Пікір • 06 Шілде, 2023

Жаңа ғасыр қаласы

376 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Рас, Астананы елдің орталығына көшіру мәселесіне халық алғашында көп мән берген жоқ. Көп адам мұны талқылаудың кезі келген жоқ деп санаса, кейбіреулер тіпті қажет емес десті.

Жаңа ғасыр қаласы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Дегенмен 1992-1993 жыл­дары бұл пікір Президент Әкімшілігі­нің тиісті құрылымдары мен кейбір мемлекеттік органдардың тарапы­нан терең зерделе­ніп, астананы Ақмолаға көшірудің мүм­кін­діктері талқыланып, тәуелсіз мемлекет астанасының жаңа қыр­лары нақтылана түсті. Осы жұмыс­тардың нәтижесінде аталған жос­пар бірінші рет Президент жа­нындағы Ұлттық кеңестің 1993 жыл­ғы 15 маусымындағы отырысын­да жария етілді. Артынша, 1994 жыл­дың шілде айында Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы кеңесі 13-ша­қы­рылымының І сессиясында ел астанасын көшіру туралы мәселе ресми түрде күн тәртібіне шы­ғарылды.

Жаңа астанаға ерекше талаптар қо­йылғандығы да анық. Алдымен рес­публиканың астанасын орналастырар ең оңтайлы жерін анықтау міндеті тұрды. Осы тұрғыда еліміздің күллі аумағы егжей-тегжей тексерілгені де белгілі. Ақы­рында таңдау Ақмолаға түсті. Ен­де­ше, бұл шешімді аяқ астынан асы­ғыс жасалған қадам деуге бола қой­мас. Әрине, сол кездің өзінде аймақтық қаладан астана жасап, ескірген, тұруға ыңғайсыздау үй­лер, дамымаған инфрақұрылым мен тех­нологиялық жағынан заман та­ла­бынан қалып қойған өнер­кәсіпті бір сәтте қайта құру оңайға соқпайтыны түсінікті еді.

Астананы Ақмолаға көшіру елде патриоттық рухты көтеріп, ха­лықты тәуел­сіздікті қорғап, оны ны­ғайтуға ба­ғытталған жасампаздық жолына түсіру үшін қажырлы еңбек етуге шақыру болды. 1994 жыл­ғы 6 шілдесінде Жоғарғы кеңестің арнайы қаулысы қабылда­нып, мем­­лекеттің астанасын Ақмола қа­ла­сына көшіру туралы мәселе қол­­дау тап­ты. Ал 1995 жылғы 15 қыр­­күйекте Жо­ғарғы кеңестің осы қаулысына сәйкес «Қазақстан Рес­публикасының астанасы туралы» заңдық күшке ие Президенттің Жар­лығы шықты. Ақмола қаласы­на жоғарғы және орталық мемлекет­тік органдарды қайта орналастыру жұмы­сын ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссия құрылып, орталық мемлекеттік органдардың тізімі жасақталды. 1996 жылдың қарашасынан бастап Ақмолаға министрліктер қоныс аудара бастады. 1997 жылдың қараша-жел­тоқсан айларында қоныс аударушы мемлекеттік қызметшілердің алдыңғы тобы және бірінші легі Ақмолаға келіп жетті. Мем­лекеттік органдарды көшіру кезінде білік­ті, реформалауға бейімі бар жас ма­мандарға, әсіресе қазақ кадр­лары­ның қажет­тілігіне көңіл бө­лінді. Жаңа астана­ға мем­лекеттік би­лік нышандарының эта­лонда­ры жет­кізіліп, мемлекеттік басқару органдарының іске кірісуінің өзі кешегі облыс орталығының тұр­ғын­дарына зор жауапкершілік жүк­теді. Сөйтіп, 1997 жыл­дың 10 желтоқсанынан Ақмола қаласы Қазақ елінің жаңа астанасына айналды. Осы күннен бастап халықтың тағдыры үшін өмірлік маңызы бар ше­шімдер қабылдана бастады.

