Иә, Арқа төрінде бой көтерген ару Астана уақыт-ағзам ажарына белгі салған санаулы жылдың ішінде-ақ саяси-экономикалық бағыттың барометрі ғана емес, өнеріміз бен мәдениетімізге ұйытқы болар ұлтымыздың шын мәніндегі рухани өмірінің айнасына да айналып үлгерді. Жер жаһанның назарын өзіне бұрып, жыл сайын емес, ай сайын, тіпті күн сайын қанатын кеңге жайып, құлпырып, жайнап, ел егемендігімен бірге еңсесін тіктеп, ерке Есілмен егіз жасасқан бас қаламыздың баянды тарихы талай игі бастамалар мен ұлағатты оқиғалардың себепшісі һәм дәнекершісі болып келеді.
Бас қала десе, бүгінде ең бірінші ойға оралатын орынның бірі – «Астана Опера» театры. Биыл тарихына 10 жыл толтырып отырған бекзат өнер бесігі шын мәнінде Астанамыздың алтын тәжіндей. 2003 жылы ашылған Орталық Азиядағы ең ірі театр әлемдік сәулеттің үздік дәстүрлерін ескере отырып салынған архитектуралық та, мазмұндық та тұрғыдан талғампаздықтың тамаша үлгісін паш етеді. Әсем ғимаратта талантты орындаушылардың пәрменімен өмірге келген туындылар әлемнің түкпір-түкпірін мойындатып, Астана ғана емес, күллі Қазақстанның атағын жаһанға мәшһүр етіп келеді. Ұлттық жауһарлардан бастап әлемдік классикаға дейін репертуарын түрлендірген үздік туындылар – классикалық қойылымдардың құндылығын қарыштатқан өнердің тамаша табысы. Сондықтан болса керек, бас қалаға жолы түскен туристер мен шетелдік қонақтардың «Астана Операға» соқпай кететіні сирек. «Астана Операны» бас шаһардың мәдени бренді десек, титтей де артық бағалағандығымыз емес.
«Астана Операмен» егіз жасасып келе жатқан «Астана Балет» театрының да биыл 10 жылдық мерейтойы. Басқала тойымен тұспа-тұс келген сұлулық сарайының мерейтойлық маусымы һәм шығармашылық жетістіктері – елорда мәдениетінің мерейі.
«Астана Балет» театры 2012 жылы құрылып, алғашқы қойылымы 2013 жылдың шілде айында көрерменімен қауышты. Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық шедеврлермен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады. Ал ұжым өнер көрсететін негізгі алаң – «Астана Балет» театры 2016 жылдың желтоқсан айында ашылды. Заманауи жабдықталған техника мен үздік үлгідегі сахна, 783 орындық көрермен залы халықтың бекзат өнерден рухани ләззат алуына қалтқысыз қызмет етуде.
Әлемдік архитектураның озық тәжірибелеріне сүйене отырып салынған театрда сахнаны трансформациялау үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Ал жарық беру кешенінде дәстүрлі театрлық қондырғы жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, «Астана Балет» театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтарға зор мүмкіндік беріп, батыл әрі бірегей идеяларын жүзеге асыруына жарқын жол ашып берді.
Елордада бой көтеріп, екі жыл бұрын заманауи жабдықталған су жаңа театрда кезекті маусымының шымылдығын түрген Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының да бас шаһар мәдениетінің кемелденуіне сіңіріп жатқан еңбегі ерен.
Астананың төрінен орын алып, қала сұлулығына сұлулық үстеген ғимараттың жалпы ауданы – 28 мың шаршы метр. Мұнда 645 орындық үлкен зал, 202 орындық камералық зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы орналасқан. Бүгінде театр басшылығы да жас мамандармен толығып, театр директоры лауазымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті менеджер Айболат Жаудыр, театрдың көркемдік жетекшісі жауапты қызметіне, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев тағайындалды.
Күні кеше ғана маусым жабар премьерасын табысты өткізген театр ұжымының «Жошы хан» қойылымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп тамашалады. Талантты труппа өнеріне тәнті болған Президент: «Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын, деп шығармашылық ұжымға ризашылығын білдіріп, өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ұлттық өнерді өрге сүйреп жүрген театрдың ұлттық мәртебеге ие болуы – қала күні қарсаңында ұжымға жасалған тамаша тарту болғаны сөзсіз.
Бас қала тудырған өнердің тағы бір жауһары – Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры. Осыдан тура 16 жыл бұрын бой көтерген жасампаз театрдың тағылымды тарихын елорда тағдырымен тең өруіміз тегін емес. 2007 жылдың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармаларының желісі бойынша жасалған «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түрген театрдың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі Астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді. Сарыарқаның төрінде жаңашыл бағыттағы Жастар театрының бой көтеруі елорда халқын мол рухани құндылықтармен сусындатып қана қоймай, еліміздің бас шаһарында жетіліп келе жатқан жастардың дүниетанымы мен пайым-парасатын дамытып, жеткіншектердің мәдени-эстетикалық талғамын қалыптастыру жолында да зор септігін тигізді. Заманның даму барысы мен бағытына қарай, жасөспірімдердің көркемдік танымының кеңейіп, жүректерін ұлттық тәрбиемен сусындатудағы Жастар театрының соңғы 16 жыл көлемінде сіңірген еңбегі ересен.
Жастар театрының өкшесін басып, бас қаланың рухани өмірін кемелдендіруге қызмет ету бағытында ашылған «Астана мюзикл», Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театры мен Жас көрермендердің музыкалық театры да талғам үдесінен шығып, аз ғана уақыттың ішінде Астананың мәдени өмірінің барометіріне айналып үлгергеніне уақыт-ағзам куә. Аталған театрлар репертуарында жүріп жатқан «Абай», «Біржан-Сара», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ревизор», «Асауға тұсау», «Ромео-Жульетта», «Гамлет», «Гауһартас», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Боранды бекет» сынды сан жанр мен отандық һәм ғаламдық драматургтер шығармашылығын сәтті сөйлеткен қойылымдар елорда қонақтары мен қала тұрғындарының рухани кемелденуіне қалтқысыз қызмет етіп, талғамын қалыптастыруға зор еңбегін сіңіріп келеді. Бұл да болса бас қаламыздың ширек ғасыр ішінде жүзеге асырған сәтті саяси шешімдері мен табысты жобаларының жарқын мысалы. Бас қала төрінде бой көтерген еңселі театрлар – Арқаның айшықты ажары!