Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазір әлеуметтік желіде шекара асып, шет мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың бейнежазбасы көптеп кездеседі. Мәселен, Ұлыбританияда құлпынай теріп, аптасына 250-300 мың теңге тауып жүрген Лалагүл Құдайбергенқызының «TikTok»-тағы видеосы бірнеше күн трендтен түспеді. Осындай әжептәуір жалақы мен жұмыс сағатына қызыққандардың дені – жастар.
Күнкөріс қамы үшін елінен жырақта қарға қуып, құлпынай теріп, егіндікті суаратындардың қатары көбейгені жасырын емес. Кейіпкеріміз 45 жастағы келіншек те несиесін жабу үшін Ұлыбританияда таңғы 4-те тұрып, еңбек етуге мәжбүр. Төрт баланың анасы мұндағы еңбекақы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп екенін айтады.
– Бұрын Қазақстанда түрлі жерлерде аспаз болып та, базарда жүріп те 300 мың теңгені айына алып қанағат еттік. Ал мұнда бұл ақшаны аптасына тауып жатырмын. Жұмыс қатты қиын да, оңай да емес. Бастысы, табысы мол. Таңда басталып, түстен өте аяқталады. Арасында 1 сағат тынығу мен тамақтануға беріледі. Мұнда тіпті 50 жасқа дейінгі адамдар да еңбек етуіне болады, – деді Лалагүл Құдайбергенқызы.
Лалагүл секілді тұманды Альбионда жұмыс істеп жүрген жастың бірі – Ильдар Ягяев. Белгілі спортшы, Гиннес рекордтар кітабына екі мәрте енген, стритлифтинг пен стритворкауттан әлем чемпионатында жеті медаль жеңіп алған Қазақстан азаматы қазір Англияда көкөніс теріп жүр.
– Жұмыс істеуге рұқсат алты айға ғана беріледі. Мен Англияға көктемде келгенмін. Бастапқыда қара суық еді. Қазір ауа райы әлдеқайда жақсы. Біз жұмыс беруші ұсынған көлікпен алқапқа жетеміз. Газдың ақысын жауып, көлік жүргізетін жігітке қосымша ақы төлейді. Алғашында далада қырыққабат пен брокколиді қолыммен теретінмін. Кейін қызметім жоғарылап, қазір трактор жүргізіп жүрмін. Жаз маусымы жұмыстың қызып тұрған шағы. Айына 2000 фунт стерлинг шығады, бұл шамамен миллион теңгеден асады. Оған менің сақтандыруым мен салықтарым кіреді. Яғни қызметкерлердің ай сайынғы жалпы табысының 20% көлемінде салық төлеуге кетеді. Ал өмір сүруге маған аптасына 60 фунт жеткілікті. Теңіз жағасындағы төрт қабатты үйде басқа да жұмысшылармен бірге тұрамыз. Ақшаның көп бөлігін отбасыма жіберемін. Мені үйде ата-анам, әйелім, балаларым күтіп отыр. Қазақстанда мұндай ақшаны әрең табатын едім. Ол үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, күніне 2-3 сағат ұйықтауға тура келеді. Ақтауда спортты дамытуға деген талпыныстарым нәтижесіз болды. Туымызды желбіретіп, қаншама ауқымды жарыстардан жүлделі оралдым, тіпті әуежайдан ешкім қарсы алмады. «AktauOpenFest» – Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба. Бұл фестивальде көше спортына көп көңіл бөлінді: баскетбол, стритлифтинг және стритворкаут. Бірақ кейбір түсініксіз жағдайларға байланысты фестивальді өткізу тоқтатылды. Өңірде көше спортына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтінін тізбектеп, облыс басшылығының назарын аудару мақсатында парақшамда пост жариялағанмын. Салдарынан маған бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетті. Түсінбеушіліктер болды, – деді ол.
Әлеуметтік желідегі қарға қуған қазақтың бейнежазбасы көптің есінде шығар. Онда отандасымыз Англиядағы егістікте жүріп, бір күнде 12 сағат жұмыс істеп, 72 мың теңге алатынын айтқан еді. «Менің жұмысым – мынау үлкен алаң, бірақ бұл жерде не өсетінін білмеймін. Тек осы жердегі қарғаларды қуамын. Сосын сөмкемде жарылғыш заттар бар, қажет болса, сонымен атамын. Қарғаларды қуу – күлкілі, бірақ күшті жұмыс», дейді ер адам.
