Балалар ауылы Жайық өзенінің жағалауына жақын маңдағы Талқайраң елді мекенінде орналасқан. Екі жыл бұрын мұнай тасымалдайтын компания ата-анасыз қалған балалар үшін 8 коттедж салып берді. Коттедждер 80 орынға есептелген. Оның төртеуі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған.
Биыл «Шаңырақтан» әлсін-әлсін шу шықты. Алдымен ақпанда әлеуметтік желі қолданушысы Дина Таңсәрі Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылында тәрбиеленушілер соққыға жығылатыны жайында дабыл көтерді.
«Баланы ұрған. Ол бұл туралы балаларға арналған сенім телефонына хабарлаған. Комиссия келіп, ешқандай заң бұзушылық таппайды. Бұл аз болғандай, комиссия директордың өзі балалар үйін тексеруі керек деп хабарлайды. Комиссия балалардың шағымын мүлдем елемейді. Бес жасар қызды да ұрған», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осыған орай Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді. Оның айтуынша, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында 57 тәрбиеленуші бар.
«Мұнда балалардың құқығын шектеу деген мәселе туындамауы керек. Біз бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыстық білім басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамындағы психологтер әр баламен жеке әңгімелесіп, тексеру жүргізіп жатыр. Балалардың психологиялық жағдайына баға беріледі. Педагогикалық құрамның тәрбие жұмысына сараптама жасалады. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысы туралы кейін хабарлаймыз», деп мәлімдеген еді Ж.Бисембиев.
Алайда комиссияның тексеруі немен аяқталғаны белгісіз. Бірақ облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен ақпан айының соңында отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева қызметінен шеттетілді. Оған себеп – балалар үйі тәрбиеленушілерінің өтінішінен кейін Қылмыстық кодекстің 140-бабымен («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталуы.
Ал жақында «Шаңырақтағы» шу тағы жалғасты. Әлеуметтік желіде тараған видеода Нұрдәулет есімді тәрбиеленуші көрген зәбірін әңгімеледі. Жанары жасқа толған жетімнің зарын тыңдаған адамның жаны түршігеді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев тағы да әлеуметтік желіде пікір білдірді.
«Түйген ойым – кейінгі кезде әлеуметтік желіде талқыланып жатқан жайттар ұжымда бұрын қызмет еткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктің нәтижесі. Соның салдарынан балалар зардап шегіп отыр. Желіде жарияланған түрлі жазбадан екі тарап өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге болады. Баланы өзіне тартып, түрлі видео таратудың артында баланың құқығын шектеу мәселесі тұр. Мұндағы балалар – мемлекеттің ерекше қорғауындағы балалар. Сондықтан балалардың құқығын қорғауға арналған барлық шара қабылданады. Оған қоса әлеуметтік желіде тараған жайттар балалардың өзін қатты алаңдатып, болашағына кері әсері тиетіндігін ойлап отырғанын байқадым», деді Ж.Бисембиев.
Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, «Шаңырақ» балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіледі. Қазір мұнда 64 бейнекамера бар. Бірақ қосымша камера қою қажеттілігі туындап отыр. Камераларды білім басқармасына тікелей қосу көзделген. Сондай-ақ «Шаңырақтан» шыққан балаларды өмірге тез бейімдеуге бағытталған тәлімгерлік жобасы енгізіледі.
«Шаңырақтағы» шу жұртшылық арасында қоғамдық пікір туғызды. Тіпті Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Атырауға арнайы келіп, балалар ауылындағы ахуалмен танысты. Ол мұнда балалар құқығы бұзылғанын жоққа шығарған жоқ.
«Атырау қаласындағы «Шаңырақ» балалар үйінде тұратын балалармен кездесіп, әрқайсысымен жеке әңгімелестік. Балалар арасында анонимді сауалдама жүргіздім. Бейнекамералардың жазбаларын зерттедім. Нәтижесінде, екі тәрбиешінің қол көтеруі, балалар асүйде уақыттың басым бөлігін ана-тәрбиешісіз өткізетіні, кейбір тәрбиеленуші балалардың арасындағы келіспеушілік, балалар үйінде бөтен ересек адамның болғаны, бейнекамералар жазбаларының сақталуы мен мерзіміне қатысты кемшіліктер анықталды. Осыған байланысты тексеру және одан әрі шаралар қабылдауы үшін облыс әкімінің орынбасарына ақпарат бердім. Енді Бас прокуратураға жіберемін», дейді Д.Зәкиева.
Оның айтуынша, балалар кім болғысы келетіні жайлы айтып, көкейдегі уайымдарымен бөліскен. Уәкілдің нөмірін жазып алып, хат алмасып тұруға келіскен.
«Балалар үйінде, одан кейін әкімдікте жергілікті қоғам белсенділерімен, ҮЕҰ өкілдерімен кездестім. Олардың пікірі мен көзқарасы әртүрлі екеніне қарамастан, бәрінің мақсаты – балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі, оларды манипуляциядан, ересектер арасындағы кикілжіңнен қорғау. Қазіргі ең басты мәселе – тексерістің объективтілігі, балалардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңға сәйкес шаралар қабылдау», деп мәлімдеді Д.Зәкиева.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, әлеуметтік желіде жарияланған балалар үйі тәрбиеленушілерін ұрып-соғу дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеуді Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Шаңырақ» балалар ауылына қатысты жарияланған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігімен («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») жүргізіп жатыр.
Таңданыс тудыратын бір жайт бар. «Шаңырақ» балалар ауылының директоры ақпан айында жұмысынан шеттетілді. Бірақ содан бері жаңа директор неге тағайындалмаған? Қазір директордың бос лауазымына конкурс жарияланып отыр. Конкурстық рәсім аяқталғанға дейін директордың уақытша міндетін Қасым Мұқашев атқарады.
«Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ұжымына директордың уақытша міндетін атқарушы Қасым Мұқашев таныстырылды. Ол – бұған дейін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, дағдарыс орталығы мен №1 жетімдер үйінде ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Жаңа басшыға тәрбиеленуші балаларды қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы жағдай қалыптастыру жөнінде тапсырмалар жүктедім. Балалар ауылы Атырау облысы әкімдігінің үнемі басты назарында екенін атап өткім келеді», деп хабарлады Ж.Бисембиев.
Тегінде, «Шаңырақтағы» балалар қорғансыздың күйін кешпеуі қажет. Өйткені олардың жанында маңдайынан сипайтын өз ата-анасы жоқ. Ал өзгелер жанары жасқа толып, жәутеңдеген жетімнің мұңы мен зарын түсіне ме?