Елорда • 09 Шілде, 2023

Есіл бойындағы ескі қала: Бозоқтың өткені мен бүгіні

323 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа ас­тана тақыр жер, тайғақ өлкеде ғайыптан пайда болған жоқ. Оған дәлел – елорданың батысы Үркер шағын ауданының сол­түстік қапталында орна­ласқан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік, ортағасырлық қыпшақ, кейінгі Алтын Орда ке­зеңін бастан өткерген, яғни даладағы қала мәде­ние­тінің үлгісі іспеттес әрі сонымен қатар бүгінгі Аста­намыздың іргетасы екені толық дәлелденді.

Есіл бойындағы ескі қала: Бозоқтың өткені мен бүгіні

Бұл нысан 1820 жылы Ресей импе­раторлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған орыс кен инженері Иван Шан­гиннің күнделігі арқылы таныс. Осын­дағы күнделікте, «Есіл-Нұра бо­йын­да Бозоқ атты көлдің жаға­сын­да көне қоныстың орны бар» де­лінген.

Қалашыққа алғаш рет 1999 жылы зерттеу жүргізген танымал археолог Кемел Ақышев: «Бұл қоныс VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейінгі ара­лықта, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен сау­дасын бақылайтын қыпшақтар қонысы болды» деген пайым жасаса, ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қала құрылысының тарихи хронологиясын анықтады. Ондағы қоры­тынды бойынша: «VI ғасырда ежелгі түркілер қуатты әскери мемлекет құрып, Өтукен даласынан батысқа қарай Дунайға көшкен кезде (VII ғасыр) бұл орынға қалашық тұрғызған» деген болжам айтылуда. Яғни бұл қалашық кер­уен жолдары түйі­сінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын маңызды орын ретінде өмір сүрген. Бұған қазба кезінде табылған: стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстар қалдығы, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактілер дәлел.

чс

Аталған нысанға Есіл ста­цио­нарлық археологиялық экспе­диция жетекшісі Марал Хаб­дулина басқарып жүргізген археологиялық зерттеулер қор­ы­тындысы бойынша, Бұзықты кө­лінің шығыс жағалауында қоныс тепкен қалашықтың негізі құ­рылымы – 65 х 55 метр аумақты қамтыған, жалпы, көрінісі үш жа­пырақты гүл тәріздес үш бө­ліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекініс тереңдігі – 2-3, ені 3-5 метр болатын ормен қоршалып, сыртқы жа­ғынан шикі кірпішпен қамал-қабырға тұрғызылған. Бұл қамал-қабырға табанының қа­лыңдығы шамамен – 8, үстіңгі жағының ені – 5, биіктігі 2-3 метр болғаны жайлы археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.

Сондай-ақ қалашықтың не­гізгі элементі – солтүстік ала­ңы. Оның ішкі платформасы ормен қоршалған. Көлемі 35 x 35 шаршы метр. Алаң барлық жағынан тығыз жабылып, ежелгі қонысқа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағында орналасқан. Қалашықтың композициялық жағдайы мен дизайн ерекшелік­теріне назар аударған адам – солтүстік алаң күллі бекіністің өзегі екенін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмысы жасалып, төменгі қабатынан ерте ортағасырлық ғибадатхананың қалдықтары және адамның қаңқасы табылды. Қалашықтың келесі бөлігі оңтүстік алаң болса, оның ені – 3, тереңдігі 0,8-1 метр ормен қор­шалған және платформасында қос қақпаның сорабы сақталған, үшінші бөлік шығыс алаңы ішкі пайдалануға арналған.

Сонымен қатар мұнда аумағы 1000 х 300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған дихан­шылық кәсіп аймағы анықталып отыр. Суару құрылымы негізгі арнадан, бірінші, екінші тарат­қыштардан және валиктер жүйе­сінен тұрған. Негізгі арна Бұ­зықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені – 1, тереңдігі 0,3 метр. Бұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде игеруімен құнды. Қоймалар көктемгі тасқын кезінде суға толады. Жазда қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған.

мс

Зерттеушілердің пайымдауы бо­йынша, X ғасырда бұл жерге қыпшақ тайпалары өз қаған­дары үшін резиденция тұрғызған дейді. Өйткені бұл мекен гео­стратегиялық тұрғыдан Са­ры­ар­қаның кіндігі солтүстік Сі­бір бассейні: Есіл, Сілеті, Ші­дерті, Нұра, Сарысу өзендері тар­мағында орналасқан. Яғни Бозоқ қалашығы – еуразиялық кеңістікті игеру жолындағы қыпшақтардың алғашқы ордасы.

Ескерткіштің келесі кезеңі XIII-XIV ғасырларға жатады. Бұл – Алтын Орда дәуірі. Бұл ке­зеңге хронологиялық тұрғыдан қазба барысында анықталған тұрғын үйлер мен кірпіш күй­діретін пештер жатқызылып отыр. Сонымен қатар қорымдағы сәу­лет нысандарының әртүрлілігі (күйдірілген кірпіштен жасалған тікбұрышты кесенелер) ис­ламның далалық аймақтарда таралуының алғашқы кезеңін айғақтайды. Оның сыртында, ескерткіштің солтүстік шетінде орналасқан көпкамералы тұрғын үйлер XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың ортасына тән. Тұрғын үйлерді бұлай жоспарлау аналогі еліміздің оңтүстігі мен Орта Азия сәулет өнерінде кездеседі. Әр бөлмеде биіктігі – 20-40 см, ені 0,8-1,0 м болатын U тәрізді сазды суфалар мен мұр­жасы бар кірпіштен жасалған қабыр­ғаға бекітілген ошақ орна­ласқан. Қабырғаларға тауашалар салынған. Тұрғын үйлер бөл­месінде керамика сынықтары, темірден жасалған заттар, тас диірмендер, балық сүйектерінен жасалған моншақтар табылып отыр.

