Ұлттық спорт • 13 Шілде, 2023

«Qazaq kuresi» жаңа бағытта дамиды

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық ойындарымыз ерекше қарқынмен дамып келеді. Оны еліміздің әр түкпірінде жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқан Азия және әлем чемпионаттарының деңгейінен байқауға болады. Ұлттық спортымыздың ерекше ұлықталуына әр спорт түрінің жеке-жеке федерация болып құрылуы оң әсер етіп жатқанын да айта кеткен жөн.

«Qazaq kuresi» жаңа бағытта дамиды

Жуырда бұған дейін үш федерация болып жұмыс істеп, былтырдан бері бір федерацияның астына біріккен «Qazaq kuresi» Ассоциациясының Президенті болып  Мәдениет және спорт министр­лігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабо­сы­нов тағайындалды. «Qazaq kuresi» Ас­социациясы қазақ күресінің әртүрлі ере­жесі бойынша жұмыс істеп келген үш федерациясының – «Qazaq kuresi» халықаралық федерациясы, «Qazaq kuresi» дүниежүзілік федерациясы және «Qazaq kuresi» республикалық федерациясын біріктіріп, 2022 жылдан жұмыс істеп келеді.

Бүгінде Ассоциацияның басты мақ­саты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағ­дар­ла­ма­сына енгізу. Қазіргі таңда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала­­да «Qazaq kuresi» Ас­социациясының тіке­лей бақылауымен жұ­мыс істейтін қазақ күресі федерациялары жұмыс істеп тұр. Статистикалық дерек­терге сүйенер болсақ, елімізде 122 607 ­адам жаттығатын 3 897 қазақ күресі үйірмесі бар. Оның ішіндегі 2 735 үйірме ауылдық жерлерде орналас­қан, онда 73 054 адам жаттығады. Жалпы, қа­зақ күресінен жылына түрлі деңгей­дегі 700-ден астам жарыс өткізіледі. Ха­лық­ара­лық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді.

Бір атап өтерлігі, Ассоциацияны бас­қаруға алғаш рет қазақ күресінің маманы келіп отыр. Ербол Мырзабосынов – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықты­ру­шы. Ол біраз жыл бұрын «Qazaq kuresi» ассоциациясының құрылуының басы-қасында болып, бас директор қызметін атқарды. Оның тікелей басшылығымен ел аумағында және халықаралық аренада қазақ күресінің бірыңғай ережесі бекітілді. 2022 жылы «Qazaq kuresi» Ассоциациясы Біріккен Күрес әлемі (UWW) ұйымының құрамына еніп, UWW аясында тұңғыш рет қазақ күресінен үш жас тобын қамтыған әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл – қазақ күресінің халықаралық кешенді жарыстардың бағдарламасына ену жо­лындағы алғашқы маңызды қадамның бірі болды.

Қауымдастықтың жаңадан сайланған президенті Ербол Мырзабосынов «Qazaq kuresi» Ассоциациясының қазақ күресі ережесін біріздендіру және төл күрестің ха­лықаралық аренадағы танымалдылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жал­ғастыратынын жеткізді. Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың көп шығынды қажет етпейтін және балаларды теріс әдеттен аластататын спорт түрлерінің қатарын­да қазақ күресін дамыту қажеттігіне назар аударғанын атап көрсетті. Ол ұлттық спорт түрлері арқылы елдің имиджін көтеру мүмкіндігіне тоқталып, мысал ретінде Жапонияның ұлттық спорт түрі дзюдоны келтірді. Е.Мырзабосыновтың пікірінше, қазақ күресі елді халықара­лық аренада танымал ететін брендтер­дің біріне айналуға тиіс. Ол сонымен бірге қазақ күресінің Дүниежүзілік көшпелі­лер ойындарының бағдарламасына ен­гізілуі ел спортшыларының медаль көр­сеткіштерін жақсартып, елдің имид­жін қалыптастыруға оң әсер ететінін атап айтты. Сондай-ақ Ербол Қуантайұлы жиын қатысушыларының назарын өзбек Өзбекстанның «Кураш» күресінің да­муына аударды. Азия ойындарының бағ­дарламасына енгізілген бұл күрес түрі Өзбекстанға 7 салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алуға мүмкіндік береді. Қазақ күресі дәл осылай Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген жағдайда, жалпыкомандалық есепте жоғары орын алу мүмкіндігіміз арта түседі деп түйіндеді.

Ассоциация президенті сайланған жиынға Италия, Грузия, Әзербайжан, Грузия және т.б. елдердегі қазақ күресі фе­де­рацияларының басшылары, сондай-ақ UWW бюросының мүшесі Мария Родика Якшы онлайн қатысып, құттықтау білдір­ді. Мария Родика Якшы қазақ күресінің World Combat Games, яғни бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енгізілгенін хабарлады.