Еңбек • 26 Шілде, 2023

Кәсіпкер әйелдер кеңесі

188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде қолынан іс келетін әйелдер ерлерден қалыспай ел экономикасына өз үлесін қосып келеді. Оған дәлел – Талдықорған қа­ла­сында өткен Жетісу, оңтүстік аймақтардағы ауыл әйел­де­рінің облыстық форумы.

Кәсіпкер әйелдер кеңесі

Аталған іс-шара «Жасыл эко­но­миканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ, «Әлеу­мет­тік динамика» қо­ғам­дық қоры, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түр­кістан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумға ауылды дамы­ту ба­ғытында алыстан ат тер­­летіп, өзде­рінің ой-пікірлерін жет­кізуге келген ең белсенді іскер қыз-келіншектер қатысты. Облыс­тар­дың мемлекеттік құры­лымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері де осы жиыннан табылды. Шақырылғандар алдымен Жетісу облысы кәсіпкерлері мен «Coca-Cola белестері» же­ңім­паздарының қатысуымен ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда азық-түлік өнімдері мен әртүрлі бұйым көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара аясында елдегі ауыл әйелдерінің форумдары туралы бейнебаян көрсетілді.

Іс-шара шымылдығын Қазақ­стан ауыл әйелдері фору­мын ұйым­дастыру комите­тінің тө­ра­ғасы, IV, V, VI шақы­ры­лым­дағы Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Майра Айсина ашып, сөз сөйледі. Айтуынша, ауыл әйелдері форумының тарихы 2018 жылы Астана қаласында өткен алғашқы республикалық форумнан бастау алған. Еліміз­де 6 жылдан бері тұрақты ұйым­дас­тырылып келе жатқан бұл іс-шара коронавирус пандемия­сы кезеңінде онлайн форматта өткен.

Жиында сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли: «Бұл форум әйелдер бизнесінің дамуына серпін қосып, қоғамдағы әйел кәсіпкерлердің мәртебесін арт­тыруға мүмкіндік бермек. Сон­дай-ақ экономиканың табысты дамуының негізгі діңгегі болып, тиісінше халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер ететін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағыт­тал­ған бірлескен бастама­лар­ды әзірлеу үшін жемісті алаң болатынына сенемін» деді.

Сондай-ақ ол Жетісу облысы тұрғындарының 353 мыңы әйел болса, соның 193 мыңы ауылды жерлерде тұратынын, аймақта жыл сайын табысты кәсіпкерлер саны артып, ауылды жерде шағын бизнестің өсу үстінде екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда аймақта 58 мың жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлікте еңбек ететіндердің 49%-ын әйелдер басқарады. Субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түріндегі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылдағы көптеген әйел наубайхана, дүкен, балабақша, киім мен аяқкиім тігу және жөндеу, кондитерлік өнімдер өндіру, сүт өңдеу сияқты басқа да бағыттарда шағын цехтар ашқан.

Бұдан соң Қазақстан Прези­денті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мографиялық сая­сат жө­нін­дегі ұлттық комиссия, оңтүстік облыстар әкім­де­рінің орынбасарлары, сон­дай-ақ Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Ұлттық экономика ми­нистрліктері мен Халық­ара­лық ұйымдар өкілдері де ізгі тілектерін жеткізді. Бас­қосу барысында ауыл-ай­мақ­тардан жиналған кәсіпкер қыз-келіншектер де өздерінің ұсыныс-тілектерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасып, білім-біліктілігімен бөлісті.

Жиында ауылды тұрақты дамытып, әйелдер кә­сіп­кер­лігін өркендету, жергі­лік­ті тұр­ғындарды өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтып, жағдайды жақ­сарту, өмір сүру сапасын арт­ты­рып, ауыл халқының әл-ауқатын көтеру жайы сөз болды. Жеке кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын өрістету, аталған салаға қолдау көрсетіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қа­лып­тастыру, сондай-ақ жер­гі­лікті деңгейде 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге бағытталған мем­ле­кет­тік бағдарламаларды ілге­рілету мәселесі де әңгіме өзе­гіне ай­налды.

Түстен кейін форум қатысу­шы­ларына бизнес негіздері, фермерлік дағдыларды дамыту және кооперация бойынша тренинг ұйымдастырылды. Айта кетейік, биылдан бастап бұл форум көшпелі түрде өтіп, еліміздің батыс, шығыс, орталық және солтүстік аймақтарын тұтас қамтымақ. Қорытынды іс-шара ауыл әйелдерінің VI рес­публикалық форумы елордада өтеді. Оған дейін аймақтық мәселелер осындай ашық диалог алаңдарында тал­қыланып, алдағы мақсат-мін­дет­тер ай­қындалады.