Шаруашылық • 10 Шілде, 2023

Балық та байлық білгенге

260 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көгілдір Көкшетау мен сулы-нулы Қорғалжын аумағында мыңнан астам көл бар. Мамандардың сараптауына қарағанда, осынау айдын шалқарлардың 536-да балық шаруашылығын дамытуға әбден болады.

Балық та байлық білгенге

Алдымен балық шаруашылығын дамытуға мейлінше мән беріліп отыр­ғандығын айта кетуіміз керек. Есіл об­лысаралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевтың айтуына қарағанда, арнайы бағдарлама аясында дернәсіл алуға, балық жемімен қамтамасыз етуге субсидия қарастырылған. Көлдердегі балық қорын көбейту мақсатында сәуір-мамыр айларында ақбалық пен тұқының дернәсілі су айдындарына жіберілген. Шамамен 15 миллион дана  төңірегінде. Бұл жұмыс жалғасуда. Ақ айдынды тайдай тулаған балықпен толықтырумен бірге, әсем табиғатты аялап, келер ұр­пақтың кәдесіне жарату жағынан да айта қаларлықтай тындырымды шаруа атқарылып келеді.

Мәселен, «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акция­сы аясында 45 тонна қоқыс шығарылып, 124 дана тыйым салынған балық аулау құралдары бейберекет шашылып жатқан жерінен жиналып алынған. Осы арада замандастарымыздың тамаша табиғаттың қорғаны болсам деген ыстық ықыласы туралы да айта кетуге болар. Мә­селен, осы акцияға 683 адам қа­тысса, олардың қатарындағы ақысыз, пұлсыз жұмыс істейтін еріктілер де аз емес көрінеді. Асылында, мұндай акцияларды ұйымдастырудағы басты мақсат – балық ресурсының био­логиялық әртүрлілігін сақтау, әрі мүмкіндігінше ұлғайту. Оған қоса, ен байлыққа суық қолын сұғатын браконьерлердің жолын кесу. Көрікті өңірдің кеудесіне таққан бір шөкім жақұт сияқты күн нұрымен шағылысып, жалт-жұлт етіп жатқан су айдын­да­рының экологиялық жағ­дайын жақсарту. 2021-2030 жылдары облыстағы балық ша­руашылығын дамыту бағдарламасын орындау аясында 6 конкурстың қоры­тындысы бойынша мем­лекеттік тізілім порталы арқылы балық ша­руашылығын ұйымдастыру үшін 40 шарт жасалыпты. Міне, осындай ілкімді істің үдесінен шыққан кезде 2030 жылдың соңына дейін тауарлы балық өндіру көлемін он мың тоннаға дейін ұлғайту жос­парлануда. Облыста өткен жылы тауарлы балық өсіру көлемі 953 тоннаға жетті. Бұл бағыттағы жос­пар асыра орындалды. Осы арада мемлекеттің демеуі туралы да ай­та кетуіміз керек.  Балық өсіру ша­руашылықтарына 132 миллио­н 532 теңге бағытталды.

Бұл тарапта жағымды жаңа­лық та аз емес. Бурабай ауда­нындағы Ақылбай кентінде орналасқан «Биосфера fish» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тестігі бұл өңірде бұрын-соң­­ды кездесе қоймаған форель ша­руа­шылығын ұйымдастыруға ниеттеніп отыр. Серіктестік ди­­ректорының орынбасары Па­­вел Стадниковтың айтуына қарағанда, кешенде жұмыс іс­тейтін қызметкерлер Қазан, Рос­тов, Санкт-Петербург қала­ларында форель балығын өсіру­дің, шаруашылықты ұйым­дастырудың қыр-сырын оқып, үйреніп қайтыпты. Алғашқы форель уылдырығы Франциядан жеткізілген. Әр жыл сайын бес тонна шамасында форель өн­дірсе, кейін толық қуатына енген кезде өнім көлемі 40-45 тон­наға жеткізілмек. Сөз арасында Бурабайдағы форель өсіру алғашқы инвестициялық жоба екенін айта кетуіміз керек. Ке­шенді салып шығуға 360 миллион теңге шамасында жеке инвестиция тартылған. Бұл тарапта да мемлекеттің қолдауы қомақты. Айталық, салынған қаржының 25 пайызы қайтарылады. Көп-көрім демеу емес пе? Целиноград ауда­нындағы Аққайың ауылында «Посейдон» серіктестігі де дәл осындай балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Со­ны жоба іске асырылған кезде жылына 100 тоннаға жуық форель мен бекіре өсіруге мүмкіндік тумақ. Осындай бағалы балықтар көбейсе, Көкшенің көгілдір көл­дері жалпақ жұрттың игілігіне айналары сөзсіз.

