Экономика • 18 Шілде, 2023

Қант тапшылығы қайталана ма?

420 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр жазда бүкіл елді дүрліктірген қант мәселесінен кейін еліміздегі қызылша алқабының көлемі екі есеге – 10,2 мыңнан 19 мың гектарға дейін өскен. Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында отандық өніммен қамту көлемі небәрі 7 пайыз екені жазылған. Қалғаны – қайта өңдеуге арналған импорт шикізат пен дайын құмшекер.

Қант тапшылығы қайталана ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша жыл сайын ал­қапты кем дегенде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы қант тапшылығынан біртіндеп құтылуға болады. Жылына осынша гектар қосқанда 2026 жылы қызылша тұқымы егілетін аумақ 38 мың гектарға ұлғаяды екен. Бірақ бұл ретте көлденеңдеп тағы бір түйткіл шыға береді, ол – қант қызылшасын суармалы егістікте өсіру қажеттілігі. Құрғақ климатты Қазақстанда бұл едәуір қиындық тудырады. Алқаптың ке­ңеюіне су тапшылығы, суару желі­ле­рінің тозып кеткендігі және күрделі инфрақұрылымдық түйткілдер кедергі келтіріп тұр.

Кешенді жоспарда алдағы үш жылда елімізде ылғал үнемдейтін тех­нологияларға арналған алаңдар кеңей­тілетіні көрсетілген. Фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін билік жерасты суларының кен орындарын алдын ала барлау және суару желілерін қайта құру арқылы шығындармен жұмыс істемек.

Фермерлердің айтуынша, алқапты 38 мың гектарға жеткізіп, Қазақстанды қантпен қамтимыз деуге келмейді. Ол үшін алқап кемі 120-150 мың гектарға жетіп жығылуы керек екен. Қазақстан іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Қанат Әбілмағжановтың сөзінше, оңтүстікте ондай ауқымды аумаққа тек қызылша егіп тастау мүмкін емес. Өйткені онда өтімділігі жоғары жеміс-жидек және бақша дақылдары көбірек егіледі.

«Алайда қызылшаны орталық, шығыс және солтүстік өңірлерде де өсіруге болады. Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстарында тіпті тәжірибелі егістер де жүргізілді» дейді. Алайда қант қызылшасын солтүстікте егудің де әлегі аз емес. Егер егетін болса, онда дереу қант кластерін құрып, егіншілік пен өң­деу­ді біріктіру керек, дейді мамандар. Өйткені қызылшаны тиеу және түсіру кезінде ысырапқа көп жол беріледі екен. Ал ондай жағдайда тасымалдау қажет емес. Тасымалдың өзі – қып-қызыл шығын.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мамандары қант қы­зылшасын «Ертіс-Қарағанды» каналына таяу территорияда өсіруге болатынын айтады. Қысқасы, қант өсіруге су көбірек керек екені түсінікті. Жамбыл облысы қант қызылшасын өсірушілер бірлестігінің төрағасы Саха Манатов 2021 жылы су тапшылығы салдарынан 220 гектар қызылша өнімін жоғалтқанын мәлімдеді. Сөйтіп, егіс алқабы екі есеге бір-ақ қысқарған.

ф

Energyprom мәліметінше, қант қы­зыл­шасы алқаптарының жал­­пы қысқаруы өткен жылы 30%-ды, ал бір жыл бұрын 4,5%-ды құрады. Бұл өз кезегінде түбірлік дақылдың жалпы өнімінен көрінді – көрсеткіш төрт жыл қатарынан теріс төмендеді. 2022 жылы қызылша түсімі 305,7 мың тоннаны құрады, бұл өткен маусыммен са­лыс­тыр­ғанда 8%-ға аз. Ал егер ең жо­ғарғы нәтиже көрсеткен төрт жыл бұ­рын­ғы көрсеткішпен (504,5 мың тонна) салыс­тырар болсақ, айыр­ма­шылық 40 пайыз болады.

