Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жарыстың алғашқы күнінде Мария Бровкова 18 жасқа дейінгілер арасындағы С-1 санатында 1000 метрге жарыста алдына жан салған жоқ. Оның уақыт көрсеткіші – 4:35.01 секунд. Күміс жүлдені мажарстандық Река Саркани уысына түсірсе, үздік үштікті өзбекстандық Шохсанам Шерзодова түйіндеді. Сондай-ақ 18 жастағы Батыс Қазақстан облысының спортшысы 1500 метрге жарыста да бақ сынап, ел қоржынына күміс жүлде салды.
Ал 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында жарыс жолына шыққан Руфина Ысқақова да мəре сызығын екінші кесіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдесін мойнына ілді. Ол С-1 санатында 1000 метр жарыста мажарстандық Борька Загывайға ғана жол берді. Жалпы, биылғы бəсекеге 65 мемлекеттен 938 спортшы қатысты.