Елорда • 10 Шілде, 2023

Астанадағы алыптар сайысы

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда күнінде көпшілік «Толағай» алыптар сайысын тамашалады. Дуы басым додаға ел біріншілігінде, әлем чемпионатында өнер көрсетіп жүрген спортшылар қатысты. Яғни топқа түс­кен жауырыны қақпақтай саңлақтардың қай-қайсысы да жүл­деден үмітті еді. Бәйгенің аты бәй­ге болған соң, үздіктерден қара үзіп шық­қан оғландар топ жарды.

Астанадағы алыптар сайысы

Алыптар сайысының ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бай­кен, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дәулет Тұрлыханов, Қазыбек Иса, са­йыс­тың өтуіне бастамашы болған Темір Спатай сөз сөйлеп, топқа түскен 15 жігітке табыс тіледі.

– Елорда күні қарсаңында қалада мәдени-спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі «Толағай» сайысы – соның жалғасы. Алыптар сайысы – саламатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жоба былтыр Жетісу облысының Жаркент қаласында ұйымдастырылған еді. Алыптар сайысы елорда төрінде алғаш рет өткізіліп отыр. Әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ бабамыздың ізін жалғаған нар тұлға­лы дарабоздарды танытатын жобаның жаңғы­руы – біз үшін үлкен жаңалық. Сондықтан бұл жоба дәстүрлі түрде өтетін сайыстар­дың қатарына қосылсын дейміз. Алыптар сайысында кіл мықтылар дара шықсын,– деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Білектілер сайыстың 5 түрі бойынша сынға түсті. Әуелі дарабоздар 1 минутта 141 кило тас­ты 10 метр қашықтыққа апаруға бекінді. Яғни мұн­да жұп-жұмыр тасты кім алыс қашыққа апар­са, сол – жеңімпаз. Екінші, 10 кило найза­ны 10 метр қашықтыққа лақтырудан сынасты. Үшін­­ші, 130 килолық бөренені иыққа асып, оты­рып-тұруға тиіс болды. Төртінші, көлемі 1,5 метр темірді желкеге қойып, қолмен майыс­ты­руы керек. Ережеге сай, білектілер соңғы са­йыста жарты тонналық арбаны 1 минутта мей­лінше ұзаққа сүйреуге тырысты. Алыптар сайы­сын бас төреші Еркін Мұқашұлы бастаған қазы­лар ба­ға­лады. Әрине, тартысты турнирді тама­ша­лауға келген көпшілік қазақ күресі, қол күре­­сінің шеберлері және зілтемір көтеруден шы­ныққан оғландар жекелеген сайыстарда алдына қара салмайды деп топшыласа керек. Алайда аламанның ерекшелігі сол, тек бес сайыс бо­йынша топ жарғандар ғана жүлделі болды.

Сонымен, жарыс қорытындысы бойын­ша Арыс қаласынан келген Азамат Мақұл­беков алдына қара салмай, көш бастады. Еске салайық, Азамат осыған дейін Сұлтан Бай­барыстың 800 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған алыптар сайысын­да күміс жүлдені еншілеген. Жеңімпаз 1 млн теңге ақшалай сыйлық иемденді. Екін­­ші орын Қонаев қаласының спортшы­сы Фаид Теңізбаевқа бұйырып, ол 600 мың теңге қаржылай сыйлық алды. Фаид­тің де сайыстан хабары барын, осы­ған де­йін Қонаев қаласында өткен алып­тар ­сайы­сында топ жарғанын айта кеткеніміз ләзім. Үздік үштікті Шымкент қаласының тумасы Нұрғиса Әділетұлы түйіндеп, 400 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. Біл­сеңіздер, Нұрғиса да қаражаяу емес, ол – ауыр атле­тикадан ел­дің еңбек сіңірген спорт шебері, әлем, Азия чем­пионатының жүлдегері.