Мәселе • 26 Шілде, 2023

Керекудің қызыл көлі

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер бетінде қызғылт түске боялатын көлдер көп емес. Соның бірі – Ертіс-Баян жерінде орналасқан Коряков көлі. Биыл айдынның суы тартылып қалғаны жайында аумақтағы тұрғындар дабыл қағып жатыр. Ал экологтер ежелден тұз өндірілетін көлдің келешегіне төнген қауіп жоқ дейді.

Керекудің қызыл көлі

Облыс орталығынан 17 шақырым жердегі Коряков көлі ас тұзымен танымал. Тұзды су айдыны Павлодар ауданының аумағында, Коряковка және Кемеңгер елді мекендеріне жақын жерде орын тепкен. Көлдің табаны тегіс, соған сәйкес қар көп түскен және жауын-шашын мол болған жылдары кемеріне келеді. Аумағы 11 мың шаршы метрдей болатын көлдің тереңдігі 70 сантиметр­ден аспайды. Экологтердің айтуынша, оның табанында жатқан тұз қабатының қалыңдығы 42 сантиметрден 76 сантиметрге дейін өзгеріп отырады екен. Жазғы уақытта суы қызғылт тартып, алыстан қарағанда өте әсерлі көрінеді. Көл­дің үстімен тұз тартқан ертедегі ағаш көпір­дің бағандары да бұл жерге жараса қалған. Алыс-жақыннан келген туристер су айдынын жиі қызықтап, суретке түс­кен­ді ұнатады.

Жергілікті тәуелсіз экологтер маусым айынан бері көлдің суы өте таяз­данып, бұрынғы қызғылт реңкінен ажырап бара жатқаны жайында дабыл қаққан. Бұған қоса жергілікті ауыл тұрғындары ондағы тұзды ретсіз пайдаланып, табиғи байлықты үйлеріне тасып жатқан көрінеді. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының мамандары жуықта көлге барлау жұмыстарын жүргізіп, оған соншалықты қатер төніп тұрған жоқ деген қорытындыға келді. Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да Коряковқа арнайы барып, жағдайымен танысты.

– Коряковка ауылының маңындағы қыз­ғылт көлдің жағдайы Павлодар облы­сы­ның ғана емес, ел тұрғындарын да алаң­датып отырғанын жақсы білеміз. Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистрі бастаған арнайы комиссия көлдегі жағ­дайды өз көзімен көрді. Көлдің жаны­на тәуелсіз экологтер, өңірдегі құзы­рет­ті ведомстволардың өкілдері жиналып, қазіргі ахуал туралы баяндалды. Комис­сия табиғи құбылыстарға, атап айт­қанда, биылғы аптап ыстыққа байла­ныс­ты су қоймасы таязданып кеткен деген қорытынды жасап отыр. Өздеріңіз бай­­қап отырғандай, биыл жауын-шашын өте аз. Бұл құбылыс – соның салдары.­ Екін­ші­ден, Коряков көлі мұндай жағдайға бұрын­дары да тап болған. Мысал үшін Павло­дардағы музейлердің бірінде көлдің осыдан 120 жыл бұрынғы фотосуреті сақ­тал­ған. Онда су айдынының мүлде құрғап тұр­ғанын, монолитті тұз қабатымен жабыл­ғанын көруге болады. Сондықтан бар­лығы өзгереді, бұл – табиғи құбылыс, – дей­ді өңірлік жер қойнауын пайдалану,­ қор­шаған орта және су ресурстары­ бас­қар­ма­сы­ның басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Бұл жерде 2020 жылдан бері «Мульти­сер­вис» компаниясы тұз өндірумен айна­лы­сады. Өндіріс көлемі шамалы бол­ған­дық­тан, олар экологиялық жағдайға әсер ете алмайды дейді экологтер. 2019 жылы Коря­ков зерттеліп, ғалымдар көл артемия құр­тын өсіру үшін қолайсыз деген байлам жасаған. Сондықтан ол тек ас тұзын өнді­ре­тін орын ретінде ғана пайдаланылады. Көл­де шамамен 1 млн 773 мың тоннадай тұз­ қоры жинақталған.