– Қол жеткізген табыспен қатар, қиындық туралы да айта кетуіміз керек,  дейді Нығмет Амангелдіұлы, – Көкшетау көл­дерінің негізінен жазық далалық және таулы қыратты жерлерде орналасқаны белгілі. Сон­дықтан да, далалық көлдер­дің басым бөлігі тайыз болып келеді. Біздің жақта қыс өте суық. Тайыз көлдер табанына дейін қатып қалады да, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бермейді. Негізінде көлге ие болу керек. Әйтп­есе, ие­сіз көлге браконьерлер әуес болады. Ел тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы жылдарынан бері бұл бағытта бірқатар шаруа ат­қа­рылған. Қазіргі заңнама бойынша балық өсіруге қолайлы су айдындары бес жылдан 49 жылға дейін жалға беріледі. Жалға алушылардың міндеті де зор. Алдымен балық шаруашылығын дамыту жоспарын жасауы керек. Көл суын сараптамадан өткізіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сала мамандарымен келісімшарт жасалады. Қыста айдынның мұ­зын ойып, балыққа қажетті от­тегін жібереді. Ал жаз айында көл жа­ғалауындағы бейберекет өс­кен қамысты  тазартуы қажет.

Инспекция басшысының ай­туына қарағанда, мемлекет тара­пынан көрсетіліп жатқан қамқорлық қомақты. Жалға алушылар бес түрлі субсидия алып отыр. Тіпті балық ауруын емдеу­ге дәрі-дәрмек алса, жұмсалған қа­ражаттың қақ жартысы қай­тарылады екен. Бұл жайды тәптіштеп жазып отырғанымыз, оқырман қауымның игіліктің қай тарапта екенін білгені жөн. Қазір ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ағайын іргедегі көлкіген көлдің берекенің бастауы екенін білсе, нар тәуекел деп осы шаруаны қолға алса, жақсы емес пе?!     

Терең айдындардың өзінің тағдыры қыл үстінде. Кейбір деректерге қарағанда, бұрынғы Көкшетау облысының аумағында 1960 жылдары 1 515 көл болған көрінеді. Оның 1 320-сы суы тұщы шалқарлар екен. Бүгінгі таңда осы көлдердің қаншасы «кәрі көлге» айналғанын нақты айту қиын. Экожүйе бұзылғалы шағын көлдер тартылып, мүлде жоғалып кетті. Кейбірі адам қо­лынан жасалған қиянаттан тайызданып, балық түгіл бақа өрістемейтін батпаққа айналды. Осы кесапаттың көпшілігі кешегі кеңес заманында орын алды. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары егістік жерлердің көлемін көбейту қажет деген жоспардың желеуімен жал­пақ жондағы көлді темір құр­саудай қаумалап жыртып тастады. Жыртылған аңыздан көл­ге нәр беретін қар суы өте ал­май­тын болды. Қоректендіру болма­ғаннан кейін жиналған судың жаз айларында 60-70 пайыз­ы буға айналып рәсуа болып, көлкіген көл біткен Көкшенің қырларынан жоғала бастады. Бұл тараптағы ғалымдардың айтуларына қа­рағанда, ағын су жиналатын аумақ неғұрлым кең, үлкен болуы керек. Табиғи су жолдары да жабылмауға тиісті. Ал судың ащы, тұщы болуы қоршаған ортаның  физикалық-химиялық және биологиялық әсерінен.

Балық бағып игілігін көріп отырғандар аз емес. Мәселен, әкелі-балалы Шишкиндер Сан­дықтау, Зеренді, Атбасар аудан­дарының аумағындағы төрт тоғанды жалға алған. Челябинск қаласындағы балық тұқымдарын өсіретін зауыттан 15 миллион мөңке балығының шабағын әкеліп, әлгі тоғандарға жіберген. Қазір балықтың 7-8 түрі өсіп-өнуде. Бір кезде қараусыз жат­қан тоғанға бүгінде ат басын бұ­рушылар аз емес. Осы игілікті жер иелері де көруі керек емес пе? Балық шаруашылығын дамыту азық-түлік молшылығына септігін тигізумен қатар, туризм саласына да оң әсерін тигізеді. Оның ең қызықтысы, спорттық әуесқой балық аулау. Бүгінгі таңда Нұра, Есіл өзендерінің бо­йында халық демалатын арнайы орындар жасақталуда. Бір жағы демалыс, екіншіден спорт. Ендігі бір тарап өндірістік бағыт. Балық бәсін бағалап, ғы­лыммен ұштастыра дамытса, өнім мөлшері әлдеқайда артар еді. Әзірге біздің пайымдауымызша, жетіспей жатқаны да осы.

Инспекция қызметкерлері жалға берілген көлдерді бақылап, табиғатқа жанашырлық жасау­да. Инспекция басшысының ай­туына қарағанда, ең басты мәселе – балықтың түрін әрі санын көбейту. Сонда ғана көрікті өңір­дің көркі ашылмақ.

 

Ақмола облысы