Қоғам • 26 Шілде, 2023

Жылыту маусымына дайындық

526 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен қыста еліміздің жылу энергетика саласы ауыр сынақты бастан өткерді. Жылыту маусымында жүйеде көптеген олқылық пен апат болды. Биыл да солай болмас үшін қыстың қамын жазда ойлап, ертерек қамдану орынды.

Жылыту маусымына дайындық

Жалпы, бұл салада жылу желі­лерінің тозуы, мамандардың тап­шылығы сияқты бірқатар қор­даланған проблема бар. Ал жаңа жылыту маусымының басталуына небәрі 2 ай уақыт қалды. Осы және басқа да түйткілді мәселелер «Amanat» пар­тиясының партиялық бақылау ко­ми­тетінің отырысында көтерілді. Айтылған мәселелер қатарында жылу энергиясын өндіретін нысандардың басым көпшілігінде белгіленген ережелер мен талаптардың сақталмайтыны да айтылды. Бұл туралы комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәлімдеді.

«Нысандарға жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, барлық жерде жұмыстың қарқыны мен көлемі ойдағыдай емес. Біз мәселені бақылауда ұстаймыз. Алайда біздің комиссиялар мемлекеттік органдардың есептері көбінесе нақты жағдаймен сәйкес келмейтінін анықтап отыр»,  деп атап өтті Павел Казанцев.

«Amanat» партиясының партиялық бақылау комитетінің төрағасы арнайы жұмыс тобы жылу энергетикасы саласында қазір орын алып отырған жағ­дайды талдау үшін ауқымды жұмыс атқарғанын және қордаланған проблемаларды шешу жолдарын ұсынғанын атап өтті. Мәселен, партиялық бақылау комитетінің мүшесі Мирас Шекеновтің айтуынша, бүгінде елімізде жылу энергиясын өндіру секторында 37 ЖЭО жұмыс істейді, оның 15-і мемлекеттік меншікте және әртүрлі қуаттылықтағы 2 500-ге жуық қазандық бар. Олардың 80% көмірді пайдаланады. Өткен жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бо­йынша ЖЭО құрал-жабдықтары 66%-ның тозығы жеткен. Әсіресе жылу желілерінің ең жоғары тозу көрсеткіші (60%-дан астам) Павлодар (82%), Қарағанды (68%), Абай (68%) және Шығыс Қазақстан (66%) сияқты қысы ұзақ өңірлерде орын алып отыр.

«Энергетика министрлігінде және жергілікті атқарушы органдарда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық ахуалы мен өнімділігі туралы толық және сенімді ақпарат болмай отыр. Бұл – саланы сапалы жоспарлау мен дамыту үшін қазіргі жағдайын бағалауға мүм­кіндік бермейді. Білікті ма­ман­дардың тапшылығы және саладан тәжірибелі мамандардың кетуі де күрделі проблема. Ұлттық статис­тика бюросының мәліметтері бо­йынша сектор мамандарының орташа айлық жалақысы еліміздегі орташа еңбекақыдан 15%-ға төмен. Бірінші бас­шылардың тиісті білімінің болуы­на жасалған талдау жұмысы аудит жүр­гізілген нысандардағы алты бас­шы­­ның тек екеуінің ғана арнайы білі­мі бар екенін көрсетті», деді М.Шекенов.

