Тарих • 24 Шілде, 2023

Тоқтамыс ханның жарлығы

573 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуықта моңғолиялық беделді басылым ikon.mn порталына Алтын Орда ханы Тоқтамыс 1392 жылы Литованың ұлы князі һәм Польша королі Владислав ІІ Ягайлоға жолдаған жарлық-хаттың көшірме нұсқасы Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивіне жеткізілегені туралы ақпарат жарияланды.

Тоқтамыс ханның жарлығы

Құнды жәдігер бұған дейін патшалық Ресей оқымыстылары тарапынан зерттеліп, зерделенгені байқалады. Атап айтқанда, жарлық-хат алғаш рет Қазан университетінің профессоры А.М.Ковалевский (1800-1878) және тарихшы Н.К.Казем-Бек (1802-1870) тарапынан алғаш зерттеліп, 1850 жылы «Алтын Орда ханы Тоқтамыстан Польша королі Ягайлоға 1392 жылы жолданған құжат» екені дәлелденсе, келесі кезекте тарихи құжатты 1850 жылы танымал шығыстанушы, тұран һәм иран тарихының білгірі И.Н.Березин зерттеп-зерделеп, «Ханның жарлығы» («Ханский ярлыкь») деп пәтуа берген екен.

Одан кейін бұл жарлық-хатты бурят оқымыстысы, моңғолтанушы Доржи Банзаров аударып, төңкеріп көріп, 1850 жылы көне ұйғыр жазуымен моңғол тіліне тәпсірлеп, «Ханның жарлығы» деген атпен Қазан қаласында баспа бетіне шығарыпты.

Жарлық-хаттың иесі Тоқтамыс туралы айтар болсақ, бұл адам – Алтын Орда ұлысының атақты хандарының бірі. Қазақтың үлкен жазушысы Ілияс Есенберлин: «Үз-Темірдің екінші баласы Саржадан Қоншақ, Қоншақтан Тұғылық қожа, Тұғылық қожадан Тай қожа туады. Осы Тай қожаның бәйбішесі қоңырат Қотан Күншек сұлудан болашақ Алтын Орда ханы Тоқтамыс туған», деп жазады («Алтын Орда» роман-трилогия­сы. Алматы, 2021. – 397 б).

Кейбір деректерде Тоқтамыс хан 1342 жылы туып, 1406 жылы Түмен даласында Едігемен шайқаста қаза тапқан делінеді. «Әкесі Орыс ханның қолынан қазақ тапқан соң, 1376 жылы Мәуреннахр билеушісі Әмір Темірге қашып барып, 1378-1379 жылдары осы кісінің көмегімен Сығанақты жаулап алады да, Ақ Ордаға билік жүргізді», деген де дерек бар.

Жарлық-хаттың түпнұсқасы бұған дейін Польша мемлекеттік Орталық архивінің Көне қолжазбалар қоры бөлімінде сақталып келген екен. Жуықта осы орталық басшысы Павел Петшык Моңғолия еліне жасаған саяси-іскерлік сапары кезінде жарлық-хаттың шынайы көшірме нұсқасын Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивке табыс етіпті.

Моңғолия архив істері комитетінің төрағасы С.Энкебатырдың айтуына қарағанда, бұл шара Моңғол – Польша үкіметаралық архив құжаттарын алмас­тыру келісімшарты негізінде іске асқан. Моңғолия арихивінде бұған дейінгі ең көне құжат 1600 жылдың үлесінде болса, жаңадан қосылған мына жәдігердің арқасында мекеме қорындағы көне құжат тізбегі 200 жылға алға жылжыды депті.

Ал қазақ тарихына қатысты құнды құжат – жарлық-хатқа келер болсақ, жәдігер екі парақтан тұрады. Бірінші парақ хаттың көлемі – 39,6 х 19,8 см болса, екінші хат – 41,8 х 19,8 см. Жар­лық­-хат ескі ұйғыр жазуымен түркі-қыпшақ тілінде 25 жолға (бірінші парақ – 13, екіншісі – 12 жол) шақтап жазылған. Алғашқы беті – 13 жол, келесі беті – 12 жол шамасында. Бірінші парақ­тың 3,4,5 жолдарының үстінде 6х6 сантиметр шаршы пішіндес мөр басылған. Мөрдің табанында: «Аса қамқор мейірімді Алланың атымен. Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхамед оның елшісі. Оған Алланың мейірімі мен қамқоры болсын» дейтін салауат дұғасы араб қарпімен бүктетіле жазылыпты. Ал мөрдің дәл ортасындағы жазу: «Әділетті Сұлтан Тоқтамыс» делінген.

Сондай-ақ жарлық-хатта жәдігерді жеткізуші елшілердің аты-жөні айтылып, оларға жүктелген міндет пен атқаруға тиіс шаралары туралы мәлімет берілген. Атап айтқанда, сол кезеңде болып жатқан саяси оқиғалар жайы баяндалып, ұлысқа бағынышты княздіктердің міндетті салық төлемі, сонымен қатар еларалық сауда-саттық ісін ұйымдастыру ісі сөз болған көрінеді.

Бұл хатты өз кезегінде шығыстанушы-түрколог В.В.Радлов түркі-қыпшақ тіліндегі мәтіннен орысшаға аударса, осы нұсқа негізінде Д.Банзаров моңғолша тәпсірлепті. Осы нұсқаны ақын-аудармашы Сұраған Рахметұлы қазақ тіліне былай деп тәржімеледі (Бұл жәдігер қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыруы да мүмкін): «Тоқтамыш пақыр менің мәртебелі Иагелло уаңға (князь) айтқан датым еді. Котлубуга (Құтылық Бұқа) Асан (Асан Бұқа) екеуін ұлы құдіретті лауазымға лайықтағаны хақындағы үшбу хабарды жеткізуге біз бітімгер елші жіберген едік. Мәртебелі сіз де бізге өз елшіңізді келтірдіңіз. Идикгия (Едіге) дегенді Темірге (менің ықтиярымды ескермей) жөнелтерден бұрын һәм үш жыл бойында жіберген адамдары Углан (Оғлан) және олардың ең маңыздысы Бекбулат (Бекболат) және Хожа Мәди (Қожа Мәді), Бегі (Бек) тағы да Бекгичь (Беккіші), Турдучак Берди Давуд (Тұрдышах Берді Дәуіт)-терді құдайы қақты. Сондықтан біз Асан (Асан Бұқа), Тулу Ожа (Төле Һожа) қатарлы елшілерді Хожа Мәди (Қожа Мәді)-лердің өткерген әрекеттерін саралап келуге аттандырдық. Соңынан біздің құзыретіміздегі мінәжатханалардан төрдегі қазынаға аударатын жосын­ның­ жолдарынан хабар күтеміз. Қолда­ныстағы бағзы ұстанымдар бойынша бұдан кейін біздің саудагерлер мен сіздің сатушылар бір-біріне жүздесе алады. Әйгілі ұлы патшалықтың мақұл болуының кепілі ретінде алтын мөрбелгімен үшбу үкілі дұғайһат бұйырылды. Ұлы Орда елі Дунайдағы (Дон) кезеңнің тауық жылының (1392) 8-жұлдызы».