Аймақтар • 17 Шілде, 2023

Жасыл желекке оранған шаһар

339 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Көнекөздер «бұрын Шымкенттің көше бойын жағалаған арықтарынан ­жазды күндері су сылдырлап ағып жататын» деп айтушы еді. Кейін тоқса­ныншы жылдары тоқырау заманы басталғанда мұның бәрі жоғалды. Одан кейін де талай уақыт өзгерді. Қала өз алдына отау тігіп, республикалық мәрте­­­бесі бар дербес мегаполиске айналды. Міне, сол тұстан бастап қаланың сәуле­тіне, оның ішінде ирригациясына, көгалдандыру мәселесіне шындап ден қоя бас­тады. Арықтардан су сарқырап ағып жатқан бұрынғы көріністі қайта қал­­­пына келтірудің реті мен сәті енді түсіп отыр. Өйткені қала өркениеті қай жағы­­­нан алып қарағанда да заман талабына сай дамудың үрдісінен қалмауы керек.

Жасыл желекке оранған шаһар

Осынау ауқымды жобамен айна­лы­сып жатқан мекеме – қалалық Жайлы орта­ны дамыту басқармасы. Алғашқы құрыл­ған кезде басқарма міндетіне тек көгалдандыру жұмыстары кірсе, бүгін­де оған жүктелер қызмет аясы кеңей­ген. Басқарма жоғарыда аталған мін­дет­тен бөлек, саябақ, гүлзар, субұрқақ, ескерт­кіштерді күтіп ұстау, саябақтар құры­лысын жүргізу, күре жолдардың таза­лы­ғына жауап беру, қатты тұрмыстық қал­дық­тардың полигонының қызметін іске асы­ру, су шаруашылығы, оның ішінде арық­-арналарды тазалау мен жөндеу, құры­лысын салу секілді жұмыстарды да қоса атқарады. Басқарма басшысының орын­басары Мақсат Әбдіқадіровтің айтуынша, бүгінгі таңда мекеменің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру. Дегенмен ол оңай шаруа болмай тұр. Өйткені климаттың өзгеруінен бүгінде жер-жерде су жетіспеушілігі орын алып жатыр. Мегаполис те бұл мәселеден шет емес. Шаһарда орналасқан ең ірі орман алқабы дендросаябақтағы көлге су 23 шақырым жырақта жатқан үлкен Бадам су қоймасынан келеді. Кейінгі жылдары аталған су қоймасындағы су деңгейінің азайғаны байқалады. Зоо­саябақ маңындағы көлге де су 18 шақы­рымды құрайтын канал арқылы ұзақ­тан­ келеді. Жалпы алғанда басқарма иелі­гінде 34 канал, 2 өзен бар. Соның ішін­де 27 канал ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы нысанға кіреді. Осы каналдармен мегаполистің шаруалары егістіктеріне су алып отыр. Қала ішінде ағып жатқан екі өзен – Қошқарата мен Қарасу өзендері. Бүгінгі таңда 7 канал­ға күрделі жөндеу жүріп жатыр­. Бұл су жүйелері Сайрамсудың оң жаға­лауындағы үлкен каналдан тарайды. Қала іргесінен өтетін Бадам өзені­нің­ бірнеше жерінен шлюздер орна­тыл­ған. Сол арқылы шаһарға су тарай­ды.­ Бастауын Бадамнан алатын су жүйе­ле­рі­нің бірі – Қос диірмен мен Сасық-1 каналдары. Бұдан бөлек Бадам­ның­ шығыс жағындағы шлюзден қалаға қарай­ Шымкент каналы арқылы су барады.

