеріне келекелі күлкі үйіртіп тұр.
Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласының құрамына кіретін Красный яр ауылы тұрғындарының көбі – қазақтар. Сөйте тұра, осы ауыл атауы әлі күнге қазақшаланған жоқ. Ал осы өңірдегі Щучинск қаласының атауын жергілікті зиялы ағайындар «Абылай хан қаласы» деп өзгертуге күш салып жатқанынан хабардармыз. Бірақ Абылай хан есімін аудандық маңыздағы шағын қаладан гөрі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласына берген лайықтырақ емес пе? Сол шаһарда хан бабамыздың Ақ үйінің алдында арғымағына мініп тұрған ескерткіші де бар ғой. Бұл мәселе де Астанадағы бір орталықта мұқият ойластырылып шешілсе, құба-құп.
Елді мекендер атауларының өзгертілмеуінің екінші себебі – қолданыстағы заңнамада. Өйткені бір кезде ономастика мәселелерін жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар елді мекендер тұрғындарының пікірін сұрамай-ақ, өздері бірлесіп шеше-тін. Мұның аяғы қазағы қалың өңірлерде шенеуніктер мен оларға ықпалы жүретін бай-бағландардың «атасының атына – ауыл, көкесінің атына – көше беруіне» әкеліп соққаны мәлім. Осыған орай, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ауыстыру үшін тиісті аумақ халқының пікірін сұрау міндеттелді. Алайда бұл өзгеріс солтүстік өңірлердегі орыстілді тұрғындар көбірек қоныстанған елді мекендердің күні өткен атауларын жаңартуда үлкен кедергі тудырып отыр. Шынтуайтында, мұндай елді мекендер атауларын өзгерту үшін тұрғындар жиналысын өткізіп, оларды өзара пікірсайысқа түсіріп, екіге жару этносаралық татулыққа сызат түсіретін теріс факторға айналды. Ономастика саласында бітпес дауға бастаған «Дайрабайдың көк сиыры», міне, осы болып тұр. Демек, ономастика саласындағы түйіндерді тарқату үшін аталған заңды қайтадан қарау керек. Сөйтіп, Ата заңда Қазақстан – байырғы қазақ жерiнде құрылған, біртұтас мемлекет екені атап көрсетілгенін ескере отырып, ономастика мәселелерін бір орталықтан шешу шараларын заңдастыру қажет.