Тағайындау • 23 Шілде, 2023

Ерболат Қамен – «Қазақ газеттері» бас директорының орынбасары

1219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше белді басылымның басын қосқан «Қазақ газеттері» ЖШС бүгінде қанатын кеңге жайған қуатты құрылымға айналып келеді. Әрине, айтар ауызға бұл аса бір қиынға соқпаса керек. Бірақ заңдылық-құжаттылық, кадрлық-материалдық, қаржылық есеп-қисап тұрғысынан келгенде, оңтайландырудың оңай емес екендігін бағамдайсыз. Бұл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен серіктестіктің бірлесе отырып атқарған жұмысының нәтижесі екендігіне көзіңіз жетеді.

Ерболат Қамен – «Қазақ газеттері»  бас директорының орынбасары

Ол ол ма, Қазақстанда тағы бір қат мәселе бар. Қағаз деген... Еліміздің қанша қамданса да өз қағазын өндіре алмағаны өкінішті-ақ! Алысқа ұзамай көбіне теріскейдегі көршімізден арбалайтынбыз. Олардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Соғысқа байланысты матап тастаған сан түрлі санкция­ның шырмауынан шыға алар емес. Содан ба, қағаз бағасы да мың құбылып тұр. Қымбаттаған үстіне қымбаттап, баға екеш баға да бір орында байыз таппай әлек. Осындай шақта өзіне жүктелген жұмысты атқаруға тырысқан Әскер Аллавердіұлы жаңа қызметке ауыс­қалы жатқаны туралы да айтылып қалды. Ендігі таңдау кімге түсер екен деп топшылап үлгергенімізше, Ерболат Қамен бауырымызды таныс­тыруға алып келді...

Басқа-басқа бұл азаматтың «Еге­менге» алабөтендігі жоқ. Бұған де­йін де сеніп тапсырған сол қызметті абыройлы атқарып шыққанына – ел-жұрт куәгер. Тіпті Ерекеңнің ерек бас­қару стилін сол кезде-ақ байқаған әріптестері оны әліге дейін майын тамыза әңгімелеп беруден жалықпай­ды. «Жігітті жігерінен таны» демеуші ме еді, жарықтық бабаларымыз. Таңдау тап сол  баяғы біліктілік пен білімге, қарым мен қабілетке қайта түскен сыңайлы. Ал бұл – берік болаттай шыңдалған Ерболаттың бес саусақ­тай білетін шаруасы. Құнттылығының өзі қырық атанға жүк болатындығын қайда қоярсыз?

«Жас та болса бас болған» Ерболат­тың «Астана ақшамындағы» айту­лы күндерін аузынан тастамайтын аға­ларының бірі – ақ мылтық журналист Талғат Батырхан. Газетке корректор болып қабылданып, түбінде соның басшысына дейін көтерілу екінің бірі­нің қолынан келмейтін оңай шаруа болмаса керек. «Тағдыр жазып, талай басшымен істес болдым, солардың ішінде орны бөлегі осы Ерболат еді» деуі де тегіннен-тегін емес шығар.

Қалай десек те, Ерболат Тілек­қабыл­ұлының «Қазақ газеттеріне» қайта оралған қадамы құтты болғай! Алаш баспасөзінің абыройын аспандатып, мәртебесін мың сан биікте­те­ді деген сенімнің көкірегімізге қай­та ұялағанына біз де  бек қуаныштымыз!