Туризм • 12 Шілде, 2023

Тұралаған туризм қайтсе жанданады?

363 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жыл бұрын халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумында: «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуға тиіс» деп айтқан еді. Содан бергі өткен уақытта не істелді, не қойылды?

Тұралаған туризм қайтсе жанданады?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Сол форум жұмысында Президент: «Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын ха­лықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пай­­даланып отыр. Ал ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шет­­елдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», деп нақты тапсырма берген еді. Бұдан кейін ауқымды жұмыс атқарылып, Жошы хан кешені пайда­лануға берілді. Бірақ бұл кешеннің де күрмеулі тұс­тары бар­шылық.

Бұл туралы «Кешен күрмеуін шешу керек» («EQ», 30 мамыр, 2023 жыл) деген мақаламызда шым-шымдап жеткізген едік. Кешенді көруге қызығушылық көп. Алайда жол жағдайы өте нашар, шаң, тозаң... Көліктің доңғалағына да обал. Демалыс емес, қиналысқа түскен турист қандай пікірмен қайтатыны айтпаса да белгілі. Рас, жол салынып жатыр, бірақ биыл емес, келесі жылы ғана бітеді. Жошы хан кешенін жоспарлаған кезде «Ертең ел мұнда қандай жолмен келеді? Кешен құрылысымен қатар жолды да дұрыстайық» деп іске кіріскенде, ендігі жұртшылық жайлы жолмен жүйткітіп барып-келіп жатқан болар еді. Жол республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Осыған байланыс­ты қазір көптің көкейінде бір күдік пен бір үміт бар. Күдігі – әлдебір себеппен қаржыландыру тоқтап қалмаса екен дегенге тіреледі. Үміті – республикалық бюджет болғасын жол құрылысы қаржыдан тапшылық тартпайды дегенге келеді. Ләйім, жақсыға үміттенейік.

Туризмді дамыту үшін жайлы жол қандай керек болса, үзіліссіз байланыс та сондай қажет. Аттың жалында, түйенің қомында жүре беретін баяғының заманы емес, уақытқа сай қызмет көрсетілмесе болмайды. Ұлытау өңіріндегі байланыстың жай-күйі қалай? «Аудан орталығынан 4-5 шақырым жердегі демалыс аймағында ұялы байланыс жоқ» дегенге сенесіз бе, жоқ па? Әрине, сенбейсіз. Бірақ ақиқаты солай. Байланыс операторы кәсіпкер азаматқа «Егер 500 мың теңгеңізді төлесеңіз, байланыс таратқышты сізге қарай бұрып беруге болады» дейтін көрінеді. Мәселе осылай шешіле ме? Ешқандай бұрусыз-ақ аудан территориясын ұялы байланыс­пен­ толық қамтитын жағдай неге жасалмайды? Осындай сұрағымызға «қазір адамдардың көпшілігі байланысы жоқ жер­лерге барып демалғысы келеді» дей­тін жауап естігенде, бұл мәселемен еш­кім­нің айналысқысы келмейтінін түсін­ген­дей болдық. Жамандық шақыр­ған­дай бол­масақ та, «аяқ астынан дәрігер кө­ме­гі­ керек болып қалса қайтеміз?» де­ген сұра­ғы­мызға қандай жауап болар екен?..

­Облыста туризмнің тұралап тұрғаны –  дау тудырмайтын ақиқат. Мұны Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы­ Ғазиз Төле­уов­­тің өзі де іштей мойындауға тиісті. Өйт­кені облыста сырттан келетін турис­тер­ді әуежайдан немесе теміржол вокзалынан, автобус сапаржайларынан аяғын жерге тигізбей күтіп алып, баратын жеріне апарып, қалтқысыз қызмет көрсетіп, көңілін тоқ, өкпе-ренішін жоқ қылып, кері шығарып салумен айналысатын тым құрығанда бір туристік агенттік жоқ. Осындай жағдайда туризм дамып жатыр деудің қандай реті бар? Туристік операторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру қызметі облыстың өзінде шешіледі. Бірақ осы уақытқа дейін бұған бірде-бір өтінім түспеген көрінеді. Аталған басқарма осындай туроператордың құрылуына мүдделілік танытып, кәсіп­керлерді соған тарта білуі керек қой. Бұл ретте олардың «ешқандай өтінім түскен жоқ» деп жайбарақаттылыққа салынуы түсініксіз. Тек бұл ретте ғана емес.

