Бокс • 17 Шілде, 2023

«Чемпиондар кешіндегі» жекпе-жек

194 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық бокс қауым­дастығы (IBA) кейінгі жыл­дары спорт әлеміндегі абырой-беделін жоғалта бас­таған соң боксшылар мен жанкүйерлердің наза­рын аударту үшін түрлі іс-шара, жүлде қоры қо­мақты жарыстар өткізе бас­тады. Солардың бірі ре­тінде Таиландтың Пхукет аралын­да ұйымдастырылған «Чемпиондар кеші» шоуын айтуға болады. Бұл жерде жер-жаһанның ең үздік бокс­шылары іріктеліп, бір-бірімен жұдырықтасады.

«Чемпиондар кешіндегі» жекпе-жек

Бірер жылдан бері дәстүрге айналған биылғы бокс шоуына халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген әйелдер және ерлер құрамындағы үш бірдей отандасымыз шақырту алды. Атап айтар болсақ, 2016 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионы, 2022 және 2023 жылғы жаһандық доданың қола жүлдегері, 2021 жылғы Азия чемпионы және ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Валентина Халь­зова, ерлер арасындағы халық­ара­лық жарыстар мен ел бірін­ші­лігінің жүлдегері Мұхамед­са­быр Базарбайұлы және жуырда ғана Ташкентте өткен әлем чемпио­натының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов Пхукет шаршы алаңында жұдырықтасты.

Жекпе-жектер әдеттегі жарыс­тардан ерекшеленіп, жартылай кәсіпқой форматында ұйымдас­тырылды. Яғни ерлер 3 минуттан 5 раунд, әйелдер 2 минуттан 5 раунд жұдырықтасты. Сонымен қатар әйел боксшылар «Чемпиондар кешінде» алғаш рет шлемсіз өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн.

Таиланд шаршы алаңындағы бокс кешінің шымылдығын әйел боксшылар ашып, Валентина Хальзова екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің бес дүркін жүлдегері түркиялық Элиф Гюнермен қолғап түйістірді. Бұған дейін 71 кило салмақта жұды­рықтасқан екі боксшы бұл жолы 75 килода өзара кім мықтыны анықтады. Әлемдік жарыстарда әбден ысылып, тәжірибесі то­лысқан жерлесіміз бірінші минут­тан бастап кездесу тізгі­нін өз қолына алып, түрік боксшы­сының адымын аштырмады. Қарсыласының қорғанысын сәт сайын бұзып, дәл соққыларды көп жасап отырды. Жекпе-жек қоры­тындысында отандасымыз төрешілердің бірауыздан қабыл­даған шешімімен жеңіске жетті. Хальзова мен Гюнер биыл Үндіс­танның Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатының ширек фи­налында кездесіп, сол кезде де Валентинаның мерейі үстем болған еді.

Ерлер арасындағы жекпе-жек­тер кешін отандастарымыздан 63,5 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бастап берді. Ол биылғы әлем чемпионатының қаты­сушысы өзбекстандық Муд­жибилло Тұрсыновпен күш сынасты. Мұхаммедсабырдан өзге боксшының барлығы бұл бокс кешіне бір ай бұрын шақыр­ту алған болса, жерлесіміз ұйым­дас­тырушылардан жарысқа бірер күн қалғанда ғана ұсыныс алға­нын айта кеткен жөн. Одан бөлек, Базарбайұлы шілде айының басында Астанадағы «Елорда кубо­гіне» де қатысқан еді. Жарысқа дайындығы аз болғанына қарамас­тан, отандасымыз өзбек боксшымен болған айқаста еш қаймығып қалған жоқ. Дегенмен аса тартысты өткен кездесуде төрешілер өзбек боксшының қолын көтерді.

Қазақ-өзбек текетіресінің екін­ші жұбында Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында жұды­рықтасқан Дулат Бекбауов пен Асадхуджа Муйдунхуджаев жан­күйерлерге қызықты жекпе-жек ұсына білді. Өкінішке қарай, 71 кило салмақта өткен кездесу де өзбек боксшының пайдасына шешілді. Бұл – Бекбауов пен Муй­дунхуджаев арасындағы кейінгі екі жыл ішіндегі үшінші жекпе-жек. Бірінші рет екі боксшы былтырғы Азия чемпионатының жартылай финалында кездесіп, сол айқаста жерлесіміздің бағы жанған болатын. Ал кейінгі екі бәсекеде өзбек боксшысы мықтылық танытты.

«Чемпиондар кешіндегі» өзге де жекпе-жектерге тоқталар бол­сақ, әуесқой бокста барлық атаққа қол жеткізген Олимпиада, әлем және Азия чемпионы өзбек­стандық Хасанбой Дусматов әлем чемпионатының қола жүл­дегері испаниялық Мартин Мо­линадан басым түссе, Токио Олимпиадасының жүлдегері ресейлік Имам Хатаев екі дүркін Олимпиада чемпионы кубалық Арлен Лопесті жеңіп кетті. Ал бокс кешінің басты жекпе-жегінде 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы кубалық Хулио Ла Круз испаниялық Энмануэль Рейес­тен айласын асырды.

Осылайша, «Чемпиондар ке­шінің» жеңімпаздары Халық­аралық бокс қауымдастығы тарапынан чемпиондық белбеу мен 10 мың доллар көлеміндегі сый­ақымен марапатталды. Жеңілген бокс­шылар да сыйлықтан құрала­қан қалған жоқ, олар 5 мың доллар­ға ие болды.