Елорда • 11 Шілде, 2023

Астананың «Байқоңыры»

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл ширек ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан елорданың Байқоңыр ауданына 5 жыл толып отыр. Санаулы жылда ауданның даму жоспары жүйеленіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті нығая түскені белгілі. Күні кеше «Астана» концерт залында осыған орай салтанатты кеш өтіп, ауданның гүлденуіне үлес қосып жүрген кәсіби мамандар, еңбек адамдары марапатталды.

Астананың «Байқоңыры»

Өткенге сәл шегініп, осыдан бес жыл бұрын аудан құрылған кезеңге тоқталайық. Әрине, әуелі ауданның аумағы нақтыланды. Кейіннен аудан әкімінің аппараты бекіп, жарты жылда ондағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер айқындалып, жоба-жос­пар нақтыланған. Кейінгісі белгілі, бюджеттік бағдарламалар тартылып, аудан бірнеше бағытта дами бастады.

о

Мерекелік кештің ашылуында қонақтар ел егемендік алған жылдары және беріде Байқоңыр ауданы құрылған тұста басшылық қызметте болған аға буынның бейнежазбасын тамашалады. Аудан құрылар сәттің куәсі болып, даму жолында еңбек еткен ел ағаларының лебізі «аудан одан әрі гүлдене берсін, өркендесін» деген сипаттағы тілекпен ұштасты.

Байқоңыр ауданы қа­ла­лық мәсли­хат­тың шешімімен 2018 жылдың 26 ақпанда құрылған-ды. Сол тұстан күні бүгінге дейін ауданның әр бұрышында құрылыс нысандары көбейіп, абаттандырумен қатар, инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстан бір сәтке де үзілмеген екен. «Байқоңырда» қолға алынған осы және өзге де жұмыстарға аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев та аз-кем тоқталып, аудан халқын құттықтады.

– Ең алдымен баршаңызды еңселі елордамыздың мерейлі 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Дәл осы бас қаламыздың бір бөлігінен орын тепкен Байқоңыр ауданы үшін де биыл айшықты жыл. Тарих қойнауында қалған – ғарыш астанасының атын иемденген жас ауданға биыл 5 жыл толып отыр. Сырт көзге қас-қағым сәт се­кіл­ді көрінгенімен, осы 5 жылдың ішін­де жас аудан бойын тіктеп үлгерді. Бүгінде аудан халқының саны 240 мыңға жетті. Осы жылдар ішінде аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар мен берекелі бастамалар іске асты. Осы күнге дейін ауданда 188 аула (барлығы 239 аула) кешенді абаттандырылып, 107 аула ағымдағы жөндеуден өтті. 32 қоғамдық кеңістік пен сквер ашылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз айтқандай, осы жетістіктеріміз берекелі бірлігіміз бен бірлесе атқарған еңбектің нәтижесі. Ауданның дамуы мен көркеюі осындағы тұрғындарға тікелей байланысты. Осы ретте ауданымыздың белсенді тұрғындарының арқасында көптеген түйткілді мәселелер түбегейлі шешімін тауып келеді. Сол себепті бір шаңырақ астында ауданымыздың дамуына үлестерін қосып, әрбір ісімізге қолдау көрсетіп келе жатқан белсенді тұрғындарына зор алғысымды білдіремін, – деп жылы лебізін білдірді аудан басшысы.

Осыдан соң Астана қаласы Ардагер­лер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов Байқоңыр ауданының алтын құр­сақты аналарына Алтын және Күміс алқа төсбелгілерін табыстады. Ізінше, ауданның алғашқы әкімі, бүгінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Ермекұлы «Байқоңырдың» білікті мамандарын қала әкімі Жеңіс Қасымбектің және қалалық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады. Оның ішінде құқық қорғау, медицина, білім, коммуналдық шаруашылық қызметте және өзге де салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Одан кейін Ерлан Жаулыбаев Байқоңыр ауданының меценаттарын, белсенді азаматтарын марапаттады. Салтанатты іс-шарадан кейін аудан тұрғындары мен қонақтары өнер май­тал­мандарының мерекелік концертін тамашалады.