Елімізде туризм саласын дамытуға бағыт­талған жобаларға бірнеше мемле­­кет­тік қолдау көзделген. Айта­лық, кәсіпкерлік субъектілерінің сани­та­р­лық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау­ға арналған шығындарының бір бөлі­гін өтеуге – 5 жыл бойы 83 300 тең­геден төлеу. Сондай-ақ туристік қыз­метті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъек­тілеріне сыйымдылығы жүргi­зушiнiң орнын қоспағанда, сегiз­ден аса адам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу бойынша шығын­дардың 25%-ын, жол бойындағы сервис объектілерін салу бо­йынша шығындардың 10%-ын, турис­тік­ қызмет объектілерін салу, реконструк­ция­лау кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеу­ қарастырылған. Өкінішке қарай, қазір­гі таңда облыста мемлекеттік қол­дау алғысы келетін бірде-бір өті­ніш­ түспеген көрінеді. Бұл Ұлытау облы­сы­ның кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасының кәсіпкерлермен тиіс­ті­ деңгейде жұмыс жүргізе алмай отыр­ға­нын айғақтайды.

Облыстық бюджеттен «Туристік қызметті реттеу» бағдарламасына байланысты 2023 жылға 34,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 есе көп. Әрине, қаражаттың облыстың туристік имиджін қалыптастыру және ілгерілету, сол арқылы отандық және сырттан келушілер санын арттыру мақсатын көздеп бөлінетіні белгілі. Енді сол бөлінген қаражатқа қандай шаруалар атқарылуда? Мамыр айының 19-21 күндері 22 мемлекеттен 258 компания келіп қатысқан Алматы қаласында өткен «KITF-2023» көрмесіне Ұлытау облысының атынан кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына қатысты туризм бөлімі және «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігі «Білеуті этноауылы» жобасын ұсынды. Нәтижесінде, «Көбес-Өтеу» қоға­м­дық бірлестігі «Жыл таңдауы аталымын» жеңіп алды. Өңірге турис­тік қызығушылықты арттыру үшін мұндай мүмкіндікті жібермеген дұрыс. Аймаққа фототур ұйымдастыру, гид-экскурсовод мамандығына оқыту, Ұлытау облысының туристік порталын әзірлеу, виртуалды 3D турлары бар интерактивті альбомды әзірлеу, қалта карта, жолсерік кітапша әзірлеу және т.б. іс-шаралардың кейбірі жүзеге асы­рылса, енді бірқатары жыл аяғына дейін орындалмақ. Мұның бәрі, әрине, бір қарағанда дұрыс, керекті-ақ шаруалар. Әдемілеп фотоальбом шығарайық, бірақ суретте әдемі болып көрінген ны­сандарға апаратын жол, байланыс, көрсетілетін қызмет дұрысталмаса, жар­на­маға сеніп келген туристердің алдында көзімізбен жер сүзіп қалмаймыз ба? Мұны да күнілгері ойлай отырған абзал.

Ұлытауға келетін халық ең алдымен тарихи орындарды, ескерткіштерді көргісі келеді. Әрине, олардың Ұлытау төңіре­гіндегі 300-ден аса ескерткіштің бәрін бірдей аралауға құлшыныс таныта қой­масы және рас. Ең басты-басты деген нысандардың тарихи құндылығына қоса тартымдылығы да болуға тиіс. Мысалы, Ұлытаудан 20-25 шақырымдай жерде Хан ордасы бар. Баратын жол­дың 7-8 шақырымы қиқы-жиқы. Осы­ны­ ауданның күшімен де дұрыстап қою­ға болар еді. Бұл да түк емес-ау... Сон­шама жерден ат арылтып келгенде­ сол Хан ордасында ел көретіндей не бар? Бертінде қойылған «Хантағы» ғана, басқа ештеңе жоқ. Тарихи орын, баяғы хандарымыздың табанының ізі қалған, рухы сіңген орданы қалпына келтірмесек те, соған сәйкестендірілген сәулеттік нысандар болу керек емес пе? Бұл жерге 90-жылдардың бас кезінде хантағын орнатқан соң, бар жұмыс сонымен біттіге саналған тәрізді. Ордасы жоқ хантағы болмайтынын түсінетін уақыт жеткен жоқ па?