«Iskeradam» парақшасындағы бұл жазбаның комментарийіне көз салсақ: «Өскенде кім боласың десе, қарға қуамын» деп қалжыңдасса, енді бірі «Шетелге осындай жұмысқа орналасу қаншалықты қауіпсіз?», «Жұмыс тауып беретін орталықтарды қайдан тапса болады?», деген сауалдарын жолдап әлек.
Әркім-ақ таласатын жұмыс. Өйткені шетте жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргендердің біразы елдегі қарызынан құтылып, бір айда темір тұлпар сатып алған. Әрі Ұлыбритания ТМД елдерінен еңбек иммигранттарын тарту мақсатында бөлінетін квота санын арттырды. Оған басты себеп – Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермалардағы маусымдық жұмыскерлер санының азаюы. Бұған қоса елдің Еуропалық Одақтан шығуы да мәселені одан сайын ушықтырған. Сондықтан ағылшындар ауыл шаруашылығы шатқаяқтап қалмас үшін, биыл жалдамалы жұмысшыларға 45 мың квота бөлген.
Осы аралықта «Батыс елдерінің еңбек визасын алып беремін, сол жақтан жалақысы жоғары маусымдық жұмыс ұсынамын» деп уәде беріп, Орталық Азияда жүздеген адамның табанақы маңдай термен жиған пұлын алып, тақырға отырғызған алаяқтар жетерлік. Олар өздерін әдетте шетелдік фирма өкілі немесе делдал ретінде таныстырып, алдын ала қызмет көрсету ақысын төлеуді сұрайды екен. Мұндай әккілердің құрбаны болған қазақтар да бар.
– Мен Англияға барып жұмыс істеуге болатынын достарымнан естідім. Олар айына миллион табуға болады деген соң, қатты қызығып, интернеттен осы жаққа жұмысқа орналастырып беретін компанияларды іздестірдім. Әрқайсысына хабарласып, қызмет құнын сұрадым. Ақысы да аспандап тұр. Менде 200 мың теңге қайдан болсын, студентпін ғой, арзан дүниені іздейміз. Сөйтіп бір танысым, маман тапты. Бастапқыда 100 мың теңге төлеп, Англияға барған соң, жұмысыңды көргеннен кейін қалғанын беруге болады деп, келістірді. Әрине уайымдадық. Бірақ тәуекел етіп көрейік деп келіскен соманы аудардық. Артынша бір-екі апта күттік. Осы аралықта құжаттарымызды сұрап та үлгерді. Әлдебір қағаздарды жіберіп, толтыруын өтінді. Содан кейін, ол адам телефон көтермей, біртіндеп ізін суытты. Олар кіммен, қалай байланысу керек екенін жатқа біледі. Түптеп келгенде, ақшасыз, жұмыссыз қалдық, – деді Мұхаммед Ұлықпанов.
Келеңсіз жайттарды алдын алу үшін Британ үкіметі «Concordia», «Pro Force Limited», «Fruitful Jobs» және «AG Recruitment and Management Ltd.» атты ірі рекрутингтік компанияны іріктеуден өткізген-ді. Олар тегін қызмет көрсетеді. Жалпы, бұған дейін де отандастарымыз Англияға заңды түрде «Seasonal worker (Tier-5)» визасын алып, ұшақ билетін ғана төлеп, жұмыс істеді. Азаматтар көкөніс пен бау-бақша секторында, өндірістік орындарда 6 айға дейін еңбек етті. Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің былтырғы дерегіне сүйенсек, қаңтар-маусым аралығында Қазақстаннан 1 700-ге жуық адам жалдамалы жұмысқа тартылған.
Шетелге жөңкіле бастағандардың дені жастар деп айттық. Әлеуметтанушы Айдын Лұқпановтың айтуынша, жеткілікті деңгейде тәжірибе мен қарым-қабілеті болмаса, елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарға 500 мың теңге мен 1 млн теңгенің айналасында жалақысы бар жұмыс табу қиын екен. «Ал олардың танымы баяғы қазақы қанағатшылдықтан гөрі, жетілсем, көрсем деген қағидатпен өмір сүреді. Сондықтан эмиграцияға итермейтін бірден бір фактор – Қазақстандағы жалақының аздығы» деген ойда әлеуметтанушы.
