Мультимедиа • 04 Шілде, 2023

Цифрлық журналистика: сын мен сенім

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде мамандардың бір бөлігі цифрландыру дәуірінде журналистика жаңа сапаға көтерілуде десе, енді бірі адамзат­тың цифрлық жаңалықтарға сенімсіздігі артқанын айтады. Тап осы мәселені он екі жыл бойы зерттеп келе жатқан Оксфорд университеті мен «Reuters» журналистика институты жыл сайын «Цифрлық жаңалықтар есебін» жариялап отырады.

Цифрлық журналистика: сын мен сенім

Сарапшылар биылғы басылым аясында 46 елден дерек жинап, сауалдама өткізіп, жаңа дәуір журналистикасына ғылыми баға берген. Әлемнің әр аймағында халықтың жаңалықтарға деген сенімі мен сын-талабы әркелкі екендігі ойландырады.

Бұл зерттеу ғалымдардың «BBC» және «Google жаңалық­тар бастамасы» секілді халықара­лық медиа алыптарын ғана емес, әр аймақтың жергілікті медиа құрылымдарын да осы жұмысқа жұмылдырғанымен ерекше көзге түседі. Нәтижесінде, әр аймаққа, әр буынға тән журналистика тренд­тері анықталған, медиа мен демократия қағидаттары арасындағы байланыс секілді әлеуметтік-саяси үрдістерге шо­лу жасалған.

Зерттеу көрсеткендей, адам­дардың көбі жаңалықты қа­рауға немесе тыңдауға қарағанда оқығанды жөн көретіні байқалған. Өйткені мәтін әлдеқайда қол­жетімді және оқиғаны әрмен қа­­рай зерттеуге мүмкіндік бе­ре­ді. Дегенмен Филиппин, Үн­діс­­тан және Тайландта бейне­жаңа­лықтарға сұраныс көбірек екені анықталды.

Зерттеу деректеріне сүйен­сек, қазір аудиторияның ыс­тық ықыласына бөленіп жүр­ген цифрлық арналар әр көрермен­нің немесе оқырманның қызы­ғушылықтарына сай жаңалық көрсетіп отырады. Бұл дегеніміз – сіздің қай жаңалыққа басымдық беру керегіңізді шешетін алгоритм. Сауалдама нәтижелері көрсеткендей, адамдардың 30 пайызы алгоритмнің мұндай қызмет көрсетуіне қарсылық білдірмейді. Ал респонденттердің 27 пайызы әлі де журналис­тер мен редакторлардың өзі жаңа­лықтар ретін белгілеуі керек деп есептейді.

Әлеуметтік желілер мен алгоритм дәуірінде адамның назарына, уақытына талас орнағаны сөзсіз. Бір жағынан, бұл үрдістің медиа ортадағы жаңа «нормаға» айналғаны алаңдатса, екінші жағынан, жаңалық оқу арқылы саяси белсенділік танытудың азайғаны да сұрақ тудырады. Мысалы, жаңалықты әлеуметтік желілерден, вебсайттардан немесе мобильді қолданбалардан оқитын қауымның тек 22 па­йызы оқығанын бөлісіп, пікір қалдырып, саяси өмірге араласады. Мұндай азаматтардың көбіне жоғары білімді, өзінің партиялық таңдауына берік және сол саяси партияның тұрақты ядролық электоратына жататыны мамандардың қызығушылығын тудыруда.

Цифрлық жаңалықтарға се­німнің төмендеуі – маңызды фактор. Биыл әлем халқының 40 пайызы ғана цифрлық журна­листикаға сенім білдіретіні анық­талған. Цифрлық медиаға ең көп сенім білдіретін Финляндия азаматтары болып шықты. Олардың көрсеткіші – 69, ал ең төмен сенім деңгейіне ие ел Грекия 19 пайыз жинаған. Айта кету керек, соңғы уақытта Грекия қоғамында баспасөз бостандығы мен медиа тәуелсіздігі туралы қызу талқы жүріп жатыр.

Жаңалықтардан саналы түр­де бас тартатын адамдар әлем халқының 36 пайызын құрайды екен. Бұл азаматтар позитивті немесе нақты шешім ұсынатын жаңалықтар оқуға бейім. Олар күн тәртібіндегі өзекті жаңалықтарға қызықпай, өздеріне маңызды ақ­па­ратқа көңіл аударады. Мы­­салы, жаңалық қарамауға ты­ры­сатындардың 39%-ы Ре­сей-Украина соғысы туралы ақ­парат алудан бас тартады. Аза­­мат­тардың 30%-ы қылмыс та­қы­рыбындағы жаңалықтарды оқы­мауға тырысады.

Демек, халықты ақпараттан­дыруда әлеуметтік желінің дәс­түр­лі медианы алмастыруы кү­мән тудырады. Теледидар және баспасөзден бөлек, әлеуметтік желінің өзі азаматтардың саяси хабардарлығын айтар­лық­тай арттыра алмай келеді. Бұл үрдістің салдары келешекте тереңдетілген зерттеуді қажет ететіні анық.

 

Айдана АМАЛБЕКОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы