Қоғам • 13 Шілде, 2023

Елордада БАҚ өкілдері арасындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай республикалық БАҚ өкілдері арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Байқау Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада БАҚ өкілдері арасындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды

Марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, «Хабар Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли қатысты.

«Елорданың 25 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын! Қазіргі кезде қалада 30-дан астам телеарна, 490-нан астам газет-журнал, 137 интернет басылымы бар. Бүгінгі байқауға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Елге танымал адамдардан әділ-қазылар алқасын құрдық. Олардың қатарында Нұртөре Жүсіп, Қымбат Досжан, Бибігүл Жексенбай болды», деді қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкен.

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың сөзінше, байқауда ең үздіктерді анықтау қиынға түскен.

«Бұл іс-шара елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Елордада болып жатқан түрлі оқиғаларды барша қазақстандық тек журналистер дайындаған медиа өнім арқылы біледі. Мысалы, іс-шараға шартты түрде 2000 адам қатыса алады, ал журналистер жазған кезде бұл туралы жүздеген мың азамат біледі. Біз елорданың 25 жылдығы және оның жетістіктері туралы ең үздік мақалалар, фоторепортаждар мен бейнесюжеттерді таңдап алдық. Міне, бүгін елордамызды танымал етуге елеулі үлес қосып жүрген журналистерді марапаттадық», деді Дәурен Бабамұратов.

БАҚ өкілдеріне арналған байқауда 7 аталым бойынша барлығы 100-ден астам үміткер сынға түсті.

Қазылар алқасының шешімімен келесі аталымдар бойынша байқау жеңімпаздары анықталды:

1) «Үздік журналист-сарапшы»: 1-орын – Гүлшат Сералы («Астана ақшамы» газеті), 2-орын – Арнұр Асқар («Егемен Қазақстан» газеті), 3-орын – Максим Удод («Вечерняя Астана» газеті);

2) «Үздік шолушы»: 1-орын – Назира Балташева («Голос народа» ақпараттық агенттігі), 2-орын – Әбубәкір Смайылов («Жас қазақ» порталы), 3-орын – Әйгерім Мұсатаева (Liter.kz желілік басылымы);

3) «Үздік радиорепортаж»: 1-орын – Дулат Абибуллаев («Қазақ радиосы»), 2-орын – Раушан Сыбанжанова («Халық радиосы»), 3-орын – Азамат Тілепов («Қазақ радиосы»);

4) «Үздік телесюжет»: 1-орын – Марк Брюшко («Жібек жолы» телеарнасы), 2-орын – Ғабит Бөкенбай («Қазақстан» телеарнасы), 3-орын – Динара Әбдірова («24 kz» телеарнасы);

5) «Үздік мобилограф»: 1-орын – Ұлан Әбішев («Қазконтент» АҚ), 2-орын – Әйгерім Ержанова («Евразия» бірінші арнасы), 3-орын – Абай Уахит («Аманат» партиясы);

6) «Үздік фоторепортаж»: 1-орын – Шүкір Шахай, 2-орын – Владислав Воднев, 3-орын – Сұлтан Сейітов («Астана ақшамы» газеті), Ерлан Омаров («Егемен Қазақстан» газеті);

7) «Әлеуметтік желідегі Астананың 25 жылдығы туралы үздік материал» арнайы номинациясы: 1-орын – Қайнар Олжай, 2-орын – Ренат Ташкинбаев, 3-орын – Салтанат Жақыпова («Елорда Инфо» сайты).

Бірінші орынға 1 000 000 теңгенің, екінші орынға – 500 мың теңгенің, үшінші орынға 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Жеңімпаздарды еліміздегі белгілі журналистер, медиа-сарапшылар және белгілі сала өкілдерінен құралған конкурстық комиссия анықтады.