Аймақтар • 14 Шілде, 2023

Жезқазған жылу электр орталығында апат болды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

13 шілде күні түнде «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-ның Жезқазған ЖЭО-да апаттық жағдай болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жезқазған жылу электр орталығында апат болды

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Кеше, 2023 жылғы 13 шілдеде сағат 21:12-де қолайсыз ауа райы жағдайында Ақадыр – Жезқазған 500 кВ электр беру желісі ажыратылды. Электр желісінің параметрлерінің өзгеруі Жезқазған ЖЭО-ның №7 және 11 қазандықтарының шаң қоректендіргіш қозғалтқыштарындағы жиілік түрлендіргіштерінің ажыратылуынан олардың сөнуіне әкелді. Будың болмауына байланысты №4, 7 турбиналар тоқтатылды, бұл генерацияның толық төмендеуіне әкелді», деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Станцияның жұмыс режимін қалпына келтіру бір сағаттан кейін, сағат 22:20-да басталды.

«Технологиялық бұзушылық фактісі бойынша жан-жақты тергеу жүргізу мақсатында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің комиссиясы құрылды», делінген хабарламада. 

Ведомство Жезқазған ЖЭО бірінші рет толық тоқтатылмағанын атап өтті. 19 маусым сағат 12:45-те өзінің электр қажеттіліктерін жоғалту салдарынан станция генерациясы 129-дан 0 МВт-қа дейін төмендеген.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-ның басшылығына Жезқазған ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды», деп хабарлады министрлік. 

«Қазақмыс Энерджи» ЖШС-ның қауіпсіз жұмыс мәселесі бойынша арнайы кеңес 2023 жылғы 17 шілде дүйсенбі күні министрлікте өткізіледі.