Медицина • 25 Шілде, 2023

Балалар дәрігерінің орны

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті бастамасымен «Педиатр қоғамы» қайта құрылды. Құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана және бала денсаулығын қорғау бөлімі мамандары, қалалық емхана меңгерушілері, балалар және жалпы тәжірибедегі дәрігерлер мен зейнетке шыққан медицина қызметкерлері кірген қоғамдастықтың 76 мүшесі балалар сырқатымен күресуді қолға алды.

Балалар дәрігерінің орны

Қоғамдық ұйым алдында тұрған негізгі міндет – жаңа туған сәбилер арасындағы өлім көрсеткішін азайту. Ұйымның алғаш­қы мәжілісінде осы жылдың бірінші жарты­жылдығындағы нәресте өлімін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. М.Оспанов атындағы БҚМУ №2 балалар аурулары кафедрасының доценті Арыстан Досымов балалар онкологиялық ауруларын ерте анықтау бойынша баяндама жасады. Ол кез келген медициналық мекеменің қызметкері онкологиялық дертке күдік тудырған белгілерді болдырмауға бағытталған жұмыстарды басты назарда ұстау керек екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы тұрғын­дарының саны 922 мың 697 адам болса, оның 35%-ын 18 жасқа дейінгі жеткіншектер құрайды. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Бақыт­жан Түлкібаеваның хабарлауынша, түр­лі сырқатпен дәрігерлер есебінде тұрған сәбилер өңірдегі балалар санының 7,9%-ын құрайды. Дәлірек айтқанда, Ақтөбе облысында 6 мыңға жуық баланың денсау­лығында кінәрат бар. Мәселен, 600 бала аутизм сырқатына шалдықса, 1 100 бала тірек-буын жүйесі кеселімен дүниеге келген. Кейінгі уақытта ақыл-есі кем, жүйке жүйесі кінәратымен дүниеге келген нәрестелер саны да азаймай тұр. Туабітті кемістігі бар сәбилер көбейген сайын балалар дәрігерінің жұмысы да күрделене түседі. Оның үсті­не сәбилеріне екпе алуға үзілді-кесілді қарсы ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізу учаскелік дәрігер мен медбикеге міндеттелген жазылмаған қағидаға айналды. Ашығын айтқанда, балалар дәрігерінің міндетін отбасылық жалпы тәжірибедегі дәрігер алмастырғалы бері сәби сырқатын ерте анықтап, емдеу ісі күрделеніп кетті.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 1 498 балалар дәрігері болғанына қара­мастан педиатр маманның тапшылығы сезіледі, әсіресе, аудандық емханаларда. Кейінгі дерек бойынша өңірде 18 пе­диатр, 4 неанатолог маман жетіспейді. Осы тап­шылықтың орнын толтыру мақсатында жыл сайын жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен студент­терді оқыту жұмысы қолға алынып келеді. Биыл Ақтөбедегі М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан медицина универ­ситетін грант негізінде балалар дәрігері мамандығымен бес студент, неанатолог мамандығы бойынша үш студент аяқтап, аудандық ауруханаларға орналасып жатыр.

Бүгінде денсаулық сақтау басқар­масында 36 штаттан тыс дәрігер тіркел­ген. Олардың қатарында зейнетке шық­қан тәжірибелі мамандар да бар. Таяу­да «Педиатр қоғамы» мүшелері 12 аудан­ның елді мекендерін аралап, ауыл тұрғын­дарына медициналық көмек көр­сет­пекші. Олардың жоспарында ең шалғай ауыл­дардағы дәрігерлік бақылаудан тыс қалған сәбилерді тексерістен өткізу бар.