Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
– Асан Көбентайұлы, алдымен комитеттің негізгі жұмыс қағидалары туралы айтып өтсеңіз?
– Жалпы, еліміздің электр энергетикасы электр энергиясын өндіру, электр энергиясын беру, энергиямен қамтамасыз ету секторларын
қамтиды.
Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың қызметін реттейді, оның ішінде электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді және жаңартылған энергия көздерінің шекті тарифтерін бекітеді.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік жоспарлау, салық, бюджет және кеден саясаты, табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау, заңнама талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау салаларында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, сондай-ақ жылу энергиясын өндіру, жылу және электр энергиясын беру және жылу және электр энергиясын беру жөніндегі қызметті тарифтік тұрғыда реттейді: электр энергиясын беруді және жеткізуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін тарифтерді бекітеді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті қоғамдық маңызы бар нарықтардағы табиғи монополиялар салаларына басшылықты жүзеге асыруды, сондай-ақ энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
– Кейінгі кезеңде көп сөз болып, іске асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша түсінік берсеңіз...
– Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында монополиялардың пайдасын шектеу және инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз ету қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өткен болатын. Өйткені елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-ы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Бұл дерек-дәйектер қосымша түсінікті қажет етпесе керек. Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру түрлі келеңсіздікке, тіпті апаттарға алып келеді, салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті де монополиялық нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу қажеттігі туындады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жаңа инвестициялар тарту үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізуге қатысты қазіргі уақытта бірқатар іс-шара атқарылып жатыр, оның ішінде табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі. Осы «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясат шеңберінде 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды, онда бірқатар жаңалық белгіленді.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама қаржыландырудың жаңа тетіктері (меншікті қаражат, бюджеттік кредиттеу немесе субсидиялау, халықаралық қарыздар және т.б.) есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендетуді көздейді. Осыған байланысты біз, табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган ретінде, бүгінгі күні тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу жолымен осы тапсырманы іске асыру әдістерін әзірледік. Ол бойынша бір нұсқа-жүктемені бірнеше жылға, яғни 2030 жылға дейін соңғы тарифтерге бөлу арқылы инвестиция көлемін бөлу және нәтижесінде тозу деңгейін барынша төмендету жоспарланып
отыр.
– Енді осы өміршең бағдарламаны цифрлар тілінде сөйлетіп көрсек?
– «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыру, оған сәйкес 61,9 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін 2023-2029 жылдарға шамамен 3 трлн. теңге тарту көзделіп отыр. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, аталған әрекеттерді заңнамалық деңгейде бекіту үшін «Табиғи монополиялар туралы» заңның 22-бабына тиісті өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:
Біріншісі – коммуналдық қызметтер саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыру. Орташа салалық көрсеткішке дейін жалақыны көтеру және кадрлардың тұрақтамауын төмендету үшін 200 мыңға жуық қызметкердің табысын ұлғайту жоспарланып отыр.
Екіншісі – иесіз желілерді кезең-кезеңімен беру. Осылайша, 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке өтуге тиіс.
Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіпорындардың иесіз желілерді ұстауға және пайдалануға жұмсаған шығындарының орнын толтыруға жол ашады, бұл тұтынушылардың қамтылуын арттырады және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты, салалық мемлекеттік органдар және табиғи монополиялар субъектілерінен тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын өсіру, қараусыз жатқан желілерді қарау және т.б.), нақтылы құжаттармен дәйектелген көптеген өтінімдер келіп түсті.
Аталған шаралар апаттар мен өшірулерді азайту, шығындарды азайту және реттелетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін жақсарту мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте халықтың мұқтаж топтарына әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады.
– Электр энергиясына тарифтердің өзгеруі, өсуі – баршаны алаңдатып отырған мәселе. Бұл шара қандай мән-жайларға негізделіп іске асырылады?
– Тарифтердің теңгерімді өзгеруі бірқатар факторды біріктіру жолымен жүргізілетінін атап өткен жөн.
(Сұрақтың әрі қарайғы жауабы инфографика арқылы беріліп отыр).
Осы орайда Қызылорда, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында электр энергиясымен жабдықтау қызметіне тарифтердің көтерілуі күтіледі.
Осылайша, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде және қосымша факторларды ескере отырып электрмен жабдықтау қызметтері бойынша халық үшін орташа чек 800 теңге шегінде ұлғаяды.