«Су жетіспеушілігінің бір себебі көп­теген арық-атыз әбден ескіріп тоз­ған. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары­ пай­да­ла­нуға берілген каналдар сол уақыттан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Бе­тон­ды­ арықтардың табаны әбден мүжіліп кет­кен­діктен, аққан су жетемін дегенше жар­тысынан астамы жерге сіңіп кетеді. Жыл­дың басында мегаполиске текше­ метрі мына көлемде су келу керек деген жос­пар қоямыз. Оны Арал-Сырдария бас­сейні ұйымымен, «Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігімен және «Қаз­сушар» мекемесімен бірлесіп бекі­те­міз. Осылайша каналдардан 10 текше метр су алуымыз керек еді, алайда келген судың көлемі екі-ақ текше метр болды. Бұл су қалаға кіргенімен жол-жөнекей жерге сіңіп жоқ болады. Міне, осы жағдай орын алмау үшін қазіргі таңда каналдарды бетондап, күр­делі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бірінші кезекте Оң жағалаудағы каналды қалпына келтіруден бастадық. Ол өзінің нәти­жесін көп күттірген жоқ. Жөндеу аяқ­талған соң осы каналдан егістігін суа­ра­тын шаруаларға су тез баратын болды. Көк каналынан да шаруаларға су 6 сағат­та келетін. Жөндеу жұмыстарын бітірген соң диқандардан арнайы барып нәтижесін сұрап көрдік. Сонда су­дың келуін 6 сағат сарыла күткен шаруа­лар мәз болысып, жарты сағатта канал­дан су жетіп келетін болды деді қуа­нып. Каналдар құрылысының ди­қан қауымына беретін оң әсерін осы­дан­-ақ бірден аңғаруға болады», деді М.Әбдіқадіров.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ерте­ректе шаһардың көшелеріндегі арықтарынан су ағып жататын. Әйтеуір кейін сол ақпай қалды. Енді былтырдан бері басқарма осы мәселені зерттеп, қолға ала бастапты. Басқарма өкілінің айтуынша, дендросаябақты ағын сумен қамтамасыз ететін Бадам магис­тралды каналы – БМК-ның қаланың шығыс жақ бөлігінде Р-3 деп аталатын құлағы бар екен. Бұл кіші канал арқылы қалаға су кіреді. Мекеме ендігі жерде осы құлақты және одан ішке қарай кеткен каналды жөндеуге кіріскен. Себебі басқарма қолға алған тірлікті аяғына дейін жеткізіп, шаһар көшелерін жағалай жатқан лотоктарға қалайда су беру керек деген ұстанымынан ажырамай отыр. Осы ретте мекеме мамандары кезінде су шаруашылығында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлерін іздестіріп тауып, солардың көмегімен, ақыл-кеңесімен Шымкент каналынан су алатын Жаңа шек каналының сағаларын анықтаған. Шаһардың ішін аралап өтетін Шымкент каналы Кіші Самал елді мекеніне келіп тақалады да ары қарай жалғаспайды. Өйткені канал жолының үстіне құрылыс нысандары салынып кеткен. Ал Жаңа шек каналы Қарасу өзеніне қарай қосылып кетеді. Қаладағы арық-атыздарға су бару үшін алдымен Шымкент каналына күрделі жөндеу жүргізілуі қажет. Бұл – басқарма өкілінің пікірі. Себебі каналдың көп бөлігі тозып кеткен. Мәселен, 11-шағынауданы тұсындағы каналдың бөлігінде бетондар үгітіліп, тақыр жер ғана қалған. Суды қазір әкелгеннің өзінде жер тоймай, су ақпайды. Келгенімен жерге сіңіп кете береді. Сондықтан канал құрылысына бюджеттен ақша бөлдіру үшін аталған жобаның алдымен жобалық-сметалық құжаттамасын жасатпақшы. Жаңа шек каналы да жоба аясында жөндеу көреді. Жобаның құжатын жасау үшін құрылыс нормалары және ережелерінде жазылған бағаларға сүйеніп, алдын ала бюджетке тапсырыс беріп көріпті. Басқарма өкілінің айтуынша, күзге қарай құрылыста басқа да салаларда игерілмей қалған қаржылар анықталады. Сол қаражаттың есебінен жобалау құжатына қаржы бөлуге өтініш жасамақшы. Каналдарды жөндеу, жаңасын салу күрделі құрылыс нысаны болғандықтан жобалау-сметалық құжаттамасын әзір­леуге кемінде бір жыл уақыт кетеді. Оның негізгі бөлігін құрылыс жобасын әзірлеу жұмыстары алса, мемлекеттік сараптамадан өтетін уақыт та екі айдан аса мерзімге созылады. Кейбір құрылыс нысандары жекеменшік сараптамадан өтуі мүмкін, ал мұндай гидротехникалық күрделі құрылыс жобаларына міндетті түрде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қажет. Міне, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғаннан кейін құрылысты бастауға бюджеттен қаржы талап етеді. Маманның болжауынша, каналдарды жөндеу мен құрылысына шамамен 50 млн теңге қаражат жұмсалатын көрінеді.