Астананың географиялық орта­лықта ыңғайлы орналасуы мем­ле­кеттік басқа­ру жүйесін оңтай­ландыруға мүмкін­дік туғызып, ор­­талық биліктің аймақтық проб­­лемаларға жақындай түсуі елдің ішкі проблемаларын мемлекеттің геосаяси мүддесі тұрғысынан шешуге мүмкіндік ашып берді. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде елдің әл-ауқаты өсіп, халықтың рухани-мәдени тұрғыда дамуымен қатар Астана қазақтың мақтанышы болып, аймақтардағы басқа қалаларымыз бой түзейтін жасампаздықтың үлгісіне айнал­ды. Сонымен бірге Қазақстанның астанасын көшіруді ешкім бір күндік іс деп қараған емес. Өйткені ол жос­пар­лы түрде жүргізілетін күрделі және жауапты үдеріс еді. Айта кету керек, сол кездегі облыстың ор­та­лығы болған аймақтық қаланың астаналық мәртебесін қысқа мерзімде қалыптастырып, келбетін өзгертудің өзі оңай шаруа болмады. Алда астаналық инфрақұрылым­ды жасақтау және оны түбегейлі қайта құру міндеті тұрды. Алматы­дан қоныс аударып келген мемлекет­тік органдарға лайықтап жаңа ғи­мараттар салу, тұрғын үй қорын көбейту қажет еді. Сондықтан салынып жатқан объектілердегі жұмыстың барысы, Ақмоланы сумен, электр қуа­тымен және та­ғы басқа қажетті нәрсе­лермен қам­­тамасыз ету мәселесі үнемі ба­қы­лауда болды. Осыдан болар аз уақытта көп жұмыс атқарылды, жалпы құры­лыстың барлығы қыс­қа мерзімде бітті. Құрылыстың қар­қынды дамуы бүкіл ел эконо­микасының өрісін кеңейтіп, жаңа елорда ірі транзит түйініне айнала бастады.

Осы үлкен істе арнайы құрылған комиссияның атқарған жұмысы жемісті болғандығын атап өткен де жөн. Ол Қазақстанның жаңа астанасының қалып­тасуына зор үлес қосты. Жөні­мен ұйым­дастырылған жұмыстың нәтиже­сінде ол түрлі құрылым, министрлік пен ведомстволардың жұмыстарын жедел түрде үйлестіре білді, тез арада шешуді талап ететін міндеттерді дер кезінде іске асырып отырды. Тіпті Алматы қаласын­да ор­на­ласқан шетелдердің дипло­матия­лық өкілдіктерін көшіру де ескерусіз қалмады. Олай болса, Қазақстанның жаңа елорда­сының – қазіргі Астананың негізі дәл сол кездері қаланды деп айтуға толық негіз бар. Жүйелі жұмыс арылы астананы көшіру барысында туындаған көп проблема еңсерілді. Қысқа мерзімде, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы іске асырылып, Астана Қазақстан­ның еркіндігі мен егемендігінің, оның жаң­ғыруының символына айналды. Мил­лионнан астам тұрғыны бар бас қала бүкіл елдің қатысуымен салынды, оның ірі инновациялық жоба ретінде іске асырылып, өркендеуіне рес­публиканың әрбір азаматы атсалысып, өз үлесін қосты.

Сонымен бірге Астана ірі өңір­лік орталыққа, отандық құрылыс индус­триясының дамуына қуатты серпін берді. Автожолдар, тұтас алғанда көлік саласы дамытушы әлеуетке ие болды, Астананы көшіру өндіргіш күштердің сыңар­жақ орналастырылуын жойып, облыстар арасындағы байланыстар күшей­ді. Инновация, ғылым, технологиялар, өңдеуші ауыл индустриясының жүйесі одан әрі кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, бүкіл елдің эко­номикалық белсенділігін арттыруға септігін тигізді. Астана еліміздің барлық өңірі үшін өнегеге болып, олар жаңа астанаға қарап өздерін жаңғыртуға кірісті. Елорда ел­дің экономикасының дамуына да муль­типликациялық әсер етіп, жаңғырту облыс орталықтарын ғана емес, қалалар мен аудандарды да қамтыды.

