Футбол • 17 Шілде, 2023

Еурокубок жеңіспен басталды

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Конфе­ренция лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынап жатқан Қостанайдың «Тобылы» Еурокубок додасын жеңіспен бастады. Былтырғы ел чемпионатында қола жүлдегер атанған «Тобыл» іріктеудің алғашқы айналымында Фин­ляндияның орта дең­гейлі ұжымдарының бірі «Хон­ка» командасымен кез­десіп, аса тартысты өт­кен бә­секеде жергілікті жан­­күйер­­лерді жеңісімен қуант­ты.

Еурокубок жеңіспен басталды

Еурокубок ойындарының та­рихына көз жүгіртсек, Фин­ляндия командалары – Қазақстан клубта­рына ең ыңғайсыз қарсылас. Мәселен, еліміздің жеті дүркін чемпионы «Ас­тана» бүгінге дейін скандина­виялық ұжым өкілдерімен өткен екі ойынның бірінде жеңіске жетіп, екіншісінде жеңіліп қалған болатын. Чем­пиондар лигасының 2015-2016 жылғы маусымының үшін­ші кезеңінде «Астана» Финлян­дия­ның азулы ұжымы ХИК клубымен кездесіп, екі ойынның нә­ти­жесі бойынша 4:3 есебімен келесі ке­зеңге өтсе, екі жыл бұрын КуПС клу­бына 4:5 есебімен жол бер­ген еді.

Іргетасы 1957 жылы қаланған «Хонка» командасы Еурокубок бәсекелерінде тәжірибелі клуб саналмаса да, Қостанайда өткен ойын­да алаң қожайындарын әбден әбігерге салды. Былтыр өз елдерінің чемпионатында қола жүлде иеленген екі ұжым арасындағы кездесуді «Тобыл» футболшылары белсенді бастағанымен, алғашқы голды қонақ команданың ойыншылары соғып кетті.

Бірінші таймның 39-минутында Лукас Кауфманның алыс бағыт­таған соққысының алдында «Тобыл» командасының қорғау­шылары да, қақпашысы да дәр­менсіздік танытып, гол өт­кізіп алды. Сөйтіп, «Хонка» фут­бол­шылары үзіліске көтеріңкі көңіл күйде аттанды. Дегенмен алғашқы 45 минутта «Тобыл» футбол­шылары қарсыластарына қара­ғанда қауіпті шабуылды көп ұйымдас­тырғанымен, бірде-бір мүм­кін­діктерін голға айналдыра ал­мады.

Үзіліс уақытында бас бапкер Милич Чурчичтен қажетті ақыл-кеңесті тыңдап шыққан алаң иелері екінші таймды өте қарынды бастап, қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі гол соғып, тамаша камбэк жасады. Алдымен ойынның 62-минутында шабуылшы Милян Вукадинович «Хонка» қақпасының алыс бұрышын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Соғылған голдан кейін Қостанайдағы орталық стадионға жиналған жанкүйерлер де, «Тобыл» футболшылары да рухтанып, шабуылдарын екі есе күшейтті. Нәтижесінде, екінші гол да көп күттірген жоқ. Матчтың 75-ми­нутында «Хонка» клубының қорғау­шылары мен қақпашысы өз айып алаңында пас алмасу кезінде бір-бірін түсінбей, доптан айыры­лып қалды. Ұрымтал тұсты Милян Вукадинович сәтті пайдаланып, дубльдің авторы атанды. Осы­лайша, екі ұжым арасындағы алғаш­қы кездесу 2:1 есебімен қос­танай­лықтардың пайдасына аяқ­талды.

«Тобыл» мен «Хонка» ара­сын­дағы қарымта матч 20 шілдеде Финляндияда өтеді. Егер жауап бәсекесінде жерлестеріміз жеңіске жетіп немесе тең нәтижеге қол жеткізетін болса, Конференция лигасының екінші айналымына жолдама алады. Ал бұл кезеңде «Тобыл» Швейцарияның «Базель» клубымен кездесуі мүмкін.

Сондай-ақ Конференция лига­сы­ның екінші іріктеу кезеңінде былтырғы ел чемпионатының күміс жүл­дегері «Ақтөбе» мен Қазақ­стан кубо­гінің иегері «Орда­басы» клубтары өнер көрсетеді. Шымкенттік ұжым 27 шілдеде өз алаңында Варшаваның «Легиясын» қабылдаса, «Ақтөбе» «Тор­педо» (Кутаиси) – «Сараево» (Бос­ния және Герцеговина) жұбының же­ңімпазымен кездеседі.