Экономика • 19 Шілде, 2023

Өткен жылы Орталық Азияға құйылған инвестицияның 60%-ы Қазақстанға тиесілі

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясында өтіп жатқан «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» бірінші саммитіне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Өткен жылы Орталық Азияға құйылған инвестицияның 60%-ы Қазақстанға тиесілі

Саммит барысында Мемлекет басшысы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру қажет екенін назарға салды. Президенттің айтуынша, Қазақстан инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға мүдделі.

«UNCTAD баяндамасына сәйкес, өткен жылы ғана Орталық Азияға таза инвестициялар ағыны 40%-ға артып, 10 млрд долларды құрады, оның 60%-ы Қазақстанға тиесілі. Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына шамамен 3,6 млрд доллар салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделіміз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы тұста Мемлекет басшысы Қазақстанда экономиканы әртараптандыруға, оның ішінде шетелдік капитал салымдары үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Айта кетсем, жақында Қазақстан мен Сауд Арабиясы құрған Іскерлік кеңес екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін іске асыру үшін маңызды алаң болуға арналған. Біз Ынтымақтастық Кеңесінің барлық мүше мемлекеттерімен ынтымақтастықтың ұқсас тетіктерін іске қосуға дайынбыз», деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай Президент Қазақстан әріптестерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының озық құралдарын белсенді пайдалануға шақырды.