Жалпы, Украинадағы соғыс Ресейдегі танымал медиа тұлғалардың арасына жік түсіріп, «кімнің кім» екенін айқындауға келгенде таптырмайтын «құралға» айналды. Азаматтық ұстанымы мен құндылық қағидасы сәйкес келмегені үшін Отанын тастап кетуге мәжбүр болған орыстың әр танымал тұлғасының артында бір есекке емес, ғұмырына жетерлік айып пен қарғыс, қоғамдық қудалау мен материалдық шығын еңсесіне салмақ салуда. Оның тағы бір мысалы, осы елдегі белгілі қандасымыз, көпшіліктің сүйіктісіне айналған сықақ өнерінің саңлағы Нұрлан Сабыровтың Украина тақырыбындағы орынсыз әзілі үшін желі бетінде жүндей түтіліп, ақыры аккаунтын жауып, Америкадағы тур-сапарын тоқтатуға мәжбүр болды.
Салыстырмалы түрде алғанда, біздің елде жаңа үрдіс болып басталғанымен, сырт елдерде мұның сан алуан атышулы оқиғасы бар. Ар-намысты аяққа таптау, ұлтты қорлау, азаматтық, нәсілдік кемсітуге жол беру, айналасынан қысым көру, тілінен жазып, артық сөз айтудың соңын сипаттайтын «харассмент», «буллинг», «абьюзмент» терминдерімен қазір екінің бірі таныс. Абайламаған адам қасықтап жинаған абыройынан, денсаулығынан, отбасынан, қызметінен, миллион долларлық жарнама келісімшарттарынан бір-ақ мезетте айырылып жатыр. Соңынан тізерлеп тұрып кешірім сұрағанымен бәрі де кеш, елдің бәрі қанаты күйіп, күлдің ішінен қайта көтерілген Феникс құсы сияқты соттан сотқа жүгініп, сұмдықтың оты мен тозағын кешіп жүріп, әділдік пен абыройын ақтап алған атақты киножұлдыз Джонни Депп емес. Жеңіске қол жеткізіп, ақталғанымен алпауыт компаниялар онымен бұрынғыдай жұмыс істегісі келмейді, тиімді, қымбат жобаның бәрі одан қиыс кетіп жатыр.
Дүниежүзілік құндылықтарға шолу жасайтын WVS зерттеу жобасы жүргізген нәтижеге қарағанда, қазақстандықтар ұсақ құқық бұзушыларға әлі де болса көз жұмып қарайды екен. Тіпті 77 мемлекет тұрғындарының арасында жүргізілген «билетсіз жол жүруге қалай қарайсыз?» деген қарапайым сауалға Қазақстан респонденттері «қоянды» ақтап алу жағынан жетінші орынның нәтижесін көрсеткен. Осындай назар аударуға тұрмайтын ұсақ нәрсенің өзі уақыт өте келе зардабы ауыр соғатын ауқымды қылмыстарға ауысуы әбден мүмкін екенін біліп тұрып, кей адам жоқ жерден обал-сауапты ойлай қалады. Тіпті отбасындағы зорлық-зомбылық, тұрмыстық кикілжіңдерді талқылайтын елдегі ең ірі телеарналардағы ток-шоуларда екі тарапты татуластырғысы келетін жүргізуші «кешіріммен қарайық па?» деп көрерменге сауал тастаса, Жұматай Сабыржанов айтқандай, «адам дейін десең, сияғы жоқ, мал дейін десең, тұяғы жоқ» зорлықшыл қылмыскерге кешіріммен қарап, жақтасып жатады. Тек талантты болғаны үшін, ел алдында өнерде жүрген танымал тұлға болғаны үшін ғана қылмысын елеусіз қалдыруға тырысып, басынан сипап, жөніне жіберетін де біздің ел. Әрі қарай құдды ешнәрсе болмағандай, қолайлы қызметке тұяқ іліктіртіп, жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, лажы болса, өсіп, өркендеуіне де мүдделес. Мемлекет қазынасын миллиондап жұтып жатқан жемқорлардың ілуде бірі қақпанға ілігіп, ісі сотқа дейін жетіп жатқанын көре тұра, абақтыға қимай, аяушылық білдіріп, ақтап алуға икемделіп тұратынын өзіміз болмасақ, өзге жұрт қауашағына салып қанша шайқаса да, қабылдай алмас.
Жеке тұлғаға тұтқиылдан жасалатын шабуыл кезінде өре түрегелетін, қаржы мүддесін көздеген «саудагер боттар тобы» кейінгі кезде белсенді күш алды. Азын-аулақ тиын-тебен, кейде қомақты ақша үшін заңға қайшы кез келген істі ақтап, әділдік, ақиқатты шімірікпестен аяқасты етіп береді. Қоғамға тікелей қауіп туғызатын осылардың кесірінен желідегі жеңіс, «қабыл алмау әдебі» толық қуатын танытуға қауқарсыз, қор болып жатады.