Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж. Әр балаға ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы. Себебі, үйінде өзін жақсы көретін, өзіне қамқор болатын, қорғайтын адамдар тұрады деп ойлайды. Өкінішке қарай, балалар өз үйінде қамқорлықты толыққанды сезе алмай, керісінше жәбір көруі жиі болып тұрады.
ЮНИСЕФ сауалнамаларына зер салсақ, Қазақстандағы ересектердің 46%-ы физикалық жазаны тәрбиелеудің қолайлы әдісі және тәртіп үшін қажет деп санайды екен. Зерттеулерге сүйенсек, ересектердің көбі тәртіпке салуды күш қолдану деп түсінеді және ата-аналар мен балалардың көбі зорлық–зомбылық дегенді күш көрсету деп қана түсінеді екен. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар ғана емес, сырттай қарағанда өнегелі көрінетін отбасыларда да ұрып тәрбиелейтін ата-аналар бар. Мұндай ата-аналардың өздері бала кезінде солай тәрбиеленген немесе одан басқа тәрбие моделін көрмеген, олар балаларының тілазарлығын қаламайды, көп шаршайды және оларды ұрып тыныштандырғанды оңай көреді. Әдетте, мұндай ата-аналар ұрып-соғудың жағымсыз салдары болатынын біле бермейді.
Мамандардың айтуынша, балаға күш қолданудың келесі себептері бар:
- Баланың тәртібін өзгертуге тырысу;
- Басып тастау арқылы психологиялық ықпалға ие болу;
- Біреуге қысым көрсетуді ұнататын адам қатыгездік арқылы қара басының қамын күйттейді.
ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың әрбір екіншісі отбасыда не болмаса балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан немесе мектеп мұғалімдерінен кемсітуге яки зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған.
Балаларды физикалық және психологиялық жәбірлеудің зияны зор. Қорқу, ұят және отбасылық жанжалдарға тәуелділік салдарынан жәбірленушілер қанша қылмысты жасырып жатқаны беймәлім, балаларға қарсы жасалған көптеген қылмыстар анықталмай және тіркелмей қалады. Жәбір көру туралы айтпаудың бір себебі - әлеуметтік мінез-құлық болса, екінші себебі - халықтың заң тұрғысынан сауатсыздығы, балалардың құқығын таптауға болмайтыны туралы ештеңе білмеуі. ҚР Неке және отбасы туралы Кодексіне сәйкес баланың денсаулығына, өміріне қауіп төндіретін жайтқа куә болған азаматтар балаларды асырап алу және қамқорлыққа алу органдарына хабар беруге тиісті.
Елімізде балалар мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғалар орын алған жағдайда, мән-жайын мұқият тексеру керектігін айтып, тапсырма береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу саясатын қайта қарауға, жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді жүргізуге және тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керектігі туралы тиісті органдарға үнемі тапсырма жүктейді.
Айта кетсек, жуырда 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ішкі істер министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Еліміздегі білім және денсаулық саласына қатысты жаңа бағдарламалар да зорлық құрбаны болған балаларға қолдау және оңалту мәселелерін көтереді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, Неке (ерлі-зайыптылық) және Отбасы туралы Кодекстері, Баланың құқықтары туралы, Білім туралы, Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы, Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалар қараусыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы, Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы, Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңдар жатады.
Көрсетілген заңнамалық құжаттарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелердің негізгі қызметтегі басым саласы болып анықталған.
ЮНИСЕФ зерттеулері балаларды жәбірлеуге қатысты проблемаларды шешуге бағытталған заңның бар екенін, алайда, енгізу тиімді нәтиже бермегенін анықтаған. Балаларға жасалған зорлық-зомбылық жағдайын хабарлау міндеттемесіне қатысты кез-келген заңда, кез-келген ережеде хабарлануға тиісті оқиғалар егжей-тегжейлі сипатталуы керек. Одан кейін тергеу амалдары жүргізілуі қажет. Сонымен бірге құрбан балаларға қолдау көрсету қызметтері ұйымдастырылып, балаларды қорғаудың тиімді жүйесі жасақталуы қажет.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған БҰҰ Балалардың құқығы туралы Конфенциясына сәйкес, әрбір бала өзіне жасалатын кез-келген зорлық-зомбылық түрінен қорғануға құқылы.
ЮНИСЕФ өкілдері балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерді ақтауға болмайды және кез-келген зорлық-зомбылықтан сақтануға болады деп есептейді. Осы тұста ЮНИСЕФ өкілдері өзге де серіктестерімен бірігіп, бірқатар ұсыныстарды әзірледі:
- Алдын алу шараларын жүргізу. Халықтың санасын өзгертіп, балаларға күш қолдануға, жәбір көрсетуге болмайтынын ескерту.
- Балаларды жәбірлеуге заңмен тыйым салу нормаларын ата-аналарға түсіндіріп, жүзеге асырудың механизмдерін жасақтау;
- Күш қолданбай тәрбиелеу жолдарын үйрету. Бағдарламалар жасап, жүргізу. Мысалы: «Позитивті ата-ана» деген сияқты бағдарлама.
- Балаларды үйден тексеруге патронаждағы мейірбикелердің баруы өте жақсы нәтиже береді. Олар ата-аналарға балалардың күтіміне байланысты ақпарат беріп, келеңсіз жағдайлар болса тиісті шара қолданады.
- Мектептегі ортаның қауіпсіздігі мен қолайлылығы маңызды рөл атқарады.
- Зорлық-зомбылықтан дұрыс қорғанып, қарсы тұра білу үшін, оларға күнделікті қолданылатын әлеуметтік дағдыларды үйрету.
- Зорлық-зомбылыққа жедел жауап қайтару жөніндегі нақты бекітілген ведомстволық қызметтер: мұғалімдердің, әлеуметтік жұмысшылардың, денсаулық саласы қызметкерлерінің, полицияның қызметтік нұсқаулықтарына міндеттерін егжей-тегжейлі жазып көрсету. Оған қоса, зорлық-зомбылық болған жағдайда қайда бағыттау керектігін үйрету.
- Зорлық-зомбылықтың алдын алу, жедел қарсы тұру үшін ведомствоаралық қарым-қатынас орнап, іске қатысты барлық тарап балалардың мүддесі үшін қызмет етуі тиіс.
- Халықтың табысын арттыру және экономикалық ахуалын жақсарту.
Балалардың өмір сапасын жақсарту - ертеңгі келешектің кепілі. Сол себепті балаларды қорғау мәселесі қашан да өзекті бола бермек.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, орта есеппен жыл сайын балаларға қатысты 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Оның ішінде азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қасақана қауіп-қатерге душар қылу сынды оқиғалар жиі кездеседі.