Құрылыс • 26 Шілде, 2023

Мектеп құрылысының сапасы

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір мектепте орын тапшылығы, апатты нысандар жиі көтеріліп жүр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес Алматы қаласында 2025 жылға қарай 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарланып отыр.

Мектеп құрылысының сапасы

Алматы қаласы әкімдігі жобалық кең­сесінің мәлі­ме­тінше, құрылыс мектепке зәру елді мекендерде жүргізіледі. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құ­жат­тарды әзірлеу жұмыстары басталды. Мектептердің құрылысы биыл қараша айында сараптамадан өткеннен кейін қол­ға алынбақ. Қала әкімдігі мен бір­қатар аудандағы жер телім­дерінің иелері сегіз мектептің құрылысы туралы меморандумға қол қою жұмыстарын іске асырып жатыр. Жаңа форматтағы мектептер бойынша Алатау, Наурызбай аудандарында – 5 мектептен, Бостандық ауданында – 4, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2, ал қалған аудандарда бір-бірден салу жоспарланып отыр.

Жуырда Алматы қала­сының әкімі Ерболат Досаев «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және өзге де жауапты орындар өкілдердің қатысуымен өткен жиында мектептердің құрылысын сапалы жүргізу және уақы­ты­лы пайдалануға беру жөніндегі бас­қарма­лар­дың жұмысын жеделдетуді тапсырған болатын.

Әкімдік қаланы білім беру мекеме­ле­рімен қамтамасыз етудің мемлекеттік тап­сырыс, жер телімі иелері салған мектепті дайын болғанда сатып алу және мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясын­дағы құрылысы сияқты 3 тетігін пай­даланбақ. Жобаны іске асыруға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ балансындағы 10 жер учаскесін қала әкімдігі тапсырысты орындаушыға берді. Екі учаске қолданыстағы ескі мектеп ғимараттарын (№97 және №154 лицей) бұзғаннан кейін пайдаланылады. Қазіргі кезде Розыбакиев-Левитан көшелерінің қиылысындағы тағы бір учаскені сатып алу құны бойынша меншік иесімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жоспарға сәйкес жайлы мек­тептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала­ларға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіліп, бастауыш сынып оқушы­лары мен жоғары сынып оқушы­ла­рының мектепке кіріп-шы­ғуына бөлек кіреберістер қа­рас­тырылған. Лифт, электронды кітапханалар және хоккей корты, жеке бұйымдарын қоюға арналған шкафтар да оқушы­лардың қолайлы білім алуына лайықталып жасалады. Пайдалы демалыс ұйымдастыру үшін әр қабатта коворкинг алаң­дар, Face ID және QR-кодтар қойылып, автоматты түрде құлыпталатын және әкім­шілік мектеп ғимараты мен ауласындағы жағдайды нақты режімде қадағалап отыруы үшін бейнебақылау жүйелері де орнатылатыны білім алу меке­мелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталмақ.