Медицина • 21 Шілде, 2023

Дәрігерлердің жаңа буыны

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана медицина университетінің түлектеріне дип­лом тапсыру салтанаты «Астана Опера» театрында өтті. Енді медицина саласының майталманы болуға ниеттенген мыңнан астам түлек арманына бір табан жақындады деуге болады.

Дәрігерлердің жаңа буыны

Салтанатты іс-шараның ашылуында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник түлектерге Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың құттықтауын оқып берді.

– Бүгінгі күн – Астана медицина университеті мен студенттердің, ата-аналарының мерекесі ғана емес, бүкіл жоғары білім беру жүйесінің салтанаты. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы үшін өзінің креативті және заманауи тәсілін енгізе алатын жаңа жас кадрлармен толықтырылып жатыр. Университеттің табысты дамуы еліміздің адами капиталының өсуіне одан әрі ықпал ететініне және отандық денсаулық сақтауды қазіргі заманның барлық сын-тегеурініне қарсы тұру үшін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп министр ағынан жарылыпты.

Осыдан соң Денсаулық сақтау бірінші вице-ми­­нистрі­­ Тимур Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде Үкімет­тен­ денсаулық сақтау саласына көрсетіліп жатқан қол­дау­лар турасында айтып берген еді. Иә, вице-минстр айт­қан­дай, медицина саласындағы ұлттық бағдарламалар шеңберінде саланың инфрақұрылымын айтарлықтай жаңар­туға, амбулаториялық және стационарлық емдеу-про­филактикалық мекемелерді қайта жарақтандыруға, ақпа­раттандыруға, медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру­ге мүмкіндік беріп отыр.

Астана медицина университетінің ректоры­ Ка­мал­жан Надыров та түлектерді құттықтап, сәт-сапар тіледі.

– Диплом тапсыру рәсімі университет үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға деп білеміз. Сондықтан, түлектер, естеріңізде болсын, диплом – сәттіліктің кепілі емес. Жұмыс барысында күн сайын іштей емтихан тапсырып, өз істеріңнің нағыз білгір маманы екендеріңді әлі талай дәлелдеулерің керек. Алда мамандықтың қиын сынақтары тұр. Енді ақ желең киген соң, ар-намыстан аттамай, ақтығын сақтау маңызды, – деді К.Надыров.

Жылдар бойы жиған білімін өндірісте шыңдауға бекініп отырған түлектер ұстаздарына ақ алғысын жаудырды. Салтанатты рәсімнің көңіл толқытқан шағы – түлектер дәрігер антын қабылдаған сәт.

Ақпарат үшін айтар болсақ, 1964 жылдан бастап күні бүгінге дейін Астана медицина университетінде 28 мыңнан астам жас дәрігер білім алған. Бүгінде түлектердің алды – елге және шетелге танымал өз ісінің білгірлері.