Сондай-ақ еліміздің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысты. Жиын барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі.
– Халықаралық әскери оркестрлер фестивалі Астанамыздың бейбітшілік пен жасампаздық қаласы, мәдениет пен халықтарды бір ортаға тартып, жақындастыратын орталық екенінің жарқын дәлелі болмақ. Мұндай ерекше іс-шара ынтымақтастықты дамытуға, бейбітшілік пен тату көршілік идеясын ілгерілетуге ықпал етеріне сенімдімін, – деді ол.
Band Marathon – қатысушы оркестрлердің 20 минуттық қойылымы. Бұл күні фестиваль қонақтары елдерді өзара біріктіретін және нығайтатын сазды әуен тілінде сөйледі. Өнерде шекара жоқ екенін көрсеткен әлемнің бірегей әскери оркестрлері ұлттық, шығармашылық және армия дәстүрінің алуан үлгісін көрермендерге ұсынды.
Халықаралық әскери оркестрлердің музыкалық фестивалі аясында өнер көрсетушілердің қойылымдары Орталық саябақта, «Бәйтерек» монументінің жанында, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында өтті. Орталық саябақта елорда тұрғындары мен қала қонақтары Үндістан, Жапония әскери оркестрлері мен еліміздің Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің өнерін тамашалады.
Үндістан Әскери-әуе күштерінің біріккен оркестрі көрермендерді марш әндерімен, классикалық әуендерді ұлттық нақышта орындауымен баурап алды. Оркестр өнерінің шеберлігі ұлттық аспап – табла барабанымен ерекше әсер берді.
Астаналықтар Жапонияның Өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің оркестрін құшақ жая қарсы алды. Күншығыс елінің ұжымы ежелгі жапон әскери музыкасы мен заманауи марштарды ерекше үлгіде орындады. Ал Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Орталық ән-би ансамблі мен Орталық әскери оркестрінің әртістері өзбек халқының ұлттық нақыштағы әсем әуенінің қуатымен ғаламат әсерге бөлеп, жұртшылықты бауырлас республика өкілдерін бимен де, қошеметпен де қолдауға шақырды.
«Бәйтерек» монументінде Ресей Федерациясы Батыс әскери округінің 23-әскери оркестрі, Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі және еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі барабаншылардың өнерлерін көрсетті.
Ал «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Қытай Халық Азат ету армиясының әскери оркестрі, Әзербайжаннан келген Гейдар Әлиев атындағы әскери институттың оркестрі, еліміздің атынан Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі жұртшылықты әсем әуенмен әлдиледі. Осы күндері өтіп жатқан әскери оркестрлер форумы еліміз бен Астанамыздың мәдени өміріндегі ең жарқын күндер ретінде халықтардың мәдениеті мен шығармашылық ұжымдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған бірегей тұғырнамаға айналды.
«Барыс Арена» мұз айдыны сарайында өткен гала-концертке жеті мыңнан астам көрермен жиналды. Қорытынды концертке Премьер-министр Әлихан Смайылов, Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Концерт қазақ хандығы дәуірі қойылымымен басталды. LED-экранда ұлттық нақыштағы ою-өрнек, қалқан, шаңырақ және петроглифтер пайда болды.
Еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің, Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің, Ұлттық ұлан үлгілі-көрсетілім оркестрінің, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония әскерінің әскери оркестрлерін көрермендер айрықша құрметпен қарсы алды. Қазақстан Қарулы күштерінің Бас әскери дирижері, «Құрмет» орденінің иегері, майор Алмас Ибрагимов бес жүз музыкантқа белгі берді. Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншісі Дәурен Төлеубаев, біріккен хор және әскери оркестр еліміздің әнұранын салтанатты түрде орындап шықты.
Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің қазақ халық өнерінің інжу-маржаны саналатын «Япурай» лирикалық әнін айтуы ерекше әсер қалдырды. Прологта Астанаға арналған «Мерейтойлық марш» өтті. Жұртшылық Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің әлемге әйгілі Майкл Джексон мен Лионель Ричидің танымал әні We are the world-тың орындалуын зор ықыласпен қабылдады.
Гала-концерт соңында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов іс-шараға қатысушыларды құттықтап, шетелдік қонақтарға марапат табыс етті.
– Қазақстан – салт-дәстүрге бай, бейбіт ел. Бұл күндері елордамыз әлем мәдениетін жинай алатын әсем орталыққа айналды. Бізге әр елден түрлі ұжымдар, талантты музыканттар мен әншілер келді. Бүгінгі фестиваль дәстүрге айналып, достық, ынтымақтастық пен татулық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деп атап өтті қорғаныс саласының басшысы.
Гала-концерт Орталық ансамбль, біріккен хор және оркестр солистері Қайрат Баекеновтің орындауындағы «Астана» әнімен аяқталды.