Бұл жаңа астананың рес­пуб­лика­­мыздың қоғамдық-саяси өмі­­рі­нің нақ­ты факторына айна­луына ба­ғыт­­тал­ған шаралар еді. Осылайша, Аста­на­ны салу іс жү­зінде жаңа мемлекет құру­мен қатар жүрді. Ол мемлекеттілікті орнату үде­рі­сін терең­детіп, тәуелсіздігіміздің қуат­­ты фак­торына айналды. Оның азамат­тары­мыздың отаншылдық рухын асқақ­тату­дағы маңызы да орасан. Жаңа астана мемлекеттік қызметкерлердің ұрпағын алмастырып, оның жаңа тол­қынын өңірлерден тартуға мүмкіндік бер­ді. Ұзақ­мерзімді стратегиялық жос­парлар да осында іске асырыла бастады. Өзгеріске дайын тұратын, өз өмірін басқа арнаға бұрып жіберуден қорықпайтын осындай адамдар өз болашақтарын өздері жасай бастады. Астананы ауыстыру бизнеске мол мүмкіндік ашты, адам ресурс­тарын дамытуға оңды жағдай тудырды.

Астана өмір сүруге, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы қалаға айналып келеді: дамыған инфрақұрылымы бар, қызмет орындарының көптігі жағынан ғана емес, мәдени демалыс тұрғысынан да әртүрлі мүмкіндікке ие қалаға айналды. Астаналық театрлар, кино­театрлар, концерт залдары, мейрамха­налар, сауда және ойын-сауық орта­лықтары, спорт алаңдары сан алуан та­лап-тілектерді қанағаттандыра алады. Бас қалада мәдениет пен өнерді, ғы­лым мен білімді дамытуға жағдай жа­салған. Осы тұста елорданы мә­дени-рухани, білім мен ғылымның орта­лығына айналдыру мәселесі әу бастан-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында болғандығын айта кеткен абзал. Астананы көшірмес бұрын-ақ театр мен филармонияларды инсти­тут пен консерваториялардың талант­ты түлектерімен толықтырудың маңыз­дылығына да ерекше назар аударылды. Астананың медициналық кластері мен спорт кешендерінің мазмұны мен кескін-келбеті де ерекше.

Астана архитектуралық қала құры­лысының дамуына да елеулі ықпал жасады. Ол жаңашыл сәулеттік және ланд­шафтық эстетиканың өнегесіне айналды. Бой көтеріп жатқан әр ғима­рат, монумент пен ескерткіштердің, мәде­ниет, дін, спорт, медицина және білім беру, сауда, ойын-сауық кешен­дерінің әрқайсысы­ның өзіндік орны бар. Астанада заманауи қалалық сәулетшілік-тұрмыстық мәдениеттің негізі қалыптасты. Бас қаланы салу барысында экологиялық мәсе­лелерді шешуде осы заманғы көз­қарас үлгісі қалыптасқаны да шындық. Астананың әсем саябақтары – қаланың әрі көркі, әрі тынысы. Қаланы жалпы аумағы 60 мың гектар болатын қалың «жасыл белдеу» қоршап-қорғап тұр. Қазір қала төңірегіндегі агро шеңберді дамытуға толық мүмкіндік бар.

Осының барлығы Астананың ха­лық­аралық маңызын өсіріп, еліміз туралы түсінікті өзгертті. Сондықтан Астана­ның 25 жылдығын атап өту барысында оның отандастарымыздың, әсіресе жастар­дың санасында тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, сая­си және жаңа мәде­ни-туристік орталығы ретіндегі ас­танасының жасампаздық рөлі туралы түсінікті бекітудің маңызы артуда. Елорда Қазақстанның өркендеп да­муының айғағы ретінде сыртқы саяси салада да жаһандық бастамалардың орталығына айналып, әртүрлі беделді халық­аралық жиындарды өткізудің алаңына айналды. Осы күндері Астана – шын мәніндегі маңызды мәселелердің түйткілдері шешілетін әлемдегі аса ірі саяси, мәдени, рухани орталықтың бірі. Мұнда бейбітшілік пен келісім тоғысып, бейбіт келіссөздер жүргізілуде. Елорда көптеген жаңа идея, көзқарас пен нақ­ты бағдарламалардың генераторы бола білді. Осының айқын дәлелі ретінде елдің бас қаласын мәдениеттер мен әлемдік діндер диалогінің астанасы деңгейіне көтергендігін айтса да жеткілікті шығар.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Мемлекет тарихы институтының
бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы