Астана қаласының әкімдігі қолдаған байқаудың марапаттау рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, зиялы қауым, белді журналистер және медиасарапшылар келді. Салтанатты жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен БАҚ өкілдерін еңселі елорданың 25 жылдығымен құттықтады.
– Осыдан 25 жыл бұрын Ақмолада небәрі 20-ға шамалас БАҚ құралы болған. Қазір 640-тан астам бұрақалық ақпарат құралы елордадан хабар таратып отыр. Тарқатып айтсақ, 30-дан астам телеарна, 490-нан астам басылым және 137 интернет басылым тіркелген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ісінің шеберлері, майталман журналистер әрқашан қолдауға ие болатынын айтқан еді. Өзіміз де осы салаға көңіл аударуды бір міндетіміз деп түйдік, – деді Е.Байкен.
Қала басшылығы байқауды елорданың тыныс-тіршілігі ашыла түссін, қала жайында танымдық материалдар жариялансын деген ниетте ұйымдастырған. Байқауға бас-аяғы 100-ден астам өтініш түскен. Оларды журналистика саласының майталмандарынан құралған қазылар құрамы мұқият қараған, саралаған. Қуантарлығы, байқауға тек астаналық әріптестер ғана емес, өңір журналистері де қатысып, жүлделі болды. Жеңімпаздарды Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тұңғыш Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов, қала мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Эльдар Толғанбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, радио және тележурналист Қымбат Досжан марапаттады. Сонымен «Үздік журналист сарапшы» аталымында бірінші орынды «Астана ақшамы» газетінен Гүлшат Сералы еншілесе, журналист Арнұр Асқар екінші орын алды. Үшінші орынға «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Максим Удод лайық деп танылды. «Үздік фоторепортаж» аталымында Шүкір Шахай бірінші, Владислав Воднев екінші болса, үшінші орынды «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар мен «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт қанжығалады. Байқауда «Әлеуметтік желідегі Астанананың 25 жылдығы туралы үздік материал», «Үздік шолушы», «Үздік радиорепортаж», «Үздік телесюжет», «Үздік мабилограф» сынды аталымдар бойынша да жүзден жүйріктер анықталды. Байқауда алдына қара салмай, бірінші орын еншілегендер 1 млн теңге, екінші орын олжалағандар 500 мың теңге және үшінші орын алған сала саңлақтары 300 мың теңге қаржылай сыйақы алды.