Кеңеске сондай-ақ Түркия, Германия, Чили, Аустралия, Пәкістан, Қырғызстан елдерінен келген селекция және тұқым шаруашылығы жөніндегі жетекші шетелдік мамандар, Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғалым-зерттеушілері, оңтүстік-шығыс өңірлердегі жергілікті ауыл шаруашылығы басқармаларының және аумақтық инспекциялардың басшылары келді.
Кеңеске қатысушылар еліміздегі іргелі ғылыми-зерттеу институттары мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жетістіктерінің көрмесін тамашалады.
Бүгінгі өте жылдам өзгеретін уақытта ғылым мен білімнің жетістіктерін өндірісте қолдану қоғамның дамуында шешуші рөл атқарады. Инновациялық идеяларды ілгерілету мен прогреске қол жеткізу үшін ғылыми қоғамдастық пен өндірістік сектор арасындағы тиімді өзара байланыстарды нығайту қажеттілігі күн өткен сайын анық байқалып отыр.
«Егінжай күні» далалық семинар-кеңесінде өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары, егіс дақылдарының тұқым шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету және отандық инновацияны дамыту тетіктері, жаңа сорттарды өндіріске кеңінен енгізу және селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру сынды маңызды мәселелер талқыланды.
«Алайда дәл қазіргі уақытта әлемде қатты қуаңшылық белең алып отыр. Соның салдарынан орын алған геосаяси жағдай азықтық өнімдердің тапшылығын сездіріп жатыр. Демек экономика үшін де, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуда қуаңшылыққа бейімделген егіс тұқымдары қажет. Еуропа мен Америкада шығарылған өнім тұқымдары біздің ауа райымызға бейімделмеген. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық селекциясын жақсарту, сол арқылы тұқым шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың басым міндеттеріне айналуға тиіс», деген модератор Ақылбек Қажығұлұлы ғылыми жетістіктердің өндіріске баяу енгізіліп жатқан себептеріне тоқталып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Оның айтуынша, 15 жыл бұрынғы өндірісте қолданатын отандық тұқымның үлесі еселеп кеміп кеткен. Мысалға айтар болсақ, бүгінде тұқымның 70 пайызы шетелден алынса, 30 пайызы ғана отандық үлес саналады. Сол себепті оңтүстік өңірде тұқым шаруашылығы жүйесін дамыту мақсатында тұқым өндіру және сатумен айналысатын аттестатталған тұқым өндірушілер шаруашылығын әрбір облыста дақылдардың бағытына байланысты көбейту және оңтүстік өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, шаруа қожалықтарының біліктілігін арттыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім тарату орталығын (экстеншн) әрбір облыста ашуды ұсынды.
Сонымен бірге мемлекеттік субсидияларды шетелдік өнім сорттарына емес, тек қана отандық өнім сорттарын жетілдіруге беру, ғалымдардың ғылыми жетістіктерін коммерциаландыру бағытында жергілікті облыстық әкімшілік тарапынан қолдау көрсете отырып, жергілікті 019 бағдарламасына бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту қажеттігін атап өтті.
Өңірлердегі су тапшылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруда су үнемдеу технологияларын енгізу үдерісін жеделдету, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында тыңайтқыштарды қолдану жүйесін жетілдіру жайы да тілге тиек болды.
Отандық ғалымдардың потенциалын пайдалана отырып, жемшөп өндірісін дамыту бағдарламасын (оның ішінде, ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының кемінде 30 пайызын), жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын, әкімшілік аумақтық бірліктердегі жайылымдарды тиімді басқару мен тозған жайылымдарды жақсарту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Бұдан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев семинар-кеңеске қатысушыларды құттықтай отырып, өңір экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар ауқымына тоқталып өтті.
«Өнімділікті арттырудың маңызды факторлары жақсы сорттар мен сапалы тұқым болып табылады. Тұқымның жоғары сапасымен ғана сорттың әлеуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруға болады. Мысалы, тең жағдайда дәнді дақылдардың жоғары сапалы тұқымын себу өнімділікті 1,5-2 есе арттырады және астық өнімділігін гектарына 70-100 центнерге дейін жеткізеді», деген өңір басшысы шаруалар үшін жоғары сапалы тұқымның қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атады.
Дәнді дақылдардың жоғары өнімділігі үшін суару маңызды фактор саналады.
«Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, ағымдағы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 3,5 мың гектарға ұлғайтылып, 465,8 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде 264 мың гектар – суармалы жер. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Суды үнемдейтін технологияларды қолдану басқа әдістермен салыстырғанда су шығынын 20-дан 80 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта дақылдарды күтіп-баптау (өсіру, минералды тыңайтқыштар себу және суару) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күзгі егін жинау жұмыстарына да дайындығымыз жақсы. Бүгінгі жиында көтеріліп отырған маңызды тақырып – ғылым мен білімнің жетістіктерін агроөндірісте қолдану мәселесі ауыл шаруашылығында жермен тікелей жұмыс жасайтын бізге тың серпін береді деп сенеміз. Ел игілігін еселеу жолында бірлесе қызмет етуге ниет етіп отырған барша ғалымдар мен мамандарға сәттілік тілеймін», деді Марат Елеусізұлы.
Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңіріне орналасқан облыстар өзінің бірегей табиғатымен, құнарлы суармалы жерлерімен ғана бай емес, сонымен қатар бұл аймақ еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырумен де ерекшеленеді. Бұл аймақта суармалы жерлердің 5%-ы ғана орналасқанымен, олар ауыл шаруашылығы саласының ішкі жалпы өнімінің 25-30%-ын құрайды.
«Егінжай күнінде» Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков әлемдік ауылшаруашылық нарығындағы болып жатқан жаһандық өзгерістерді алға тарта отырып, тұрақсыз геосаяси жағдай қоғамға көптеген заманауи азық-түлік жүйелерінің әлсіз жақтарын ашып көрсеткеніне тоқталды.
«Бұл үдерістер біздің еліміздің экономикасына да әсерін тигізетіні анық. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамыту мақсатында саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып отыр. Оны іске асыру нәтижесінде он жыл ішінде отандық өндірісті азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын
3 есеге ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін
3 есе арттыру және АӨК-ке инвестициялар ағынын 4 есеге ұлғайту жоспарланған.
Осы міндеттерді шешу үшін АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, жер қатынастарын дамытуды және саланы цифрландыруды, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін шаралар кешені қолға алынды», деді Ербол Тасжүреков.
Вице-министр бұл қадамдардың әлі де жеткіліксіз екенін, көрші әріптес елдер тарапынан бәсекелестіктің күшеюі, әлемдік нарық конъюнктурасының тұрақсыздығы, сондай-ақ климаттың өзгеруі мемлекет тарапынан саланы дамытуда жаңа инновациялық шешімдерді талап ететінін жасырмады.
«Сондықтан Мемлекет басшысы мен министрлік АӨК саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретінде аграрлық ғылымды дамытуға және мамандар даярлауға ерекше назар аударып отыр. Осылайша, аграрлық ғылымды дамыту және жоғары білікті кадрларды даярлау ғана АӨК дамуындағы локомотивке айналуына ықпалы тиері анық. Бүгінгі диалог біздің ынтымақтастығымыздың көкжиегін кеңейтуге қызмет ететініне сенімдімін. Біз әрқашан диалогке ашықпыз, сондай-ақ республиканың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі тиімді және орнықты дамыту жөніндегі сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды қарауға және талқылауға дайынбыз», деп түйіндеді сөзін Ербол Қуанышұлы.
«Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту – заман талабы» атты ауылшаруашылық саласының өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланған келелі кеңесте республикадағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева семинар-кеңеске қатысушыларды институт ғалымдарының ғылыми жетістіктерімен, алқаптағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарымен, АӨК саласындағы инновациялық әзірлемелермен таныстырды.
Шолпан Оразқызының айтуынша, ҒЗИ ғалымдары ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің 500-ден астам сорт пен буданын өсіріп шығарған, олардың ішінде қазіргі уақытта елімізде 203 сорт пен буданды пайдалануға рұқсат етілген. Атап айтқанда, 31 – күздік бидай және тритикале, 34 – жемшөп, көпжылдық шөптер, 31 – жүгері, 31 – жаздық бидай, 24 – майлы дақылдар, 18 – арпа, 14 – сұлы, 8 – бұршақ дақылдары, 8 – қант қызылшасы, 4 күріш буданы бар. Таяу шетелдерде өндірісте 42 сортты пайдалануға рұқсат етілген. Олар Қазақстан мен ТМД елдерінде шамамен 3,0 млн гектар жерді алып жатыр.
Іс-шара аясында көрнекті ғалымдар, бизнес, өндіріс өкілдері және мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері ғылым мен өндіріс арасында қуатты серіктестік құру туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, инновациялық жетістіктерді өндіріске енгізу, өзара ынтымақтастықты қолдау және ғылыми-техникалық прогресті дамыту бойынша баяндамаларын ұсынды.
Сондай-ақ семинар-кеңеске қатысушы мамандар ғалымдардың жасаған климатқа төзімді отандық сұрыптарды өндіріске енгізуде аграрлық сала мамандары жұдырықтай жұмыла жұмыс жасау керектігін баса айтты.
Ғалымдар «Егінжай күні» семинар-кеңесі жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары сыныпты тұқымдарымен өндірісті қамтамасыз ету үшін экономиканың аграрлық секторының тұқым шаруашылығы саласының ғылыми негіздерін жетілдіру, нормативтік-әдістемелік және заңнамалық базасын үйлестіру перспективаларын шешуге бастамашы болғанын атап өтті және ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.