Медицина • 25 Шілде, 2023

Көру қабілеті нашарлағанға көмек

195 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазмыштан көру қабілеті нашарлап, дертіне шипа іздеген жан­дар­дың ішінде көздің қасаң қабығын ауыс­тырудан басқа амал қалмаған па­циент­тердің үміті оянды. Америкалық технология бойынша донордың қасаң қабығын трансплантациялау арқылы науқастардың жарық дүниені қайта көруге мүмкіндігі бар.

Көру қабілеті нашарлағанға көмек

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Университеттік клиника базасында тәжірибелі дәрігерлер қасаң қабықты трансплантациялауды бас­тап кетті. Донорлық тіндер АҚШ-тан жеткен. Негізі көздің қасаң қабығын трансплантациялау шетелде жасалатын күрделі операциялардың қатарында. Трансплантация не үшін қажет? Кератоконус, бельма және әртүрлі аурулардан кейін қасаң қабық­тың бұлыңғырлануы мүмкін. Қабық­тағы түзілімдер, жарақатқа байланысты тыр­тықтар пайда болуы да ғажап емес. Сосын түр­лі хирургиялық араласулар­дан кейінгі ас­қынулар нәтижесінде қабық ісінуі мүмкін. Міне, осы кезде науқастар трансплантацияға жү­гіне алады. Ескеретін жайт, пациенттің ауруы асқынып жатса, трансплантацияны ке­йінге қалдырмаған жөн болады. Себебі уа­қыт өте бере трансплантацияның да маңызы болмай қалуы мүмкін дейді мамандар.

Бұрын елде осыған ұқсас операциялар мәйіттік донордан трансплантация­лау арқылы жасалыпты. Яғни операция 48 сағат ішінде өтуге тиіс болған. Әйтпесе, мәйіттік донордан алынған орган трансплантациялауға жарамай қалуы мүмкін. Дегенмен 2015 жылдан беріге дейін елде мәйттік донор күрт тоқтаған. Содан ел дәрігерлері америкалық әріптестерінің көмегіне жүгінді. Олар жаңа технология бойынша тіндерді 14 күнге дейін сақ­таудың амалын тапқан.

«Айта кетерлігі, бүгінгі операциялар алдын ала кесілген донорлық материалмен жасалады, бұл – бұрын қолданылмаған жаңа технология. Жаңа технология бойынша 2 жылда 304 операция жасауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ катаракта сияқты бұрын жасалған операциялардан кейін зақымданған қасаң қабық тіндерін трансплантациялау операциялары жасалды. Мұнда науқастың қасаң қабығы толығымен жойылмайды, тек зақымдалған қабық тіндері алынып тасталады және ауыс­тырылады. Бұл тіндерге операция жасау – науқастарға көрсетілген көмектің жоғары деңгейі», деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ офтальмологиялық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Сүлейменов.

Мамандардың айтуына қарағанда мұндай операциялардың сирек жасалуы­на мәйіт донорының жоқтығы себеп. Сондықтан донорлық қасаң қабықтарды АҚШ-тан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының көмегімен сатып алу туралы шешім қабылданды. Есесіне екі жылда 304 адамға операция жасалады. Бағдарлама бюджеті – 373 млн 350 мың 280 теңге шама­сында. Бұл – екі жыл ішінде қасаң қабық­ты трансплантациялау үшін 304 органды дайындауға және әкелуге бөлінген сома. Науқастарға барлық операция тегін.