Толыққанды заңнамалық база­ның болмауы және саланы реттеу­де айтарлықтай құқықтық олқы­лық­­тардың болуы да өз алдына бір мәселе. Жылу энергетикасын рет­теудің толыққанды құқықтық негізін белгілейтін жеке салалық заң жоқ. Тиісті заң жобасын әзірлеуді Энер­гетика министрлігі биыл ғана аяқтады.Партиялық бақылау коми­тетінің жұмыс тобы бір мемлекеттік органда жылу энергетикасы жүйесін реттеу саласындағы функцияларды орталықтандыру жөнінде шұ­ғыл шаралар қабылдау қажет деген қорытындыға келді. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындықты уақтылы атқармағаны және жылыту маусымында жіберілген олқылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленуі керек. Энергетика министрлігіне де тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, ведомство жылумен жабдықтау саласы­нан білікті мамандардың кетуі мен ма­ман тапшылығына жол бермеу үшін шара­­лар кешенін әзірлеуі қажет. Ал Ин­­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы жылу желі­­лерінің тозуын азайту үшін іс-шара­лар жоспарын әзірлеп, бекітуге тиіс.

Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар жылу энергиясын өндіру және тасымалдау субъектілерінің күзгі-қыс­қы маусымдағы жұмысқа әзір­лік төлқұ­жат­тарын алуына тиімді мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

«Кез келген нысанның дайындық төлқұжатын алмауы жаппай орын алатын үйреншікті құбылыс емес, нағыз төтенше жағдай болуға тиіс екенін баса айтып өткім келеді. Мемлекеттік органдар үшін де, біздің партиялық бақылау комиссиялары үшін де мұндай ТЖ – нақты әрекетке баратын тікелей нұсқау. Бұл істе жеке қазандықтар да назардан тыс қалмауы керек», деді жиынды қорытындылаған «Amanat» партиясының партиялық бақылау комитетінің төрағасы П.Казанцев.

Сондай-ақ партиялық бақылау комитетінің отырысында Ақмола облы­сы Егіндікөл ауданының тұрғын­дарын сумен қамтамасыз ету мәселе­лері талқыланды. Тұрғындар Қорғал­жын ауданының аумағы арқылы өтетін су құбырының жиі бұзылуына байла­нысты 3 сәуірден бастап Қоржын­көл және Бауман ауылдарына ауыз су толық бармай қалғанын айтып, шағымданған. Ал 2 маусымда Егін­дікөл ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

«Бүгінде Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстан халқын таза ауыз сумен 100% қамтамасыз ету туралы тапсырмасының орындалмай қалу қаупі бар. Осы ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірде-бір басшылығы біздің отырысқа қатыспады. Біз бұл ақпаратты Үкімет басшылығының назарына жеткізетін боламыз», деп атап өтті жиында пар­тиялық бақылау комитетінің төрағасы П.Казанцев.

Бұл мәселені тұрғындар, жергілікті атқарушы органдар, партия филиалы бірнеше рет көтерді. Нұра топтық су құбыры 14 564 тұрғыны бар 24 елді­ мекенді сумен қамтамасыз етеді. Су құбы­рындағы қазіргі жағдайды «Amanat» партиясы орталық аппара­тының партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова баяндады.

«Су құбырының 90%-ның тозығы жеткен. Тіпті басқа да жерлерде су жиі тоқтап қалады. Жыл басынан бері су құбырында 79 апат тіркеліп, ал жекелеген учаскелерде су шығыны 70-80%-ға жетті. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистралдық желілердің зақымдалған учаске­лерін толық ауыстырып, магистрал­дық су құбырын жаңалау қажет. Су құбырын толық қайта жөндеуден өткізу үшін шамамен 16 млрд теңге көлемінде қаражат керек», деді А.Ысқақова.

Жұмыс тобының мүшелері су құбы­ры­ның бірнеше апаттық учаске­леріне барды. Олардың айтуынша, шіріген құбырлардың салдарынан су халыққа жетпей, далаға ағып жатыр. Ақмола облысындағы көптеген елді мекен халқы аулаларына құдық қазып амалдауда. Тұрғындар екінші жыл қатарынан құдықты пайдаланып жатқандықтан, айналадағы көлдер тартылып жатыр. Егіндікөл ауданы әкімдігі халыққа, оның ішінде әлеуметтік нысандарға, су бағаналары жоқ екіқабатты құрылыстарға су жеткізіп беріп жатыр.