Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Асхат Шайхиевтің айтуынша, өтінімдер Plem.kz сайты арқылы қабылданып, басты назар жануардың аналық басының азығына аударылған.
«Былтыр 330 шаруашылыққа 702,6 млн теңге қаржы берілді. Оның ішінде 329 шаруа қожалыққа 619,1 млн теңге мал азығына кеткен шығынды өтеуге төленді. Әр жыл сайын бөлінген қаржыны иемденген азаматтар ауыл шаруашылығын дамытып, төрт түлік малдың көбеюіне үлесін қосып келеді. Әлі де бірнеше шаруа қожалықтарының өтініштерін қарау үстіндеміз. Өтінімдер қабылдау жүріп жатыр», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Шайхиев.
2023 жылы субсидия алғандардың бірі - Анар Дәулеткерей. Ол мемлекеттен 1 млн 474 мың теңге қаражат алып, жем-шөп сатып алу арқылы мал шаруасын дамытып келеді. Екінші жыл қатарынан субсидия алған Анар Дәулеткерей мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту үшін көп жағдай жасалғанын айтады.
«Бүгінде өзіммен бірге тағы 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекеттен берілетін субсидия жем-шөп сатып алып, кәсібімді әрі қарай дамытуға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Субсидия болмаса шаруашылықтарға өте қиын. Берілген қаражаттың арқасында түйе, жылқыларымыз қыстан аман-есен шығып, мал басын көбейтіп жатырмыз», дейді Анар Дәулеткерей.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін 3 кәсіпкер 15 миллион теңге грантқа ие болды. Олардың бірі ешкі сүтінен өнімдер өндіру арқылы халыққа пайдасын тигізсе, енді бірі қой-түйе жүнін пайдаға асырып, кәдесый дайындап жүр.
Ақторғын Өтесбай