Айта кету керек, электр энергиясына тарифтердің өсуіне қатысты жүктеме тек қана халық үшін емес, тұтынушылар топтары бойынша тұтынушылардың сараланған тарифтерді қолдануы кезінде заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдардың тарифтеріне де жүктеледі.
– Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының жағдайын жақсарту, жаңарту бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде ҰЭМ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестицияларды қосымша тартуды көздейтін жаңа тарифтік саясатқа көшуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізеді.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау шеңберінде салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру жолымен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша да жұмыс жүргізілуде. Жалпы, электр энергиясын беру саласында 146 табиғи монополия субъектісінің (ТМС) қызметі жүзеге асырылады. Сонымен қатар ұзақмерзімді тарифтер бойынша 45 ТМС (инвестициялық міндеттемелері бар) жұмыс істейді, оның ішінде 41 ТМС халыққа қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері қосымша инвестициялар тарту бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруды ескере отырып, инвестициялық бағдарламаларды өзгерту бойынша тозу деңгейі жоғары электр энергиясын беру жөнінде 17 табиғи монополия субъектілері (келіп түскен 17 өтінімнің ішінен) бойынша шешім қабылдады.
Электр энергиясын беру саласында желілердің жалпы ұзындығы шамамен 300 мың км құрайды, бекітілген инвестицияның сомасы – 2023 жылға 75 млрд теңге. Қаржы көздерін жабдықтарды жаңғыртуға және желілерді қайта жаңартуға бағыттау жоспарланып отыр (2 164 км).
Тозуды 1%-ға төмендету үшін (806 км желіні қайта жаңарту және 6 281 дана жабдық сатып алу) 2023 жылға бекітілген қосымша инвестицияның көлемі 16,2 млрд теңгені құрайды (3 млрд теңге – бюджет қаражаты, 13 млрд теңге – тариф есебінен, өзге де қызмет – 200 млн теңге).
– Электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің кадрлық әлеуетін дамыту және әлеуметтік қорғау мәселесі қалай шешіледі?
– 2022 жылғы 30 желтоқсанда уәкілетті орган бекіткен тарифті өзгерту негіздерін толықтыру бөлігінде «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Мәселен, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруға байланысты бекітілген инвестициялық бағдарлама өзгертіледі. Өңірдегі экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы өзгереді.
ТМС реттеліп көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын иесіз желілер мен мүлікті теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға қабылдау қарастырылады.
Аталған нормаларды іске асыру үшін «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 17 наурыздағы №35 бұйрығы әзірленді және бекітілді. Соған сәйкес бүгінгі жағдайда жабдықтар мен желілерді жаңғырту, кәсіпорындарда инновациялық шешімдерді енгізуді ынталандыру, сондай-ақ ТМС қызметкерлерінің жалақысын арттыру есебінен салаға білікті мамандарды тарту арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасына баса назар аударылады.
Ел бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының ағымдағы жай-күйі қазақстандықтарды жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңартуды талап етеді. Сонымен қатар салада жалақысы жылдар бойы өспеген білікті мамандардың кетуі байқалады. Қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің орташа жалақысы 135 мың теңгені құрайды. Бұл орташа салалық деңгейден екі есе төмен. Ал ең төменгі жалақы 80 мың теңге.
Жалақыны орташа салалық көрсеткіш деңгейіне дейін арттыру табиғи монополиялар саласының 200 мыңнан астам қызметкеріне әсер етеді және кадрлардың айналымын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ТМС қызметінің тиімділігін арттыратынын ерекше айта кету керек.
Бұл ретте, тарифтік сметаларда бекітілген өндірістік персоналдың орташа жалақысы мен 2021 жылғы статистика бойынша орташа салалық жалақы арасындағы алшақтық 10%-дан 86%-ға дейін өзгереді. Сөйтіп тарифтегі жалақының үлесі 15-30%-ды құрайтын болады.
Қорыта келгенде, қазіргі уақытта таяу кезеңдегі басты, басым міндет – инвестиция көлемін ұлғайту жолымен желілердің тозу деңгейін төмендету және ТМС қызметкерлерінің жалақысын арттыру. Барлық іс-шара өңірлердің, жергілікті орындардың өзіндік факторлары мен ерекшеліктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Әңгімелескен
Жомарт ОСПАН,
«Egemen Qazaqstan»