Бірінші отырыс былтыр ұлт ұясы Ұлытауда өткен болатын. Келесі отырыс Атырау облысындағы әйгілі тарихи орын Сарайшықта өтетінінен хабардар болдық. Осының бәрі сөз бен істің үндестігі, біртіндеп ілгерілеудің нақты харекеті екені анық. Құрылтайға таңдалған мекендерге қарап-ақ ұлттық рухани түлеудің басталғанын аңғарамыз. Ұлттық рух пен елдік намыстың көтерілуі бәрінен маңызды. «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз, Ертең кім боламыз?» деген сұрақтарға жауап беру мемлекеттік идеологияға тікелей қатысты. Қазақстан – Алтын орданың заңды мұрагері. Жошы ханнан Кенесары ханға дейінгі алты ғасыр – біздің даңқты тарихымыз. Соңғы отарланудың үш ғасырын басымыздан өткізсек те, тарих мың жерден бұрмаланса да, оның арғы жағындағы шындықты ешкім өшіріп тастай алмайды.
«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасат пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді. Құрметке ие болады», деді Президент Ұлттық құрылтайда.
Кейінгі отыз жылда жіберген қателіктердің бір парасы билікте адал адамдардың аздығына байланысты болды. Өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын, өз мүддесін бірінші орынға қоятын пайдакүнем, парақор, жемқор пенделердің кесірінен көптеген қиындыққа кезіктік. Сол үшінде Мемлекет басшысы осы тақырыпқа арнайы салмақ сала отырып атап көрсетті. Бұл нашар әдет, кеулеген жұлынқұрт, меңдеткен дерт қайдан жабысты? Арысы үш ғасырға жуық, берісі соңғы жетпіс жылда санамызға күштеп сіңірілген жат мінез, жаман пиғылдың салдары. Құлдық психологияның айқын көрінісі. Отаршыл, әміршіл жүйе өз дегенін істеді. Қаймақтарымыз құрбандыққа шалынып, халық қалжыраған күй кешті. Менталитет өзгеріп, ұлттық жадымыз әлсіреді.
«Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен өзі үшін жасауға тиіс», деді Президент. Анау социализм кезеңінен қалыптасқан бір жаман әдет бар. Әрбір істі науқанға айналдырамыз да, соның есесіне жоғарыдан, әлде басқа біреулерден мақтау естуді күтеміз. Міне, осы дағдымызды дөп басқан Президент қоғамға нақты диагноз қойып отыр. Осы орайда, қандай әрекетті болсын ұлт пен мемлекеттің пайдасы үшін жасауға тиіспіз. Сонда ғана нәтиже шығады.
Мемлекет басшысы баяндамасында сегіз тақырып бойынша ой қозғады. Сол арқылы әр мәселеге нақты тоқталып, оның көрінісін, салдарын, түзету жолдарын ұсынды. Бірінші, мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Екінші, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Үшініші, біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Төртінші, өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе. Бесінші, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Алтыншы, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Жетінші, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Сегізінші, қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты сын-пікірлер туралы.
Мен жетпіс жылға жуық шығармашылықпен айналысып келемін. Сондықтан өзіме таныс, барынша жақын мәселеге байланысты ой өрбіткенді жөн санаймын. Тәуелсіздікті алған отыз жылдың бедеріне қарайтын болсақ, көптеген игі шаруа атқарылып, ел өмірінде үлкен өзгеріс байқалды. Ел экономикасына, саяси реформаға назар аударылды. Дей тұрғанмен, руханиятымыз тоқырап, құлдырады. Тіпті кешегі кеңес одағы кезіндегі бар жағдайымыздан айырылып қалдық. Нақтылап айтсақ, ақын-жазушылардың еңбектенуіне, тың туындыларды өмірге әкелуіне, жарыққа шығаруына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Олардың жазғаны елеусіз қалды, табан ет, маңдай теріне қаламақы берілмеді. Кітап басып шығару мен тарату жолдары жабылып, тұйыққа тірелді. Соның салдарынан «Балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп», жазушылар беделінен айырылды. Міне, осынау қисыны кетіп, қиюуы қашып тұрған салаға жан бітіп, қан тарайтындай қозғау салынып жатқанына қуанамын.
Мәдениет – рухани өрлеуге жол ашатын шамшырақ. «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы сөйлемдердің астарында көп нәрсе жатыр. Кітап мәселесіне назар аударып, кемшін тұсты да көрсетті.
Сондай-ақ Әділетті Қазақстанды құруға бүкіл қоғам болып жұмылуды ұсынды. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыру қажет. Пиғыл өзгермесе, ештеңе өзгермейді. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тарихын жазуға тапсырма берді. Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеудің маңызына тоқталды. Міне, аталған нәрселердің бәрі өнердің, руханияттың айналасында болып отыр. Материалдық байлық пен рухани байлық адам баласы үшін құстың қос қанатындай. Біреуі кем болса, қанаты сынған құс секілді жерден көтеріле алмайды. Қарным тойсын деп тәннің азығын көксеп кетсек, жанымыз жүдеп, жасып қалады. Жан дүниесі кедей адамның келешегі де бұлыңғыр.
Адал азаматты тәрбиелеу – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлудің басы. Ал адалдық – құтты қоғамның темірқазығы іспетті. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Отаншылдық – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды таза ұста. Еңбектің жаманы жоқ. Президент «Еңбек адамының мәртебесін көтеру керек. Еңбек күніне орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтау керек» деп бәрін біліп, таразыға салып, өлшеп айтып отыр. Соңғы отыз жылда оқу-білімге көңіл бөлінді. Осы салада көптеген реформа жасалды. Мемлекеттік оқу орындарымен қатар жекеменшік оқу орындары, сандаған білім орталығы ашылды. Бұның пайдалы жағымен бірге, залалды тұстары да көрінді. Ондай мекемелер оқушылардың білімді болуына, ҰБТ-дан сүрінбей өтуге, олимпиадалардан жүлде алуға бағытталды да, баланың ішкі әлеміне, тәрбиесіне назар аудармады. Соның салдарынан қабілетті балалар кім үшін оқып жүргенін, алған білімін кімге арнаудың керек екенін білмейді. Олардың көбі оқу бітірген соң шетелдерде қалуға тырысады. Отанға, елге, ұлтқа қызмет етуді мақсат етпейді. Бұған екі себеп бар. Бірі – ұрпақтың тәрбиесіз білім алуы. Екінші, таланттылар мен дарындыларды қадірлеуге жүйе құлықсыздық танытты. Жүздеген, мыңдаған ұшқыр ойлы, озық білімді жас іздеусіз, сұраусыз қалды. Соның көбі күнкөрісті күйттеп, мамандығына келмейтін жан бағыстың қамымен кетті.
«Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген Президент кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы қажет екенін атап өтті.
Бұл – қаламгерлерді серпілтетін, сергітетін сөз. Қаламгердің еңбегі мүлде басқа. Диқан жермен, шаруа малмен, кәсіпкер тауармен жұмыс істейді. Ал жазушы қаламын ескек етіп, ақ қағаздың айдынында жүзеді. Ақыл-ой еңбегінің соңында көзінің майын тамызып жазады. Басымызды қосып отырған «Қазақстан Жазушылар одағы» деген қоғамдық негіздегі ұйымымыз бар. Бірақ әр кездегі саясат пен биліктің ықпалына еріп, кейде олай, кейде былай болып, көсіле алмай көлеңкеде қалған кезі көп. Зиялы қауымның серкелері жиналған жазушылар одағына білікті басшы болу аздық етеді. Одақты қолдайтын, дем беретін, ондағы ақыл кенін қазуға, озық ойларды алға шығаруға жол қоятын көреген көсем, жетілдіріп отыратын билік тармақтары қажет. Сонда ғана жазушылар жайланып отырып жазуға, еңбектерінің жемісін жеуге мүмкіндік туады.
«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деді Қ.Тоқаев.
Президент Жазушылар одағының жаңа басшысы Мереке Құлкеновтің атын атап, үлкен міндет артып, зор сенім білдіріп отыр. Осылайша, мыңға жуық қаламгерге үмітпен қарап, еңбектеріне лайықты құрмет жасалатынын аңғартты. Бір кезде жазушыға марапат, еңбегіне баға ретінде беріліп келген «Халық жазушысы» деген атақ алынып тасталған болатын. Енді, міне, сол мәртебе қалпына келмек. Бұл Мемлекет басшысының еңбекті бағалауы дер едік. Тағы бір жағынан өзінің қаламгер отбасында өмірге келгенін, өнерді бағалайтын әділдігін әйгілеп тұр.
Біртұтас қазақ әдебиетінің ішінде туысқан түркі әдебиеті де қамтылады. Еліміздегі ұйғыр әдебиеті де соның қатарында. Отандық әдебиеттің бір арнасы саналады. Міне, менің жетпіс жылдық жазушылық сапарымда екі халықтың әдебиетіне ортақ қызмет жасап келемін. Университетте оқып жүргенімде академик жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алдым. Ұстаздарымның дені қазақ ұлтының өкілдері болды. Одан кейін де шығармашылығымда «Жалғыз Жалбыз», «Нұр Ана», «Шарбақ», «Йәр академиги» секілді романдарымның кейіпкерлері – ұйғырлар мен қазақтар. Қайсыбір еңбегімді айтсам да ұлттар достығы мен туысқандыққа негізделеді. Міне, Президент сөзінен қазақпен қанаттас жасап келе жатқан ұйғыр әдебиетіне де көңіл бөлінетінін естіп қатты риза болып отырмын. Өзбекте «Қазақтан жолдасың болса, жолда қалмайсың» деген мақал бар. Сол сияқты ұйғырлар «Қазақтан көршің болса, ұйқың тыныш болады» дейді.
Әдебиеттегі жанрларға тоқталсақ, қоғамға ең қажеттісі, ең маңыздысы – балалар әдебиеті. Баланы, ұрпақты ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр. Алдынғы буын белден асады, соңғы буын ентелеп жетеді. Елдің ендігі иесі солар. Сондықтан ұрпақ сабақтастығын мұқият түрде үзіп алмай жалғап отыруға тиіспіз. Адамзаттың ұшан-теңіз мол білімін, жинақталған тәжірибесін соңымыздан келе жатқан жастарға үйретуіміз керек. Сол үшін еліміздегі балалар басылымына үйлесімді қолдау керек. Оқулықпен ғана шектелмей, балаларға арналған газет-журналдарға жазылғаны дұрыс. Мектепте газет-журнал оқымаған бала, есейгенде ешқашан кітаппен дос бола алмайды. Ұстаздар, ата-аналар әр кез қолдап, мәселенің жеңіл шешілуін ойластырған абзал. Тіпті мемлекет қолдап, балалар басылымдарына көмек берсе артық етпейді.
Ахметжан АШИРИ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері