Экономика • 20 Шілде, 2023

Етікшілеріміздің нарықтағы үлесі – 3,3% ғана

285 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы екі жылдан бері тауарларды таңбалау жұмыстарымен Сауда және интеграция министрлігі айналысып келеді. Қазіргі күні тауар экспорты елу пайыздан жоғары көрсеткішті құрап отыр. Негізінен тауарларға таңбалауды жүргізу көлеңкелі айналымның үлесін төмендетіп қана қоймай, халықты жалған өнімнен қорғайтыны бар. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері, соңғы екі жылда жеңіл өнеркәсіп нарығында – 65%, оның ішінде аяқкиім – 48,5%, алкогольді ішімдіктер – 25% бен дәрі-дәрмектер 12%-ға төмендеген.

Етікшілеріміздің нарықтағы үлесі – 3,3% ғана

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Биыл бірінші сәуірден бас­тап елімізде аяқкиім тауарларын таңбалау және қада­ғалау ережелері толық күші­не енді. Алдағы уақытта тірке­лім­нен өтпеген аяқкиімді сатуға тыйым салынады.

Қолданыстағы ережеге­ сәй­кес, наурыз айында таңба­лан­ған аяқкиімнің көлемі екі есеге өсіп, 6 145 348 бірлікті құра­ған. Сәуір мен мамыр айла­рын­да тауарларын таңбалау және қадағалау жүйесінде ай сайын 15 млн астам аяқкиім коды тіркеліпті. Бұл бизнестің жоға­ры белсенділігін көрсетеді. Осы­ған қарағанда, қадағалау жүйесі көлеңкелі экономикамен күресіп отыр деуге болады. Ал ресми мәліметтер бойынша, бұл саладағы көлеңкелі экономика статистикасы 48%-ды құраған. Бағамдасақ, әрбір екінші аяқкиім елге заңсыз жеткізілген дегенді білдіреді.

Отандық өндірушілер аяқ­киім тауарларын цифрлық таң­ба­лау және қадағалау ере­же­лерін сақтауды қолдайтынын айта­ды.­

«Өндірістерде таңбалаудың барлық қажетті үдерісі құрыл­ған, мұнда күрделі ештеңе жоқ және таңбалауды енгізуде проблемалар туындамады. Біз таңбаланбаған аяқкиімді сатуға тыйым салуға дайын болдық, өйткені таңбалануға тиіс екенін түсінеміз және нарық­та ашықтық пен салауатты­ бәсекелестікті сақтаймыз. Таңба­лауды енгізу тауар құнына түбе­гей­лі әсер еткен жоқ», дейді «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлт­тық бірлестігі заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.

Кәсіпкерлердің, оның ішін­­­де импорттаушылардың дерек­тері бойынша, таңбалауға жұм­сал­ған шығын орта есеппен 350 теңгені немесе бір аяқкиімге шамамен 1%-ды құраған. Аяқ­киім өндірушілері таңбалау шығындарын қосқанда, олардың маржасын 2-4%-ға төмендеткен.

«Аяқкиімді цифрлық таң­ба­­­лаудың қанатқақты жоба­сы­на қатыстық. Таңбалау шығын­дарына келетін болсақ, біз принтер мен Data Matrix кодтарын бір рет сатып алдық, бұл шығындар аяқкиімнің өзіндік құнына айтарлықтай әсер етпейді. Соны­­мен қатар таңбаланбаған аяқкиім­ді сатқаны үшін айыппұл енгізу дұрыс. Бизнесті жүргізу ережелері мен шарттары бәріне бірдей болуға тиіс», деген пікірін білдіреді «Таразкожобувь» ЖШС бас директоры Еркін Әбдібаев.

Цифрлық таңбалау мен қада­ға­лауды енгізу нәтижесінде аяқ­киімнің ресми импорты 13 млн жұпқа 30%-ға (37,2 млн жұп­­тан 53,1 млн жұпқа дейін) ұлғайған.

2018-2020 жылдар­ ара­лы­ғында таңбалау енгізілгенге дейін аяқкиім импортының көрсеткіші 35-39 млн жұп көлемінде өзгерді. Аталған жүйеде тіркелген аяқ­киім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2020 жылмен салыстырғанда 55%-ға өскен. Ал 2022 жылдың қоры­тын­дысында салық түсімдері 2021 жылдың сәйкес кезеңімен алғанда 2,2 есеге артқан. Осыған қарап, нарықтағы тұтынушылардың қажетін импорт­таушылар өтеп отыр деу­ге болады. Соңғы бір жылда отандық өндірушілер 1,7 млн жұп аяқкиім шығарып, 2021 жылмен салыстырғанда 17,6%-ға артқан.

Осы жылдың бірінші тоқ­са­нын­­да 421 мың жұп өндіріліп, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айла­рына қарағанда 38%-ды құрады.

Сонымен қатар ұзақ мерзімде елі­міздің былғары өнеркәсібі тұра­лап, тек соңғы 20 жылда өнді­ріс өсімінде біраз өзгерістер орын алғаны бар. 2008, 2011 және 2015 жылдары 1,7-1,8 млн жұп аяқкиім шығарылғанымен, артын­ша үш жылдай құлдырауға түсті.

Стратегиялық жоспар­лау­ және реформалау агент­ті­гі­ Ұлттық статистика­ бюро­сы­­­­­ның мәліметінше, елімізде аяқ­киім­ шығаратын алты ком­пания жұмыс істейді. Олар­дың арасында Жамбыл облы­сын­дағы «Таразкожобувь» ЖШС жылына 500 мың жұп бәтең­­ке, кебіс, спорттық аяқкиім­ мен етік шығарады. «Каз­легпром-Алматы» ЖШС­ киім-кешек пен аяқкиім­ фабри­ка­сының жылдық қуаты жоға­ры­ көрсеткіште. Бұлар­дың қата­рында «Жетісу» АҚ Алматы аяқкиім фабрикасы да бар.

Қаржылай алғанда, был­ға­ры­ өнеркәсібінің барлық кәсіп­орыны,оның ішінде аяқкиім өндіру және теріден былғары өңдеу былтыр 15,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құндық мәні 16,6%-ға артқан. Биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында былғары өңдеушілер өнімінің құны 5,8 млрд теңгеден асып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8%-ды­ құра­ды. Былтыр нарық тұтыну­шылары 40,3 млн жұп аяқкиім сатып алған. Мамандар 19,8 млн халқы бар ел үшін 1,7 млн жұп аяқкиім тігу өте аз көрсеткіш екенін айтып отыр.

Соңғы 20 жылда отандық өндіріс бір орында тұралап, өзіміздегі етікшілердің үлесі нарықтың 3,3%-ын ғана құраған. Осыдан 15-20 жыл бұрын отандық аяқкиім фабрикаларының ішкі­ нарықтағы өнімінің үлесі әлде­қайда жоғары (25%-37%) еді. Дегенмен көлемі қазіргідей аз болған. Мәселен, 2011 жылдан бастап тұтынушылар аяқкиімді көбірек сатып алып, ішкі нарықтағы сатылым көлемі төрт жыл ішінде 15 есеге ұлғайып, 5,1 млн-нан 80,9 млн жұпқа дейін артқан. 2014 жылы осындай рекордтық көрсеткіштен кейін аяқкиім сатылымы бір төмендеп, бір көтерілсе де, 24 млн жұптан төмен түспеген.

Қазіргі таңда ел тұрғындарына аяқкиімді шетелдік жеткізушілер қамтамасыз етіп, 96,7%-ды құрап отырған көрінеді.

Қаржы министрлігі Мемле­кет­тік кірістер комитетінің есеп­те­рі бойынша, Қытай елімізге аяқкиімнің негізгі жеткізушісі бо­лып табылады.Одан кейін Түркия мен Өзбекстан қамтып отыр. Өткен жылы елімізге 38,7 млн жұп, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында 12,2 млн жұп (бір жылда 75,6% өскен) тасымалданған. Ал бізге келетін импорттық тауарлар бағасын шетелдік жеткізушілер белгілейді. Елдегі аяқкиім өнімдері баға­сының соңғы жылдағы ең елеулі өсімі 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қаңтарына дейін тіркелді. Жылдық баға өсімінің көрсеткіші 18%-19%-ды құрап, ал ақпан-наурызда 120%-дан асып түскен. Мамыр айының соңындағы ста­тис­тикаға сүйенсек, жыл са­йын аяқкиім құнының 18,1%-ға артқандығын, оның үстіне ерлер кебісі, спорттық аяқкиім мен бәтеңкелері әйелдер сүйретпесі, сандал мен лабутендерге қара­ған­да қымбаттап, бір жыл ішінде 17,8%-16,8%-ды құраса, балалар аяқкиімі 20,1% болды.