«Елде донорлық материалдың жетіс­пеушілігі – ағзалар мен тіндерді трансплантациялауға мұқтаж науқастар үшін өте күрделі мәселе. Сондықтан басқа елдердің Донорлық банкінен алынған донорлық материалды қолдану бүгінде бұл мәселенің жалғыз шешімі саналады. Бұл операциялардың бірегейлігі, қасаң қабықты толығымен өзгертпеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, кез келген ауру кезін­де зақымдалған қабатты ғана өзгертеді. Қазақ­станда мұндай операцияларды енгізу көру қабілеті бұзылған адамдардың санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді. «Қазақстан халқына» қорынан екі жыл ішін­де 304 қасаң қабықты дайындауға және әкелуге 373 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді», деп түсіндірді «Қазақстан халқы­на» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Университеттік клиникасында алғашқы 12 операция сәтті өтіпті. Бір операция шама­мен 1 сағатқа созылады. Қиыны, науқас­тарды операциядан кейін оңалту бірнеше сағатты алады. Қуантарлығы, трансплантациядан кейінгі күні-ақ науқас жарық дүниені көру мүмкіндігіне ие болады.

«Бұл бүкіл ел үшін елеулі оқиға десек, артық емес. Дәрігер ретінде бізге нау­қастарымыздың зардап шеккенін көру, оларды шетелге операцияға жіберуге мәжбүр болу әрқашан ауыр тиді. Бүгінге дейін біздің мамандар бұл операцияны жасай алмағандықтан емес, қажетті донорлық материал болмауынан шетелде жасалынды. Өздеріңіз білетіндей, елде мәйіттік донор жоқ. Салдарынан науқастар соқыр, мүгедек болып, донорлық органдарды күтпей қайтыс болып жатады. Қазір Қазақстанда қасаң қабықты трансплантациялау қарқын алды және еліміздің жетекші медициналық университеті – Санжар Асфендияров атын­­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­си­тетінің Университеттік клиникалары базасында заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, үздік дәрігерлердің күш-жігерімен ең озық жағдайларда жүзеге асырылады деп сеніммен айтамыз», деген ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына көрсеткен қолдауы үшін алғысын жеткізді.

Осы операцияларға қатысып, басы-қасында жүрген Марат Сүлейменовтің айтуынша, америкалық технологияның мүмкіндігі мол.

«Бұл жолы бізге Америкадан жеткен көздің қасаң қабығы барынша да­йын күйінде келді. Мұндай операциялар хирургтарға аса салмақ салмайды. Нәтижесі де бұрынғы технологиялардан әлдеқайда жақсырақ болады. Түсініктірек болуы үшін айтар болсақ, көздің қасаң қабығы тек донордан алынады. Ол көз алмасының бөлігі саналады. Бізге мұны америкалықтар өңдеп, жіті тексеріп, зерттеп барып жолдайды. АҚШ-та донорлар көп. Бізде донордың тапшылығына байланысты көздің қасаң қабығына қол жеткізу қиын. Бірінші аптада 12 операция жасадық. Осылайша, жыл соңына дейін 152 және келер жылы да сол шамада, нақтырақ айтсақ ұзын-саны 304 операция жасаймыз деп отырмыз. АҚШ-тан алғаш алдырған көздің қасаң қабығы мен қазіргі келіп жатқан қасаң қабықта айырмашылық бар. Қазіргілері дәрігерге де пациентке де қолайлы. Енді технология бір орында тұрмайды ғой. Біз операция жасап жатқан науқастардың көру қабілеті тіптен нашарлаған. Тіпті көрмейді десе де болады. Сол үшін Үкіметтен жәрдемақы алады. Біз алғаш жасаған 12 операция, шүкір, сәтті шықты. Әрине, ай, жыл өте келе науқастардың көру қабілеті жақсара береді. Алайда 100% көреді деп айта алмаймыз, бірақ 50-60% көріп кетсе де жақсы», дейді білікті маман.

Жоғарыда айтқандай, қасаң қабықты өңдеп, сақтауға және елге алып келуге «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетіп жатыр екен. Бағдарлама табысты іске асып, 304 науқастың жағдайы жақсарса, сәтті бастаманы әрі қарай да жалғауға болады. Өйткені елде мұндай операцияға 700-ге жуық науқас мұқтаж болып отыр. Бұл қатарда ересектермен бірге балалар да бар.