ф

ф

«Жалпы су шаруашылығын дамытуды 4 бағытқа бөлдік. Оның біріншісі – суды үнемдеу. Осының аясында каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Екіншісі – жайлы ортаны қалыптастыру. Бұл бағытта қала ішіндегі арықтарға үлкен каналдар арқылы су жібереміз. Көше бойында су ағып жатқан соң ол жазда күннің аптап ыстығында ауа температурасын сәл де болса төмендетуге септігін тигізеді. Арықтарға су жіберудегі негізгі көздеген мақсатымыз да – осы. Екінші бір пайдасы кішігірім арық-атыздарға қоқыстар тұрып қалмайды. Ал бүгінде қалада жауын қатты жауғанда көп аумақтарды су басып қалады. Не үшін? Өйткені ирригациялық жүйелердің іші қоқысқа толып жатады. Әсіресе жолдың астында жатқан құбырлардың іші бітеліп тұрады. Сондай кезде нөпірмен аққан су қоқыспен араласып, одан кейін жарты жолда кептеліс туындап, арты су тасқынына ұласып кетеді. Ал егер арықтардан үнемі су тоқтамай ағып жатса, ешқандай қоқыс та, тал-теректің жапырақтары да үйіліп жатпас еді, су жүретін жолдар тап-таза болатын еді. Ендігі кезекте ирригациялық жүйелерді қалпына келтірумен бірге жаңасын салуды қолға алып жатырмыз. Оны Ақпан батыр мен Түркістан көшелерінен бастап кеттік. Мұны еріккеннен емес, су тасқынының алдын алу үшін жасап отырмыз. Мәселен, Түркістан көшесіндегі лотоктарды аққан жаңбыр суы Қошқарата өзеніне барып құятындай есеппен орнатудамыз. Осы тұста қала тұрғындары жұмысымызға түсіністікпен қараса дейміз. Мұның бәрі де – сол тұрғындардың, мегаполистің жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан оң қадамдар. Өйткені кей жағдайда есігінің алдын қаздыруға тұрғындар келіспей қарсылық көрсетіп жатады. Сондықтан бұл бір адамның емес, бүкіл қала жұртының пайдасына бола қолға алынып жатқан игі іс екенін халық жақсы түсінсе екен деген тілек бар», деді М.Әбдіқадіров.

Өз кезегінде маман су шаруашылығын дамытудың үшінші бағытын атап өтті. Бұл – жасанды көлдер жасау. Келешекте оның тұжырымдамасы бекітілмек. Сонда болашақта қала ішінде шағын көлдер пайда болады. Яғни Алматы қаласының саябақтарындағы секілді кішігірім су айдындарын жасау жоспарда бар. Нақты іске көшу үшін әлі гидротехникалық мәселелер шешіліп, орналасатын жері анықталуға тиіс. Негізінен алғашқы шағын көлдің мекені ретінде шаһардағы Абай саябағы қарастырылып отыр. Өйткені аталған демалыс орны мегапо­лис­тегі ең үлкен саябаққа кіреді және күнделікті келіп-кететін адам саны да жоғары. Сондықтан құрылысқа кіріспес бұрын әуелі топырақтың сынамалары алынады, судың жерге сіңіп кету мүмкіндігі қарастырылады. Сол секілді гидротехнологиялық зерттеу жұмыстары әлі көп. Мегаполистің басты жақ бөлігі Ақжар мен Ақтас елді мекендерінің тұсында халық ауызекі тілде атап кеткен Комсомольский көлі болған екен. Ендігі кезекте басқарма осы аталған көлді қайта қалпына келтірмекші. Көлге су көктемде ғана жаңбыр суымен аз-маз толады да кейін жаз шыға су тартылып, орны қаңсып қалады. Бұл мәселемен де бүгінгі таңда әкімдіктің көгалдандыру ісіне жауапты мекеме мамандары қызу айналысып жатыр.

