Бұл үрдіс біздің футболда да бар. Қытай секілді әлемнің атақты жұлдыздарын шақырмасақ та, Еуропада жүрген ортаңқол ойыншылар Қазақстанға да келіп жатады.
Каньяс, Твумаси, Гоу, Исаэль, Максимович сияқты футболшылардың арқасында «Астана», «Қайрат» еурокубоктарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Отандық командалар биылғы жылы да қалтамыз көтеретін ойыншылармен толығуды бастап кетті.
«Астана» сапынан команда капитаны Таңат Нөсербаев кетті. Соңғы 6 жыл бойы елорда клубында өнер көрсеткен футболшының келісімшарты аяқталған. Еркін агент ретінде өзінің бұрынғы командасы «Ордабасыға» ауысты. Нөсербаев «Астана» сапында Қазақстан чемпионаты мен кубок додасы аясында 171 ойын өткізіп, 51 гол соқты, 24 рет нәтижелі пас берді. Еурокубок додаларында 24 ойынға қатысып, 3 мәрте мергендік танытқан. «Астана» сапында Чемпиондар лигасында да, Еуропа лигасында да ойнады.
Сол Нөсербаевты жоқтатпай-ды-ау, тіпті асып түсетін шығар деп Стойлов бапкер оның орнына Албания құрамасының шабуылшысы Аздрен Гани Лулакуды аттай қалап алдырды. Бұл футболшы соңғы екі маусымда Румынияның «Газ-Метан» клубы сапында өнер көрсеткен. Румыния чемпионатының ең үздік сұрмергені. Лулаку 20 ойында 16 гол соққан. Шабуыл өтінде және қапталдағы жартылай қорғаушы болып та ойнай алады.
Сондай-ақ, «Ертістен» ауысып келген Роман Мұртазаев та «Астананың» шабуылын күшейтеді деген сенім бар. Ал өткен жылы өзін көрсете алмаған 28 жастағы Македония футболшысы Агим Ибраими трансферге қойылды.
«Ақтөбе» командасы биыл қайта жаңарып жатыр. Клуб директоры, бапкері барлығы да ауысты. Бұрынғы футболшылардың көбісі кеткен. Украиналық маман Игорь Рахаев қазірдің өзінде үш бірдей легионерді шақырып үлгерді. Олардың арасында 2005 жылы Аргентинаның жастар құрамасы сапында әлем чемпионатында жеңіске жеткен Хуан Мануэль Торрес бар. Жанкүйерлер Чако деп атап кеткен футболшы әлем біріншілігінде бүгінде дүние жүзіне танымал жұлдыздар Лионель Месси, Серхио Агуэро, Пабло Сабалетамен бірге ойнаған екен.
Рахаев бапкерге Латын Америкасының футболшылары қатты ұнайтын тәрізді. Бразилиялық екі легионерді де қатарға қосты. Олардың бірі Диас Моррейра Кассиано «Интернасьонал» командасына тиесілі болатын. Соңғы маусымды Бразилияның Б сериясындағы «Гойяс» клубында өткізген. Бұл футболшыны «Ақтөбе» жалға алды. Бірақ қос тараптың келісімі бойынша «Ақтөбе» клубы жалға беру ақысын төлемейді екен. Екіншісінің есімі – Эванилдо Боргес Барбоса Жуниор немесе жай ғана Жуниньо. Қорғаныстың сол қапталында өнер көрсетеді. Transfermarkt 1,5 миллион еуроға бағалап отыр. Дегенмен Жуниньо еркін агент ретінде тегін ауысты.
Бұрын Еуропаның ТОП-клубтарының қосалқы құрамында отырса да жарнамасы жер жарып тұратын футболшылар болады. Мысалы, «Ертіске» Франциядан Франк Джа Джедже деген шабуылшы келді. 30 жастағы футболшы Кот-д’Ивуар мемлекетінің астанасында дүниеге келген. Бірақ бала кезінен Францияда тұрады. ПСЖ клубының түлегі. Париж командасының сапында 4 ресми ойын өткізген. Сондай-ақ, «Брест», «Гренобль», «Страсбур», «Ванн», «Арль-Авиьон», «Ницца» клубтарында өнер көрсеткен. Францияның жасөспірімдер құрамасы сапында 2005 жылы Еуропа чемпионы атаныпты. Сол кезде Уго Льорис, Йоан Кабай, Абу Диаби, Йоанн Гуркюфф секілді болашақ жұлдыздармен бірге ойнаған. Футболшының жарнамасы тәп-тәуір. Ал ойынын уақыт көрсетер. «Ертіс» биыл Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысатынын еске сала кетейік.
Бір командадан екіншісіне ауысып жатқан отандық ойыншылар да жетерлік. Тоқтар Жаңғылышбай «Тобылдың», Хайруллин «Атыраудың», Досмағамбетов «Оқжетпестің» жейдесін киді.
Иә, маусымаралық трансфер қызып-ақ тұр. Бұл үдерістің жаңа маусымға дейін жалғасатынын еске алсақ, сіз бен біздің футбол нарығындағы әлі талай жаңалыққа куә болатынымыз айдан анық.
Бек ТӨЛЕУОВ
АСТАНА