Музей • 11 Шілде, 2023

Мәкеннің музейі

445 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жезқазғанның солтүстік – батысында 40 шақырымдай қашықтықта Жезді кенті орналасқан. Кеңес одағының марганец өндіретін негізгі кен орны – Никополь фашистердің қол астында қалып қойған кезде танк құрастыруға аса қажетті сол шикізаттың осы жерден табылғанын естіген Гитлер «Сталин қайдағы бір Жезді дегенді тауып алыпты» деп жынданып кете жаздаған деседі. Ал мұртты көсем күн сайын телефон шалып, кеніштің жұмысын тікелей өзі бақылап отырған көрінеді. Сөйтіп, осылайша, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында небәрі 38 күнде пайдалануға берілген марганец кеніші Жездінің атын берісі одаққа, әрісі әлемге әйгілі еткен еді. Ал қазір кішкентай ғана кенттің атағын осында орналасқан «Мәкен Төрегелдин атындағы Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» аспандатып тұр. Бұл неғылған музей? Мәкен Төрегелдин деген кім?

Мәкеннің музейі

Суретте: Қ.Сәтбаевтың ұрпақ­тары музейге келгенде

«Жезқазған» энциклопедиялық анық­та­­малығында ол кісі туралы «Ұлытау ауда­ны Жезді кентінде туған. Еңбек жолын Қарсақбай геологиялық-барлау кеңсесінде коллектордың үйренушісі болып бастаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Соғыстан кейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы, геологиялық-барлау экспедиция­сы бастығының орынбасары, Жезқазған ауаткомының хатшысы, төрағасының бірінші орынбасары, кеңшар директоры. Он бес жылдан астам уақыт Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ұйымдастырушысы әрі алғашқы директоры. «Мәңгілік мұра», «Вечное наследие», «Мой долг», «Кадрлар – алтын қорымыз» кітаптарының, 100-ден аса ғылыми мақаланың авторы. ЖезУ-дың Құрметті профессоры. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, жиырмаға жуық медальмен марапатталған. Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» деген анықтама берілген. Осынау бес-алты сөйлемнің астарында ғибратты ғұмыр иесінің өнегелі өмір жолы тұнып тұрғандай. Комсомол, партия, кеңес органдарында қызмет атқарған, шаруашылық басқарған кісінің музей ұйымдастырғаны, соған басшылық жасағаны қалай? Музей болғанда да қандай! «Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» деген атауының өзі құлаққа тосын естілмей ме? Мұнда келген кісі Ұлы даланың палеолит кезеңінен ғарыш дәуіріне дейінгі тарихымен таныса алады. Өйткені бұл музейде көне және орта ғасырлардағы тау-кен өндірісі, балқыту ісіне қатысты жәдігерлер жинақталған. Ашық аспан астында металлургияға қатысты көлемді экспонаттар, соның ішінде, ежелгі мыс балқыту пеші де қойылған. Әрине, сондай-ақ мәдени-тұрмыстық және этнографияны сипаттайтын көптеген бағалы жәдігер көздің жа­уын алады, таным көкжиегіңді кеңейтеді.

«Мұндай музей күллі Азияда жоқ» деген еді Жезқазған – Ұлытау аймағына келген сапарында ғалым Дәнел Әлкейқызы Марғұлан. Осындай ерекше музей ұйымдастыруға Мәкен Төрегелдинді итермелеген қандай күш?

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Мәкенді он алты жасында алғаш жұмысқа қабылдаған. Бертінде жазған «Өмірдегі ұстазым» деген естелігінде Мәкен аға айналадан көріп-білгенін көңілінде пісіре келе: «Атқарып жүрген жұмысымның маңыздылығын, әр түйір таста, егер үңі­ле білсең құпия, тіпті қазына барын түсі­не­ бастадым», деген екен. Демек Мәкен Төре­гел­диннің тарих сырларын ұғынуға деген қызығушылығы сол бір балаң жасынан басталған тәрізді ме, қалай? Әйгілі Өзбекәлі Жәнібеков секілді, бұл кісі де тарихқа қатысы бар жәдігер көзіне ілінсе болды жинай бергенге ұқсайды. Өйткені көзі тірісінде берген сұхбаттарының бірінде «Осы музейді ұйымдастыруға отыз жыл ғұмырымды арнадым» деген екен. Ал музей ұйымдастыру үшін 1988 жылы рұқсат алған кезде ол 65 жаста болатын. Жасы жетпістің біріне көтерілген 1994 жылы музей ресми түрде ашылды.

Қазір музейге Мәкеңнің зайыбы Зейпін Қазанбаева басшылық жасайды. Біз музейдің тарихы жөнінде Зейпінмен әңгімелескенде, ол бізбен Мәкеңнің «музей ісінде Өзбекәлі Жәнібековпен көп ақылдастым» дегенін бөлісіп, Өзаға мен Мәкен аға арасында болған мына бір әңгімені айтып беріп еді.

– Талабыңыз дұрыс екен, аға! Бірақ музейіңіз әдеттегі өлкетану музейлерін қайталап кетпесін. Өз өлкеңіздің, айма­ғыңыздың ерекшелігін танытып тұра­тын­дай болсын – дейді Өзағаң.

Сонда Мәкең Өзбекәлі інісіне:

– Мен бала кезімде Қаныш Иман­тай­ұлы Сәтбаевтың қарамағында жұ­мыс­­ істеген адаммын. Ұлы адамның шапа­­ғатын сезінген кісімін. Ол менің тын­ды­рым­дылығыма тәнті болатын. Қаныш ағаның аузынан көптің көзінше талай мәрте «Осы ұзынсирағым мықты» деген мақтау естігенмін. Қаныш Сәтбаев еліміздегі барлық ғылымның білгірі десек те, Жезқазған – Ұлытау аймағы үшін ол – металлург, ол – шахтер, ол – балқытушы. Сондықтан музейді Қанекемнің құрметіне «Тау-кен және балқыту ісі тарихы» деп атасам деймін. Біздің өңірімізде ықылым замандардан-ақ мыс балқытылғанын Қаныш аға өз зерттеулерімен дәлелдеп кетті емес пе? – дейді.

Мұны естіген Өзбекәлі інісі : – Дұрыс айтасыз, аға! Тақырыпты тамаша тап­қан екенсіз. Музейіңізге сонау бағзы заманда мыс балқытқан пешті орнатыңыз, сосын Ұлытау даласында шашылып жатқан қаптаған зымырандардың бірінің қаңқасын әкеліп қойыңыз. Осының өзі-ақ музейіңіздің айрықша екенін айғақтап тұратын болады. Халық өткеннің бүгін­мен байланысын байқайды – деп, қолдау танытқан екен.

– Міне, осылайша, Қазақстандағы музей ісінің бірден-бір білгірі Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың осы музейдің ашылуына да шапағаты тиген, – дейді Зейпін Қазанбаева.

Музейдегі эскпонаттар саны бүгінде 20 мыңнан асады. Соның бәрі дерлік М.Төрегелдиннің жылдар бойы өзі жинақтаған жәдігерлері көрінеді.

 Осы бір ерекше музейдің ғылыми тұжырымдамасын, яғни тақырыптық-экспозициялық жоспардың да негізгі авторы Мәкен ағаның өзі болды. Әртүрлі ғылыми-көпшілік басылым мен жинақта ол кісінің музейге қатысты 100-ден астам ғылыми-талдамалық мақаласы, еңбектері жарық көрді. Музей, осылайша, аймақтан тыс алыс өлкелерге де насихатталды. Міне, сондай еңбектің арқасында шағын ғана Жезді кентінде орналасқан музейдің атағы еліміз түгілі, алыс шетелдерге де мәлім болды.

Музейдің ғылыми кеңесі Алматы­да­ғы Британ кеңесімен кездесіп, ынты­мақ­тас­тық туралы келісімге келді. Соның арқа­сында республикалық «Жібек жолы» қоға­мы мен Қазақстан – Ұлыбритания қарым-қатынастары жөніндегі Британ кеңе­сі Лондонда, Алматы мен Астанада көрме­лер өткізгенде, көрменің арнайы­ каталогінде осы музейге екі бет берілді, бес минуттық видеосаяхат фильмі түсі­ріл­­ді. Негізгі экскурсовод – Мәкен Төрегел­дин­нің өзі болды. Ағылшын, орыс тіліндегі бұл фильм Британ кеңесінің көрмесімен дүние жүзін шарлады.

Музей ауласындағы «Ақ қайыңдар аллеясы» мен «Тәуелсіздік қарағайлары» да Мәкен ағаның кейінге қалдырып кеткен мәңгілік мұраларының бірі. Жеңістің 55 жылдығы құрметіне өзі бас болып­ Жезді, Ұлытау, Қарсақбай төңіре­гін­­дегі көзі тірі ардагерлердің басын қосып, қасиетті Ұлытау бау­райынан 55 қайың­ көшетін әкеліп отырғызған еді. Тәуел­сіз­дік­тің 10 жыл­­дығына байланысты, яғни 2001 жылы Көк­ше­тау­дан, Абылай хан орда тіккен алаңнан әкелінген қарағай көшеттері де егілген болатын. Арада өткен уақыт музейдің кіреберісін шағын орманға айналдырып жіберді десе де болғандай.

Ұлытау һәм Түркістан. Екеуі де қазақтың ежелгі астанасы. Мәкең осы қос астананың бүгінгі өзара байланысына серпін берді. Балқаш мыс комбинатында барлық тарихи өлшемі сақтала отырып, Тайқазанның көшірмесі жасалды. Бастама көтерген – Мәкен Төрегелдин. Тайқазанның бұл көшірмесі 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы қарсаңында Түркістандағы Есім хан алаңына орнатылды. Сарыарқа халқының атынан тарту етілген бұл ғасырлық ескерткішті дайындауға қосқан жеке үлесі үшін М.Төрегелдинге 2004 жылы «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Еліміздегі музей ісін дамытуға қосқан үлесі үшін ол «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атанды. 2015 жылы өзі ұйымдастырған музейге есімі берілді.

 

Ұлытау облысы,

Жезді кенті