Сондай-ақ басқарма өкілі мына мәселе де назар аудара кетті. Бұры­ны­рақта тауда, Алатаудың шыңдарында жаз айларында да қар жататын. Қазір жағдай мүлдем басқаша болып барады. Сол таудың етегінде тұратын ауыл ақсақалдары да мұны мойындайды. Осы күнде тау биігінде қар қалмайтын болды дейді олар. Маманның айтуын­ша, кейінгі жылдары байқалған табиғи құбылыстың бірі қыста жауған қар көктем шыға мол нөсер мен жылы ауа райының әсерімен тасқын боп өзендерге құйылады да, содан көп ұзамай таудың шыңдарында қар еріп кетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын басқарма мамандары сол көктемгі тасқыннан аққан көл-көсір суды ұстап қалудың қамымен Түркістан облысының әкімдігіне ұсыныспен шыққан екен. Төлеби ауданындағы Балдыберек мен Қасқасу өзендерінің түйіскен жерінен тоған жасау туралы ұсыныс айтыпты. Бұл мәселені қала әкімдігі қанша көтергенімен, Түркістан әкімшілігі тарапынан әлі толық шешім қабылданбаған көрінеді. Қос өзеннің түйіскен аймағы – тоған жасауға сұра­нып­ тұрған жер, жан-жағы биік қырат. Тек алдын бөгеп, өзеннің арнасын байласа жеткілікті. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, жалпы су шаруашылығын дамыту жобаларын басқарма алдағы уақытта қала әкімі Мұрат Әйтеновке таныстырып, содан соң мәслихат арқылы нормативті-құқықтық акт ретінде бекітіп алуды ұйғарып отыр. Мәселен, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өздерінің жобаларын осындай жолмен бекітіп алған. Бұл ең әуелі ертеңгі күні жоспарланған жобаларға бюджеттен тұрақты қаржы бөлдіріп отыру үшін аса қажет. Бүгінгі таңда қалаға келіп жатқан суларды пай­даланудың нақты үлесі 30 па­йыз­дан­ енді ғана асты. Қалғаны қайда дей­тін шығарсыздар? Ол жоғарыда ай­тылғандай, каналдардың тозығы жеткендіктен келіп жатқан судың көбісі діттеген жеріне жетпей, орта жолда топы­раққа сіңіп кетуде. Сондықтан канал­дарды жөндеуге бағытталған жобалар нақты іске асқан жағдайда 2028 жылға қарай ағын судың 85 пайызын ұстап қалуға мүмкіндік тумақ. Бұл – әзірге болжам мен жоспар ғана. Егер бюджеттен қаржыландыру мәселесі жеткілікті деңгейде шешімін тапса, бұл межеге әлдеқайда одан ертерек те жетуге болатын көрінеді.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, мегаполисте 9 ірі саябақ бар. Соның ішінде дендросаябаққа бүгінде ерекше көңіл бөлініп отыр. Мойындау керек, кейінгі жылдары су тапшылығының салдарынан аталған саябақта суландыру бойынша біраз мәселе туындап еді. Жергілікті әкімдіктің жылдам әрекет етуінің нәтижесінде өте сирек кездесетін ағаштарды қуратып алуға жол берілмеді. Қазіргі таңда саябақта 4 ұңғыма қазылып, гидротехникалық жүйелер қалпына келтіріп, біразы жаңаланды. Соның есебінен саябақта суландыру жүйесі қалыпқа түсіп, ағаш-талдар қайта жасыл түске боянды.