Оқиға • 24 Шілде, 2023

Алматыдағы автобус апаты: Жүргізушіге қатысты үкім шықты

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының Алмалы аудандық соты өткен жылдың қараша айында қала орталығындас болған жол-көлік оқиғасының себепкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдағы автобус апаты: Жүргізушіге қатысты үкім шықты

Сот анықтағандай, 2022 жылғы 8 қарашада сағат 14:00 шамасында сотталушы А. Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта №98 автобусты басқарып, Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, Төле би көшесімен келе жатқан №201 автобуспен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы кезінде №98 автобустың жолаушылары соққы салдарынан әйнекке соғылып, сыртқа құлаған. Нәтижесінде жәбірленуші И. автобус астында қалып, алған жарақаттарынан қайтыс болған. Сондай-ақ жәбірленуші К. ауыр дене жарақатын алса, тағы бір жәбірленуші Ш. орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.

Сотта сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзған №98 автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар моральдық шығынды өтеу ретінде жәбірленушілердің әрқайсысына 2 миллион теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Абылай хан мен Төле би қиылысында ірі жол апаты болды. №98 автобус №201 автобуспен соқтығысты. Соқтығыс салдарынан автобустың астында қалған ер адам қайтыс болды. Тағы 21 адам жарақат алды, оның тоғызы ауыр жарақат алды.

№98 автобустың 36 жастағы жүргізушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша кінәлі деп танылды.