Таным • 23 Шілде, 2023

Белдескен балуан

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың күрес тарихын зерттеушілер бұл жекпе-жек сайыс түрінің тарихы тереңде екенін айтады. Мәселен, ортағасырлық оқымыстылар – Ибн Сина, Әбділқасым Фирдауси, Махмуд Қашқарилардың еңбектерінде белбеу күресі туралы айтылса, Қытай Халық Республикасының Шаньси провинциясы Чжуан елді мекенінен белдесіп (күресіп) жатқан екі адамның бейнесі табылған.

Белдескен балуан

Жәдігерде бейнеленген көрі­ніске назар аударсақ, екі адам оң жақ иықтарымен тіресіп, қоян-қолтық белдесуде. Сол жақ позициядағы балуан оң қолын қарсыласының қолтық астынан өткізіп, сүбе қабырғасы маңынан шеңгелдей қапсырып, кеудесімен келесі балуанды оң иығын тірей итеріп тұрса, оң жақтағы балуан дәл қарсыласы сияқты қаусыра ұстап, қарсылық танытуда.

Бұл жәдігерді зерттеген мамандар ғұн империясы дәуірінде жасалған бұйым депті. Демек бұл қолданбалы мұра ежелгі баба­ларымыздың өмір салтын бейнелейтін дерек екені анық. Қазіргі таңда қазақ күресінің тарихын зерттеп жүрген мамандар аталған дерек арқылы ұлттық жекпе-жек сайысының бір түрі – күрес өнерінің тарихы арғы заманнан тартатынын білгені дұрыс.

Жалпылай айтқанда, хал­қы­мыздың өмір сүру салты көшпелі тұрмысқа бейім­делгендік­тен, күнделікті іс-әрекетінің өзі кү­рес. Табиғаттың таза сұ­рыптауынан өт­кен халықтың жекпе-жек өнерге деген ынта­сы классикалық түрде жетілген. Тарихқа көз жү­гіртсек, көшпелі тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дәуірінде садақ ату­­дан, ат үстінде найзаласудан, басқа да дәстүр­лі сайыстар өтетіні туралы нақты деректер бар.