Үкімет • 16 Шілде, 2023

«Самұрық-Қазына»: Тарифтерді нарықтық бағаға ауыстыратын кез жетті

251 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» АҚ портфелдік компаниялар қызметінің бірқатар түрі бойынша тарифтерді көтермек. Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың сөзінен ұққанымыз – Үкімет және мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, әділ тарифтерді енгізу бағытында жоспарлы түрде жұмыс жүргізеді. Осы орайда міндетті түрде халықтың мүддесі ескеріледі.

«Самұрық-Қазына»: Тарифтерді нарықтық бағаға ауыстыратын кез жетті

«Қор 1,2 трлн теңге сомаға жеңілдетіл­ген тарифтер мен бағаларды ұсына отырып, Қазақстан экономикасын субсидия­лайды. Бұл ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз қар­жыландыруға және сәйкесінше инфра­құрылымның тозуына әкеледі. Президент өткен жылы «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Қазір біз Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен тарифтерді жоспарлы түр­де арттыру үшін жұмыс істеп жатыр­мыз. Міндетіміз – мақсатты инфляциялық ­дәліз шегінде тарифтердің өсуін 10-12% дең­гейінде сақтау және әлеуметтік тұрақ­­ты­лықты қамтамасыз ету», деді Қор басшысы.

Қазіргі уақытта мына компанияларға қатысты тарифтерді өзгерту келісілген:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – жанар-жағармайдың (ЖЖМ) көтерме бағасын өсіру;
  • «QazaqGaz» ҰК» АҚ – газға көтерме және бөлшек бағаны көтеру;
  • «Самұрық-Энерго» АҚ – электр энергиясын өндіруге тариф;
  • «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – магистральдық теміржол желісі қызмет­терінің тарифі.

Магистральдық су құбыры арқылы су беру, газ тасымалдау, жылу энергиясы, транзит және экспорт, локомотивтік тартым бойынша тарифтерді өзгерту мәселесі пысықталып жатыр екен.

Оның сөзінше, қор жұмыс істеуге тиіс өзекті сектор – экономика қорларын субсидиялау бағыты.

«Ол тарифтер мен бағалар өзіндік құн­нан төмен болатын қызмет салаларында туындайды. Мысалы, теміржол тасымалында біз экономикаға 236 млрд теңге дотация жасаймыз, ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ газ бағасы арқылы экономиканы 178 млрд теңгеге дотациялайды. Бізге дотациялан­ған тарифтен арылу керек. Тек сонда ғана ескірген желілерді жаңартып, жаңа электр стансаларын салып, энергияны үнемдеуде және халықты жылумен қамтамасыз етуде проблемаларға кезікпейтін боламыз», деді.

«Самұрық-Қазына» басшысының ­айтуынша, дотацияланған тарифтерден құтылып, нарықтық бағаға көшу арқылы ғана инвестор тарта аламыз.

«Бизнес, энергетика, өндіріс, транспорт, отын секторы болсын, егер тауардың бағасы әділ болмаса, ешқандай инвестор келмейді. Өзіндік құнынан төмен бағадағы тауармен инвесторларды қызықтыру мүмкін емес. Егер біздегі бекітілген тариф жоспарлы ескерту жұмыстарын дер уақытында атқаруға, инфрақұрылымды модернизациялауға мүмкіндік бермесе, онда ол ерте ме, кеш пе бұзылады. Қазіргі тарифтер қордың ғана емес, ел экономикасының дамуын да тежеп тұр. Алайда бұл ретте тарифті көтеру бо­йынша шұғыл әрекет жасауға болмайды. Жыл сайын 10-12 пайызға жоғарылап отыратын түсінуіміз керек. Тарифтерді өзгерту өте қиын, бірақ экономикаға серпін бере­тін аса қажетті қадам», дейді.

Қор басшысының түсіндіруінше, былтыр тарифтерді жоғарылату энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға қатысты бірқатар түйткілдерді тарқатты.

«Мысалы, Мойнақ ГЭС-інің құрылысы арқасында стансаның қуаттылығы 1,6 Гигаваттқа артты немесе бұл – энергия жү­йесінің жалпы қуаттылығының 10 па­йызы.  Тарифті өзгертумен жұмыс істеу біршама қаражатты инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді. «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасымен «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын тұрғыза алады. Оның іске қосылу уақыты 2026 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2029 жылы Екібастұз ГРЭС-3 құрылысын бастау жоспарланып отыр. QazaqGaz-дағы артылған қаражат геологиялық бар­лауға және тозу көлемін азайту үшін газ транспорты жүйесін модернизациялауға жіберіледі», деді.

Нұрлан Жақыпов жаңа жұмыс орындарын құруда шетелдік серіктестермен тізе қосып жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибесі мен беделі жоғары шетелдік серіктесті тарту тәуекел деңгейін төмендетіп, қолда бар ресурсты тиімді бөлістіруге жағдай жасайды. Соның арқасында бірнеше жобаны бір уақытта тиімді жүзеге асыруға болады.