«Ең бастысы, Бозоқ қала­шы­ғы – Қазақстанның дала­лық аймағының алғашқы орта­ғасыр­лық, соның ішінде шы­ғыс Дешті-Қыпшақтың дала аймақ­тарын исламдастырудың ерекшеліктерін анықтауға мүм­кіндік беріп отыр», дейді музей-қорықтың ғылыми хатшысы Ай­нагүл Ғаниева ханым.

Қазіргі таңда елорда ірге­сіндегі ежелгі қоныс, ескі жұрт­қа далалықтардың Еуразия кеңіс­тігінде қалдырған ізі деген тарихи баға беріліп, бұл идеяны орнық­тыру мақсатында, аталған мекеме қалашық аумағына Ұлы Дала мәде­ниетінің жиынтығы іспеттес «Аспанасты музей» ашу ісімен айналысып жатыр.

Тарқатып айтар болсақ, ««Мә­­дени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы негізінде 2004 жылы Бозоқ қалашығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми форум өтті. Форумның қорытындысы бо­йынша қарары қабылданды, қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп, алғаш рет ескерткіш материал­дары Еуразияның ғылыми архео­логиялық кеңістігіне енді. Сөйтіп, «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негізінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақ­тырақ айтқанда, аспанасты му­зейін құру жоспарланған болатын. Басты мақсат – ата-ба­баларымыздың жетістіктерін бейнелейтін музей-қорықтың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсаулық функциялары ма­ңыз­ды болатын сапалы жаңа форматты жанды музейін құру. Яғни көне қалашыққа жүр­гізілген археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астында ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміздегі ежелгі және ортағасырлық ста­ционарлық ескерткіштерді қал­пына келтіру, нақтырақ айт­қан­да, ежелгі дәуір кезеңдерін бейнелейтін аспанасты музей құру. Мұндай музейлер әлемдік тәжірибеде бар. Қазіргі таңда елімізде 240-тан аса музей болса, олардың 12-сі қорық-музей есебінде. Бұл барлық музейдің 5 пайызын құрайды. Республика бойынша қазірге дейін бірде-бір республикалық мәртебесі бар археологиялық және этно­гра­фия­лық бейінді музей жоқ. Осы сұранысты қанағаттандыруға Бозоқ ескерт­кіш кешені сұранып тұр», дейді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қоры­ғының басшысы Сәуле Бөкейханқызы.

Келесі кезекте, болашақта құ­рылуға тиіс аспанасты музейі­нің стационарлық құрамы, яғни бөлшек нысандары қандай болады дегенге тоқталсақ: қазіргі жос­пар бойынша, аспанасты музей аумағында Археологиялық парк, музей-ғимараты, отбасылық демалыс орталықтары, балаларға арналған жасөспірімдер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базарлары, қолөнер шеберханалары, тақырыптық дәмханалар, шайхана, алма бақтары болады.

Соның ішінде Археологиялық саябақ – Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихында отандық және шетелдік ғалым­дардың зерттеулеріне негіз­дел­ген нәти­желер бойынша жасалмақ. Сонымен қатар бұл жерде энеолит кезеңіне тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұрғызылады. Бұл – тас дәуірінен металл өңдеуге дейінгі технологиялық серпіліс кезеңі мен жылқы өсіру мәдениеті дәуірін әйгілемек. Айналып келгенде, нысанның барлығы аса үлкен 412 га аумақты алып жатқан Археологиялық саябақты құрайды.

Бұл саябақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асырудың плат­­формасына айналуға тиіс. Одан кейін сақ кезеңіне тән елі­міздегі археологиялық ескерт­кіштер: Қызылорда облысы жерін­дегі Бәбіш мола нысаны қал­пына келтіріледі. Одан соң қала инфрақұрылымының метал­лургиялық көрсеткіштері, Атасу-1, Мыржық, Семиозерное, Талдысай-1 т.б. шеберханалар эксперименттік археология әдісі бойынша қайта жаңғыртылмақ.

Ғұндар қонысының еуразия­лық үлгісі ретінде: қорғаныс, стационарлық және жылжыма­лы үйлер, ғибадатханалар т.б. нысандар салынса, ежелгі түркі мәдениетінің жазбаша және архео­логиялық дереккөздерін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Соның ішінде қаған сарай кешені, тұрғын үйлер, қолөнершілер орамы, монша, петроглифтер тізбегін орналастыру көзделіп отыр. Қазақ хандығы дәуіріндегі орталықтар – Сауран, Сығанақ, Сарайшық және Түркістан қалаларын зерттеу барысында ашылған нысандар қатарынан Сапар орталығы осында салынады.

Бұйыртса, алдағы жылдары инновациялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қала­шы­ғы еліміздің туристік карта­сында тартымды мәдени инфра­құ­рылым ретінде танымал бо­лады. Нәти­жесінде, Бозоқ мәдениеті – елор­да­ның туристік брендіне айналады.