
Дәстүрлі қоғамда әйелге көкпарға қатысуға қатаң тыйым салынған. Бірақ Ева қиындықтарға мойымастан табандылық танытып, қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзды, әлеуметтік және мәдени тосқауылдарды еңсере білді. Ол «көкпар – тек ерлердің ойыны» деген мықтылармен текетіресте болды. Дегенмен Еваны қолдайтындар да табылып, оның жігеріне, арманына, адал мінезіне лайықты бағасын беріп, жігерлендіріп, тосқауылдарға төтеп беруіне көмегін аямады. Еті тірі Ева кәдімгі білек күшінен де, ептіліктен де кенде емес, ал оның ішкі тегершігінің мықтылығы, жалыны мен табандылығы көрген адамның көңілін еріксіз қанаттандырады.
Фильм көрерменді эмоциялық саяхатқа үйіріп әкетіп, кейіпкер жолында кездескен қиындықтарды, оның сәйгүлікке деген махаббатын қызықты мысалдармен баяндай жөнеледі.
«Ата-анам көкпарға қатысуға тыйым салған. Бірақ бір жерде көкпар болып жатыр десе, дегбірім қашып, делебем қозып, үйден қашып кететінмін. Көкпарға алғаш рет 15 жасымда қатыстым. Шақырусыз барған едім. Өзім де таңғалдым. Атта отырып, ерлердің көкпарда жан алып, жан бергенін көрдім. Оларға қосыла кетіп, серкені жұлып алыппын. Ерлер мені қуа жөнелді, бірақ ұстатпай кеттім. Қазір жұрттың көкпарға қызығуы артқанын көріп жүрмін. Маған ұлдар да, қыздар да хат жазып, көкпар тартуды үйретші деп өтініп жатады», дейді Ева Жигалина.
«Ева. Батыр қыз» деректі драмасы – Темірбек Аманжолдың алғашқы режиссерлік қадамы. Темірбектің өзі де тұлпармен туризмді насихаттап, атқа міну мәдениетін зерттеп жүр. «Еваның хикаясы – салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге жетелейтін шытырман саяхат. Осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жалынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды», дейді ол.
«12 жылдан бері жылқы жануарын фильмдерге түсіріп, атқа міну мәдениетін, неономадизмді зерттеп жүрмін. «Ева. Батыр қыз» фильмінде қазақылықтың формуласын паш еткім келеді. Елі бөтен, діні бөтен басқа жұрттың баласы неліктен осы ойынға құмар болып, бар өмірін сарп етуге серт берді? Көкпар мен Қамбар ата жануары несімен тартымды? Бұл фильмді осы сұраққа жауап іздейтін зерттеу десеңіз де болады», дейді Темірбек Аманжол.
Фильмнің подюсері Думан Қожахметтің айтуынша, бұл туындының халықаралық деңгейге шығуға әлеуеті мол. «Қазір бірнеше шетелдік стриминг-сервистермен прокат туралы келіссөздер жүріп жатыр», дейді ол.
Деректі фильмді «Black & White Production» компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен 2022 жылы түсірді.