Айталық, мұндай қылмыстар білім саласында да аз жасалмапты. Мысалы, жуырда прокурорлар Жетісу облысының Ақсу ауданында өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 40 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікпен балабақша бухгалтерін ұстады. Жымқыру фактісі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталған. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген қаражат арасындағы айырмашылық байқалған.
Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (аса ірі мөлшерде ұрлау). Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тексеріп жатыр. Бұл баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Сонымен қатар Ақмола облысында 83 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген бухгалтерлер анықталып отыр. Мысалы, Бұланды ауданында балабақша бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударып келген. Аударымдардың шынайылығын көрсету үшін бухгалтер тауарларды жеткізуге келісімшарттар жасалған кәсіпорындардың атауларын көрсеткен. Банктік шоттар оның жақын туыстарына рәсімделіп, бухгалтер жұмыс істеген кезеңде барлығы 47 млн теңге аударылған.
Ал Степногор қаласының мектептерінің бірінде бухгалтер өз шотына 36 млн теңгені жалақы ретінде заңсыз аударған. Осы фактілерге орай ҚК-нің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі бойынша іс тіркеліп, Ақмола облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары және Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті оны қарап жатыр.
Қазақ «Ұрлық жерде жатпайды» дейді. Күндердің күні әйтеуір бір жеріңді тесіп шығатыны ақиқат. Жоғарыдағы қылмысы әшкереленген адамдардың жағдайы өзге де жандарға «сабақ» болса жақсы...