Ұлытау аймағындағы жұртшылықты жарнама жасамай-ақ өзіне тартып тұра­тын нысандардың бірі – Теректі әулие ескерткіші. Біздің заманымызға дейінгі І мың жылдықтың ақырғы кезі мен жаңа дәуірдің бас кезіне жатқызылатын ескерткіш тасқа бедерленген суреттерімен ерекше. Қаншама жылдар, дәуірлерден аман-сау жеткен жәдігерден 80-жылдардың ортасында, айдың-күннің аманында айы­ры­лып та қала жаздағанымыз бар. Пайда қуған парықсыздардың бірі ескерткіш орналасқан жердің тасын кәдеге жаратпақ болып кәдімгідей дәрі қойып, жарылыс жасаған. Дес бергенде, мұны құлағы шалып қалған ақын, журналист Сайлаухан Нәкенов ағамыз сол кездегі Жезқазған облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбековке барған. Шәкең шалт қимылдап, бейбастақтыққа дереу тоқтам салған. «Сәкең мен Шәкең болмағанда ендігі Теректі әулиенің орнын сипап қалатын едік» дегенді Жезқазғанның зия­лы­ қауымы әліге дейін айтып отырады. Сол Теректі әулие мемлекет тара­пы­нан әлі қараусыз жатыр. Ойдан да, қыр­дан да мұнда ағылып келіп жататын адам қарасында шек жоқ. Оларға бас-көз болып, ескерткіштің мәнін түсін­діріп те, суреттердің бүліншілікке ұшыра­мауын қадағалап та жүрген ешкім жоқ. Бұл тура­лы Ұлытау облысының Мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қарма­сының бас­шысы Әнуар Омар өлке­де­гі 300-ден­­ аса тарихи нысандардың был­тыр­ға­ дейін Қарағанды облысына қара­ға­нын, оларды Ұлытау облысына қайта тіркету жұмыстарының әлі де жүріп жатқанын алға тарта отырып, Теректі әулие ескерткішін күтіп-ұстау­ға қаржы қарастыра алмайтынын айтты. Бірақ нақ осы ескерткіш қазір Қара­ғандыға емес Ұлытау облысына қарай­тынын да жасырмады.

Ұлытау – тарихымен ғана емес, таби­ға­­т­ы­мен де ерекше. Әулиетаудың биі­гі­не көтеріліп ақша бұлттарды алақа­ны­ңа қондырып тұрсаң... Едіге мен Тоқ­тамыстың мәңгілікке тұрақ­таған шыңына шы­ғып, ұлы тұлға­лардың рухына тәу етіп, дұға бағыш­тасаң... Күмісбұлақтың суы­нан дәм та­тып, соның қасындағы Көк­бөрі ескерт­кішінің қасында тұрып, сурет­ке­ түссең... Таудың етегіндегі қысы-жазы тоқтамастан ағып жататын Тас­бұлақ­ты­ тамашаласаң... Айта берсең таби­ғат­тың мұндай тамашалары да көп қой. Айналып келгенде, солардың бәрін­де­ заманауи бейне-бедер болса, қызмет көр­сетілсе дейсің ғой.

Аймақтағы алпауыт компания –  «Қазақ­­­­мыс корпорациясы» ЖШС Әулие­тау­дың шығар басына баспалдақ орнату,­ Күміс­бұлақ, Тасбұлақтың маңайын абат­тан­дыру жұмыстарын жүргізу үшін 80 млн­ теңге инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеді.

Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы­ Ғ.Төлеуовтің айтуынша, корпорация атал­ған жобалардың сметалық-жобалау құжат­тарын әзірлеуде. Ал жобалардың жүзе­ге асатын мерзімі 2023 жылдың 4 тоқ­саны деп көрсетілген. Үлгере алар ма­ екен? Жоба қағаз күйінде қалып қой­май ма? Осындай да сұрақтар бар. Бірақ күдік­ті үмітке жеңдіргіміз келеді. Егер бұл жобалар жүзеге асса, аймақтағы туризм­нің дамуына қосылған қомақты үлес­ болатыны сөзсіз. Бәлкім, сонда тұра­лап тұрған туризм жанданар ма еді?

 

Ұлытау облысы