Халық • 13 Шілде, 2023

Аз қамтылған отбасыларға қамқорлық

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел тұрғындарын жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфра­құрылымында қордаланған мәселелерді шешу үшін «Тарифті инвес­тицияларға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге инвес­тиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған.

Аз қамтылған отбасыларға қамқорлық

Бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын өсіру, қараусыз жатқан желілерді қарау және т.б.) 212 өтінімін бекітті. Соның нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі 10-30%-ды құрады, мұнда тұтынушылар мен коммуналдық қызметтер мүдделерінің теңге­рі­мі ескерілген. Осыған орай халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының ком­муналдық қызметтерге жұм­са­латын шығындардың бір бөлігі өтелетін болады. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көме­гін көрсету аясында көз­де­ліп отыр. Ол аз қамтылған отба­сы­ларға немесе азаматтарға ком­муналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т.б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді. Басты шарт – төлем алушының мен­ші­гінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алу­шы (тең жалға алушы) болуға тиіс.

Тұрғын үй көмегі дегеніміз – аз қамтылған отбасыларға (аза­мат­тарға) жеке тұрғын үйді немесе оның мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан алынған немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған оның бір бөлігін ұстауға кеткен шығындар арасындағы айырмашылықты өтеу үшін берілетін төлем және Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңында белгіленген тәртіппен жергілікті өкілді органдар белгілеген, аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға арналған шығыстарының шекті деңгейі.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің Тұрғын үй қатынастары бас­қармасының басшысы С.Н.Жал­құл­дың мәлімдеуінше: «Биыл Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес егер коммуналдық қыз­мет­терге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы».

Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.

Үкімет бекіткен түзету бола­шақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды ұлғайтуға және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Жалпы, кейінгі 4 жылда 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге төленді. Ал осы жылдың 6 айында 31 мың отбасына 630,5 млн теңгеге көмек көрсетілді.

Осылайша, коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілген жағдайда өтемақы ұлғаяды да, аз қамтылған азаматтардың шы­ғындары ұлғаймайды. Тұр­ғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтар қажетті құжат­тар жиынтығын түгендеп, тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгінуі керек. Тұрғын үй көмегін онлайн-қызмет арқылы да, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы да алуға болады.