«305,7 мың тонна қызылша жиналған кезде қант өндірісі 281,8 мың тоннаға жетті. Қызылша – дайын өнім аз алынатын дақыл. Бір тонна тамыр дақылынан 100-150 кило ғана қант өндірілді. Сонда 305,7 мың тонна шикізаттан 34 мың тоннадан сәл асатын қант әзірленеді. Елі­міздегі тәтті қанттың негізгі бөлігі им­порттық ши­­кі­заттан өндіріледі. Сон­дық­тан қант өн­­дірісі бойынша цифрлар ауыл шаруа­шы­лығы статистикасымен сәйкес келе бермейді. Қант қызылшасы бойынша көрсеткіш құлдыраған кезде соңғы екі жылда қайта өңдеу саласында өсім бай­қалды.

2022 жылы төрт отандық қант зауы­тында 281,8 мың тонна қант шыға­рыл­ды. Бұл – алдыңғы жылдан төрт есе көп. 2021 жылы Ұлттық статистика бю­росы 60,9 пайыз динамика туралы мәлімет берді. Өндіріс отандық қызылша есебінен өсіп отырмағаны бел­гілі. Биыл бірінші тоқсанда 67,7 мың тонна түйіршектелген қант шығарылды. 2022 жылдың бірінші тоқсанымен са­лыс­­тырғанда 76,2 пайызға жоғары», деп мәлімдейді Energyprom.

Ең қызығы, импорттық шикізаттың кө­мегімен де отандық өндіріс ішкі қажет­­тілікті тек 50 пайызға жабады. Тәтті өнімнің басты жеткізушісі – Ре­­сей. Былтыр дәл осы Ресей билігінің қант экспортын уақытша шектеу туралы бұй­рығы елімізде дүрбелең (қант тап­шы­лығы, қант бағасының күрт өсуі) тудыруға жеткілікті болған еді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық шикізаттан қант өндіру 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға төмендейді.

«Оның бәрі жол картамызда көрсе­тіл­ген. Фермерлерді қолдау бо­йынша субсидия мөлшері ұлғайтылды. Зауыттар – 15 мың теңге, мемлекет – 25 мың теңге субсидия төлейді», дейді ведомство басшысы.

Жалпы, 90 жылдардан бері қант қызылшасы алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін азайып кеткен. Тізбелей берсек, оған себеп болған фактор көп – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шағын болуы, им­порттық тұқым құнының жоғары­лы­ғы, фермерлердің техникалық жарақ­тан­ды­рылуының төмен деңгейі және сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, рес­публика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен 35%-ды, қант импорты есебінен 58%-ды құрайды.

Ендігі үміт – 2026 жылға дейін іске асуы тиіс кешенді жоспарда. Жос­пар 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұрады. Онда қант қызыл­ша­сының егіс алаңдарын кеңейту ар­қылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сондай-ақ жаңа инно­ва­ция­лық зауыт салу қарас­ты­рылған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің көздегені – кластерлік тәсіл. Қант қызылшасын өсіретін фермерлер зауыт төңірегіне топтасады. Қант зауыты оларға ауыл шаруашылығы техникалары, тұқымдар бойынша көмектеседі. Кешенді жоспарда суару мәселесі шешімін табады деп көрсетілген. Өйткені бізде тек жер жетіспеушілігі емес, суарылған жер жағдайы да – үлкен проблема. Ал қызылша бір маусымда бес мәрте суа­руды қажет етеді», дейді Қант, та­мақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауым­дастығының президенті Айжан Наурызғалиева.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, елде қант тапшылығы бойынша қауіп жоқ, бірақ қант бағасының қымбаттауына қатысты тәуекел бар.

«Біз қанттың көтерме бағасына минималды деңгей енгізгіміз келген. Бірақ қант қымбаттап жатқандықтан тоқ­тат­тық. Біздің қанттың өндірісі Ресей­дікінен қымбат, өйткені ол қамыс­тан жасалған. Қалай болғанда да отандық зауыттарды қолдау шаралары, субсидиялау нұсқасы қарастырылып жатыр», деді министр.

Қазір елімізде төрт қант зауыты жұмыс істейді, олар – Меркі, Тараз, Ақсу, Көксу зауыттары. Солардың ішінде ең шағыны – Көксу қант зауыты. Олар тәулігіне 2 000 тонна қызылша, 300 тонна шикізатты өңдей алады. Өзге за­уыт­тардың қуаттылығы бұл көлемнен екі есе жоғары.