Комиссия мүшелері мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылған 13 жұмысты қарап, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелерімен және төрт секцияның сараптамалық-талдамалық ұсыныстарымен танысты. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша алдын ала іріктеуден өткен жұмыстардың тізімі кеңінен талқылау мақсатында көпшілік назарына ұсынылды. Енді іріктеуден өткен жұмыстарға аз-кем тоқталып өтейік.
Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Репродуктивті денсаулықты қорғаудың инновациялық технологиялары» жұмысын ұсынып отыр. Оған Арыстан Мамырбаев жетекшілік етеді. Авторлардың қатарында Ербол Бекмұхамбетов, Тимур Жаркенов, Марат Ізтілеуов, Ақылбек Түсіпқалиев бар.
Келесі жұмысты «Жалын» ғылыми өндіріс-техникалық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған. Жобаның атауы – «Өсімдік талшығынан жаңа отандық түпнұсқа медициналық препараттарды өндіруді ұйымдастыру және дамыту». Сестагер Ақназаров жетекшілік ететін жұмыс авторларының қатарында Махмұт Бисенбаев, Сұлтан Төлеуханов, Шолпан Төлейбаева бар.
«Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы да мемлекеттік сыйлықтан үмітті. Орталық «Мультирезистентті туберкулезді емдеуге арналған ФС-1 инновациялық дәрілік препараты» жұмысын ұсынып отыр. Оған Александр Ильин жетекшілік етеді. Авторлар тобының құрамы келесідей: Гүлшара Ахметова, Вячеслав Дудник, Ринат Исламов, Бақытжан Керимжанова, Илья Коротецкий, Андрей Курбатов, Гульнара Юлдашева.
Президент іс басқармасы медициналық oрталығының ауруханасы «Қазақстан Республикасындағы бариатриялық және метаболикалық хирургияның концептуалды реинжинирингін әзірлеу және енгізу – мультидисциплинарлық көзқарас» жұмысын үкілеп бәйгеге қосты. Оның авторларының құрамында Орал Оспанов (жетекші), Насрулла Шаназаров, Бақытжан Биімбетов, Валерий Бенберин, Алексей Цой, Рустам Албаев, Тамара Вощенкова бар.
Еліміздің Ұлттық ядролық орталығы «Қазақстан Республикасының атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» жұмысымен додаға түсіп отыр. Оған Эрлан Батырбеков жетекшілік етеді. Авторлар құрамы келесідей: Виктор Бакланов, Владимир Витюк, Денис Зарва, Ерболат Қоянбаев, Мәжін Сқақов, Ирина Тәжібаева, Бауыржан Шектібаев.
Келесі жұмыс «Техникалық мамандықтарда оқитын қазақ мектептерін бітіргендерге қажет терминологияны қалыптастыру және оқу құралдарын құрастыруды дамыту (энергетика саласында)» деп аталады. Оны Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті ұсынған. Авторлық топ екі адамнан тұрады – Бірлесбек Алияров (жетекші) және Мәдина Алиярова.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетіне қарасты Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың филиалы – Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен істері институты да бақ сынап жатыр. Бұл ұйымның ұсынған жұмысы – «Қазақстанның тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындарының жұмысын цифрлық технологияларды өнеркәсіптік игеру базасында жоғары тиімді қамтамасыз ету». Жұмысқа Ләззат Шамғанова жетекшілік етеді. Авторлар құрамы: Аминям Балтиева, Сейтқали Ғалиев, Владимир Махонин, Евгений Шабельников, Нұрмұхамбет Әбдібеков, Анатолий Самсоненко, Нұрлан Темірбеков.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» атты ғылыми еңбектер циклін ұсынды. Авторлар құрамында Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Ерлан Сыдықов, Дихан Қамзабекұлы бар.
Еске сала кетейік, аталған жұмыстар туралы қосымша ақпарат Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің сайтында орналастырылған. Аталған ғылыми жұмыстармен сол жерден егжей-тегжейлі танысуға болады.