– Еңбек ресурстарын әлі де реттеу керек. Қанша грант бөліну керек, қандай ауылға қандай мамандар жетіспейді барлығын жіті бақылау қажет. Бұрын жақын шетелдегі жұмыс күші өз елдерімен салыстырғанда мол табыс табу үшін құрылыс, қызмет көрсету бойынша Қазақстанның есігін қағатын болса, енді өз отандастарымыз шетелге нәпақа табу үшін шекара асуы қатты ойландырады. Әрине, күнкөріс қамы үшін ғой. Бірақ бұл мемлекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Қол бұлғап шақырып отырған Англия, Канада, Оңтүстік Корея сияқты елдер, іргеміздегі Ресейге де екі қолға бір күрек табылар деп алты айлап жұмысқа кетіп жатқандар күні бүгінге дейін бар. Өйткені қазір жұмысың болса, болашаққа сеніммен қарайсың. Балаларыңды алаңсыз асырай алатыныңды түйсінесің. Бұл – мемлекеттік деңгейде қаралуы керек мәселе. Бізде жұмыссыздар саны әлі азаймай тұр. Оның үстіне жалақы төмен. Айлығы шайлығынан аспай отырған отбасылар көп. Біреулер баласының оқуын өтеу үшін зар жүгірсе, кейбіреулері бүгінгі асын тауып берсем болды деп тыраштанып жүр. Үкімет жалақы мен жәрдемақыны, зейнеткерлердің ақшасын өсірдік дегенінің ертесінде тамақ бағасы да қымбаттап кетеді. Оған үйрендік. Еңбек нарығында бизнес тарапынан, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жұмыстың өтемақысы өте төмен. Тек айтарым, бізде орта тап қалыптаспай, қоғамда тұрақты даму болмайды. Мейлі 10-15% бай болсын, бірақ 70%-ы өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын азаматтар болуы қажет. Сонда ғана елде әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарады, – деді Айдын Лұқпанов.
Қош, Англияға барып-келгендердің барлығы мемлекет бақылауында дедік. Ал Оңтүстік Кореяға заңсыз жолмен кететіндердің де қатары жыл сайын артып келеді екен. Корей еліне ағылған отандастарымыздың саны екі жыл бұрын 35 мыңға жеткен. Бүгінде статистика бұдан артпаса, кемімегені анық. Бұл алаңдатарлық жағдай. Бірнеше ай бұрын әуежайдан қашқан екі қазақтың оқиғасы көптің көңіліне қаяу түсірген еді. Өйткені Оңтүстік Корея билігінің үкімімен шекараны кесіп өтпек болғаны үшін ғана 15 жылға темір торға тоғытылған-ды.
– Басты мәселе – еңбек етуге заңнамалық негіз, рұқсаттың болмауы. Кезінде 2014 жылы Корей елі «Еңбекке рұқсат беру» жүйесін ұсынған болатын, бірақ ол кезде жағдай басқа болды, бүгінгідей қажеттілік болмаған. Сол себепті ұсыныстан бас тартқанбыз. Қазір отандастарымыздың біразы сол елде заңсыз қызмет етіп жүргендері бәрімізге аян, сондықтан халықтың сұранысына орай еңбек етуді заңдастыру басты мәселеге айналып отыр. Алдағы екі жыл ішінде Қазақстан ірі компаниялар шоғырланған Оңтүстік Корея, БАӘ, Түркия сынды барлығы 5 елмен келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Ол үшін алдымен жұмысқа жіберетін елдегі ірі компаниялармен келісімшартқа отыру, сосын біздің отандастар жиі баратын елдермен азаматтардың құқықтарының қорғалуы жөнінде келісімге келу қарастырылған, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин.
Егер көзделген елдерде заңды негізде еңбек етуге рұқсат етілсе, жұмыс берушілерден уақтылы жалақы төлеуін, тиісті әлеуметтік жарналар мен медициналық сақтандырудың жүруін талап етуге толық құқылымыз. Егер заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда сотқа жүгіне алу, жалпы жырақта жүріп жан баққан отандастарымызды қорғай алуға мүмкіндік ашылады. Бұған қоса тосыннан тосырқататын жайттар туындағанда елшілік арқылы оларды елге қайтару, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері арқылы отанына оралуға кепілдік болады.
Әзірге Ұлттық статистика бюросының дерегін ескерсек, елдегі 14-29 жас аралығындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды. Демек жастар Қазақстанда жақсы жалақы тауып, жарқын өмір сүруі үшін әлі біраз уақыт керек. Өйткені біз көтерген бір ғана проблеманың астарында рет-ретімен тізбектелген мемлекеттік деңгейде шешетін бірнеше мәселе жатыр.