Жәдігер • 26 Шілде, 2023

Қас таңбалы жылқылар

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың рухани танымында айрықша орны бар дүниенің бірі – қас таңба немесе қас белгі. Бұл сөздің жазылу нұсқасы «хас» немесе «қас» деп екі түрлі таңбаланып жүр. Біз қазақы айтылу үндестігіне сай келетін «қас» мәтінін қолай көрдік. Сонымен...

Қас таңбалы жылқылар

Зерттеушілердің пайымдауына жүгінсек, қас таңбаның та­­ри­хы тым терең. Бірақ оның хал­қы­мыздың тарихынан өші­­­ріліп, рухани танымы­нан ­алас­­­татылуына басты себеп – өткен ғасыр басында кеңес ода­ғы­ның қас дұшпаны Герма­ния­ның мем­лекеттік рәмізі осы­ған ұқсас болғаны.

Әйтпегенде, бұл таңба қазақ­қа жат емес. Халқымыздың рухани танымында бұл белгіні «айқыш таңба», «қосу таңба», «аша­май таңба» т.б. деп атап жүр. Сонымен қатар «қас» атауының синонимі дүниетанымымызда «ерекше», «керемет», «нағыз» де­ген ұғымға сай күшейтпелі түсі­нік береді.

Мысалы, «Қас жүйрікте сын бол­мас, қас сұлуда мін бол­мас» (мақал), «Ә, келдің бе, қас батырым, жан қияр, Кетіп едің үш күн бойы хабарсыз?» (М.Шаханов) немесе «Шыңнан ұшқан қас қыранның бірісіз, Дарқан қазақ өнерінің гүлісіз» (М.Шаханов), «Әр сабақ, әр пән, бір жағынан өзіне қас мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл са­бағының міндетін атқаруға тиіс» (Ж.Аймауытов), «Мұндай суыт жүріс... белгілі адамға ғана қас жүріс қой» (Х.Есенжанов) т.б.

Қазақ ақыны Олжас Сүлей­менов, қас таңба байырғы қып­шақ­тардың символы болған десе, зерттеуші Бақытбек Бәмішұлы: «Қас белгі қазақ танымында – аша­май таңбасына өте ұқ­сас екi көсеудiң айқасуымен таң­ба­ла­нып, әр таяқшаның ұшы күн айна­лысына қарай неме­се кері бағытта тiк бұрыш пішін­де иiлiп жасалады. Бұл – өте көне­ден келе жатқан мұра. Оның сыр­тында қас таңбаның қазақ танымында қосу (+) һәм көбейту (х) мазмұнды мистикалық нұс­қа­лары бар. Бұларды кейбір өл­ке­лерде «аша­май таңба» деп те ай­тады. Жо­ға­рыдағы қосу жә­не көбейту таң­ба­ларының та­­ным­дық-рухани маңызы бі­рін­­шіден, «елге ел қо­сылса құт», «досы көпті жау ал­майды, ақы­лы көпті дау алмай­ды» деге­ніндей немесе ырыс пен бере­кенің тоғысы (қосылуы) сияқ­ты ұғым-түсінікпен астасып жат­са, екіншіден, құшақ айқас­қан достықтың, өсіп-өніп көбею­дің ырымдық титулы ретінде қа­лыптасқан» (Бәмішұлы Б. Сөз мәйегі. Публицистикалық мақа­лалар. Алматы, ЖШС РПБК «Дәуір», 2019.- 88 бет).

Осы орайда қазақтың «Көп қорқытады, терең батырады», «Жал­ғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», «Көп қараса, жоқ табылар», «Көптік қайда болса, тоқтық сонда», «Көптің құ­рығы ұзын» мақалдары жоғары­да айтқанымыздай, «көбейту» (х) және «қосу» (+) символдарының қарапайым халық аузындағы тәп­сірі іспеттес.

Көне жазу-таңбалардың біл­гірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доцен­ті Талғат Молдабай: «Қас таңба ежелгі халықтың барлығын­да киелі символ ретінде: азтек, ари, шумер, еврей және көне тү­ріктерде (прототүрік) қол­да­нылған. Тіпті көне түрік жазу таң­баларында «д» әріп таңбасы және «з» әріп таңбасы нұсқасында таң­баланған (Молдабай Т. «Көне түрік жазу тарихы». – Астана, 2016. – 80 бет) деп жазыпты. Осы­­ған қарағанда, көне түркілер жазу таңбасында қас белгісін пай­­даланғаны анық.

Демек қас таңба халқы­мыз­дың танымына өте көне за­ман­да орныққаны анық. Тіп­ті қа­зірдің өзінде ежелгі сим­вол­дық таңбасын әлі күнге дейін ұмыт­пай жүрген адамдар да бар. Басқасын былай қойғанда, Қобда беті Бай-өлке аймағын ме­кендеп жатқан қандастарымыз арасында өздерінің меншік жыл­қысына «қас» таңбасын ба­са­тындар да бар екен. Бұл де­ге­­німіз, жоғарыда ақын Ол­жас Сүлейменов айт­қандай, хал­қы­мыздың ежелгі рәмізін ұмытпағанына дәлел.